Паралимпиада ойындарының алауы жағылды

Паралимпиада ойындарының алауы жағылды

Лондонда XIV жазғы Паралимпиада ойындарының алауын жағу салтанаты болып өтті. 

166 гүл жапырағынан тұратын кесені жағу құрметі 1960 жылы садақ атудан Паралимпиада ойындарының алғашқы чемпионы атанған британдық Маргарет Монға бұйырды.

Ойындардың басталғандығы туралы Ұлыбритания ханшайымы II Елизавета жариялады. Содан соң, ортаға Паралимпиада ойындарының жалауы әкелінді. Спортшылар өз кезегінде адалдық, шыншылдық және паралимпиада принциптерін сақтаймыз деп ант берді.

а

Ұлыбритания ханшайымы II Елизавета

Бәсеке 9 қыркүйекке дейін созылады. Британия астанасына әлемнің 164 елінен 4,2 мың атлет спорттың 20 түрінен бақтарын сынауға келді. Ұзын саны 503 комплект медаль өз иелерін күтіп тұр. Айта кетелік, қатысушылар саны бойынша, биылғы ойындар Паралимпиада тарихындағы ең көлемді шара болғалы отыр.

Қазақстан атынан 7 паралимпиадашы спорттың 3 түрінен бақтарын сынайтын болады. Атап айтсақ, спортшыларымызды пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, жүзу сайыстарынан көре аламыз. Бірінші болып Кабира Асқарова бүгін, яғни, 31 тамызда пауэрлифтингтің финалдық сатысында 44 кг салмаққа дейінгі категорияда өнер көрсетеді.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: AFP, lifenews.ru





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

"Уланған" көлдер