КСРО-дан шетелге мұхит арқылы қашқандар

Тарих сахнасында 69 жыл өмір сүрген КСРО-дан бас сауғалағандар көп. Қарапайым халық, оның ішінде ғалымдар, жазушылар, спортшылар, өнер адамдары мүмкіндік туа салысымен бұл елден кеткен.

Біреулері ашық қарсылық көрсетіп кетсе, енді біреулері түрлі сылтаумен шетелге кетіп, оралмады. Кейбірі басын қатерге тіксе де елден қашып кетті. Олардың қатарында океанограф Станислав Курилов, 20 жастағы Петр Патрушев, 19 жастағы Лилиана Гасинская бар. Бұл адамдар қатал империяның озбырлығынан құтылудың өте қауіпті жолдарын таңдап, өмірлерін қатерге тігу арқылы өз мақсаттарына жетті.

© zen.yandex.ru

Станислав Курилов

1936 жылы дүниеге келген Станислав Курилов орта мектепті бітіріп, Ленинград гидрометеорологиялық институтында мұхиттану мамандығы бойынша білім алған. Одан кейін Ленинградтағы КСРО Ғылым академиясының Мұхиттану институтында, кейін Владивостоктағы Теңіз биологиясы институтында жұмыс істейді.

Курилов КСРО-дан қашуды Ленинградта жұмыс істеп жүрген кезінде жоспарлаған. Мамандығы бойынша бірнеше рет шетелге шығуға мүмкіндік туғанымен оған рұқсат бермейді. Куриловтың үндіге тұрмысқа шыққан әпкесі де күйеуімен КСРО-ға бара алмаған. Күйеуімен бірге АҚШ-қа көшкеннен кейін оған КСРО-ға кіруге мүлдем тыйым салынады.

Курилов өзіне және әпкесіне салынған тыйымдарға байланысты коммунистік режимді жек көреді және мүмкіндігінше КСРО-дан қашуды жоспарлайды.

Қашу

Елден заңды түрде кете алмаған Курилов қашып кету мүмкіндігін күтеді. 1974 жылы ол Кеңес Одағының бортында Тынық мұхиты арқылы саяхат жасау туралы хабарландыруды көреді.

Круиз 1974 жылдың желтоқсанында басталып, Владивостоктан Экваторға, содан кейін кері қарай жалғасуы керек еді. Сапар барысында кеменің шетелдік порттарға кіруі жоспарланбағандықтан, саяхатшылар шетелге шығуға рұқсат алудың қажеті жоқ болатын.

© fb.ru

Курилов бірден тіркеледі. Ол КСРО аумағынан қалай болса да кеткісі келеді, қалғанына тәуекел етіп, бел буады. Кемеге мінгеннен кейін саяхатшыларға кеменің қай бағытта қозғалатыны туралы хабарланады. Содан кейін Курилов кеменің соңғы тоқтаған жерінен түсуді жоспарлайды.

1974 жылы 13 желтоқсанда түнде кеме экваторға жетіп, қайтып келе жатқанда Курилов мұхитқа секіреді. Ол бұл іске дайындалғандықтан  бас киім, сүңгігенде тыныс алу үшін пайдаланатын түтік және аяққа арналған тіректі өзімен бірге алған болатын. Куриловтың баратын жері жағалауға жақын еді. Бірақ навигациялық жабдықтың жоқтығынан мұхитта үш күн адасады. Осылайша ол Филиппиннің Сиаргао аралына жету үшін 100 шақырым қашықтықты жүзіп өтеді.

Курилов жағалауға жеткенде КСРО кемесінен қашуы БАҚ арқылы бүкіл әлемге тараған еді. Оның қашып кеткенін сол кезде Мәскеудегілер де білген. Филиппинде Куриловтан сұхбат барысында ол КСРО-дан қашып кеткенін, қайтып оралмайтынын айтады.

Кеңес үкіметі Филиппинге Куриловты Мәскеуге экстрадициялау үшін қысым көрсете бастайды. Бір жағынан, Батыс елдерінің көпшілігі оны КСРО-ға бермеуді талап етеді. Бірнеше ел Куриловқа саяси баспана беруге дайын екендіктерін білдіреді.

Мұндай жағдайда Филиппин үкіметі Куриловты депортациялайды, бірақ Мәскеуге экстрадицияламайды. Оны Канадаға жібереді. Осыдан кейін КСРО-да Куриловқа қарсы қылмыстық іс қозғалады. Ол мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен сырттай 10 жылға бас бостандығынан айырылады.

Батыстағы өмір

Канадада Куриловқа мұхиттарды зерттеуші компания жұмыс ұсынады. Осыдан кейін ол Канада мен АҚШ-та мұхиттарды зерттеумен ұзақ жылдар айналысады.

1986 жылы Куриловқа Израильде жұмыс ұсынылады. Ол Хайфадағы Океанография институтында жұмыс істейді. Бұл жерде КСРО-дан қашуды егжей-тегжейлі баяндайтын шағын әңгіме жазады. Шығарма израильдік журналдардың бірінде басылады. 1991 жылы "Огонёк" журналы да әңгімені басып шығарып, Куриловқа журнал сыйлығын табыс етеді.

