Ағылшындар ширек финалдан аса алмады

Ағылшындар ширек финалдан аса алмады

Лондон төрінде өтіп жатқан олимпиада ойындарында футболдан жартылай финалға шыққан командалар анықталды. Ширек финалда алаң иелері ағылшындар Оңтүстік Кореямен 1:1 есебімен тең ойнап, ойын соңындағы пенальти сериясында жеңіліс тапты. Даниэль Старридждің қателігі Оңтүстік Корея олимпиадалық ұлттық құрамасының жартылай финалға шығуына жол ашты. 

Мексика мен Сенегал олимпиадалық ұлттық құрамалары арасындағы ойынның негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталған болатын. Алайда "қара маржан" елінің үміттері жеңісті уысында ұстап тұра алмады. Қосымша таймда мексикалықтар екі допты қарсылас қақпасында тулатып, жартылай финалға жолдама алды.

Жапония олимпиадалық ұлттық құрама командасы Египетті ойсырата жеңіп, жартылай финалға сүрінбей жетті. Енді жапон жігіттерін Мексика құрамасы күтіп тұр.

Бразилия мен Гондурас арасындағы ойын нағыз тартысқа толы болды. Алғаш болып Гондурас жігіттері есеп ашты. 33-минутта Крисанто алаңнан қуылғаннан кейін Бразилия ойын тізгінін өз қолына алды. Гондурастың тегеуріні ойын соңына дейін текетіресті тоқтатпады. Алайда 3:2 есебімен жеңген Бразилия жартылай финалға шықты. Енді бұларды Оңтүстік Корея құрамасы күтіп тұр. Бұл кездесу 7 тамызда "Олд Траффорд" стадионында өтеді.

Ал енді футболдан әйелдер арасындағы додаға келер болсақ, ағылшындық олимпиадалық әйелдер құрамасы да ширек финалдан ары аса алмады. 6 тамыз күні әйелдер арасындағы доп додасының жартылай финал ойындары өтеді. Бұл кездесулерде Франция - Жапония, Канада - АҚШ командалары финалға берілер жолдаманы сарапқа салады.

Сурет:lrytas.lt; eurosport.ru

Дайындаған: Фараби Бақыт

Ж. FM