1998 жылы 28 қаңтарда Израильдегі Тиверияда көлінің астында зерттеу жұмыстарын жүргізген Курилов оттегі жетіспеушілігінен қайтыс болды.

Петр Патрушев

1942 жылы туған Петр Патрушевтің КСРО-дан қашуы Куриловтікіне ұқсайды. Куриловтан айырмашылығы, Патрушев саяхаттамайды, Қара теңіз арқылы қашып кетеді. Ол үшін Батумиден түрік жағалауына дейінгі қашықтықты жүзіп өтеді.

Патрушев мектеп кезінен бастап жүзумен шындап айналысады. Сондықтан да оны әскери қызметке шақырғанда Новосібірдегі Армия спорт клубына жіберіледі. Бірақ қандай да бір себептермен КГБ араласып, оны қарапайым әскери бөлімге жібереді. Ол әскердегі "дедовщина" салдарынан өзіне дейін қызмет еткен жігіттердің зорлық-зомбылығына тап болады. Сол кезде психикалық күйзеліске ұшыраған Патрушев КСРО-дан мүлдем кетуге шешім қабылдайды.

Мақсатын жеңілдету үшін Грузияның Батуми қаласына көшеді. Ол Түркияға қашу үшін Қара теңіз арқылы жүзуді жоспарлайды.

1962 жылы маусымда 20 жастағы Патрушев Батумиден кемемен түрік жағалауына 35 шақырымды артқа тастап, жүзіп келеді. Оның қашып кеткені анықталғанда, КСРО Түркиядан Патрушевті қайтаруды сұрайды, бірақ Түркия оны беруден бас тартады. КСРО оның қашуын опасыздық санап, сырттай соттайды және өлім жазасына кеседі.

Біраз уақыт Түркияда тұрған Патрушев Аустралияға көшеді. Жасыл құрлықта ұзақ жылдар бойы тележүргізуші және журналист болып жұмыс істейді. Содан кейін аударма саласында қызмет етеді. Тағдырдың жазуымен ол Владимир Путиннің Аустралияға сапары кезінде премьер-министр Джон Ховардпен кездесуі арасында аудармашы болады.

Ол қашудың егжей-тегжейлері туралы "Әрбір адам жеңе алады" деп аталатын кітап жазады. Қашқаннан 28 жыл өткен соң 1990 жылы туыстарымен кездесуге КСРО-ға келеді. Әуежайда 8 сағат қамауда отырады. Бірақ бостандыққа шығады, себебі оның өлім жазасына кесілгені туралы заң бірнеше күн бұрын күшін жойған болатын.

Патрушев 2016 жылы Аустралияда қайтыс болды.

© dailymail.co.uk

Лилиана Гасинская

Лилиана Гасинскаяның қашуы да теңіз арқылы болған. Ол да Курилов сияқты алдын ала белгіленген жерге жетіп, мұхитқа секіріп, басқа мемлекеттің жағасына жүзіп жеткен.

1960 жылы Луганск облысында дүниеге келген Лилиана Гасинская жасөспірім кезінде КСРО-дан кеткісі келген. Ол шетелге саяхаттауды жеңілдету үшін Одесса туристік сервис мектебінде білім алады. Оқуды бітіргеннен кейін шетелге сапарларлайтын кемеде жұмыс істеуге рұқсат алып, олардың бірінде даяшы болып жұмысқа орналасады.

1978 жылдың аяғында ол жұмыс істеген кеме Аустралияға сапар шегеді. Бұл Лилиананың шетелге бірінші сапары еді. Дәл осы кезде ол қашуды жоспарлайды.

Кеме Батыс Аустралия провинциясындағы Фримантл қаласындағы портқа тоқтаған кезде, ол жерге түсіп, саяси босқын мәртебесін сұрап айқайлауға тырысады. Бірақ КГБ қызметкері Лилиананың кемеден түсіп келе жатқанын көріп, жағаға баруға рұқсат бермейді. Осылайша оның бірінші әрекеті сәтсіз аяқталады.

Ол екінші әрекетін кеме Сиднейге жақын жерде тұрғанда жасайды. 1979 жылы 14 қаңтарда Лилиана мінген кеме Сиднейдің қасындағы Пирмонт портынан КСРО-ға жолға шығады. Лилиана кеме кабиналарының бірінің иллюминаторынан суға секіреді. Содан кейін бір сағаттай жүзіп, Сиднейге жетеді.

19 жастағы даяшының қашып кеткенін білген Сиднейдегі КСРО консулдығының қызметкерлері оны The Daily Mirror басылымына сұхбат беріп жатқан жерінен тауып алады. Олар Лилиананы күшпен алып кетуге тырысады, бірақ тілшілер бұған жол бермейді.

Сұхбатында Лилиана өтірікке құрылған коммунистік жүйені жек көретінін және жасөспірім кезінен КСРО-дан қашуға ниетті екенін айтады.

Кеңес үкіметі бойжеткенді қайтаруды талап етеді. Ресми Канберра бұл өтінішті қабылдамай, Лилианаға босқын мәртебесін береді. Осыдан кейін ол Аустралияда тұрып, модель және актриса болады.