Шырша безендіру дәстүрі түркілерден тараған ба?

Кейбір қазақ ғалымдары Жаңа жыл мерекесін тойлау көшпелілерден тараған дәстүр екенін айтады. Мысалы, Мұрат Әджінің "Қыпшақтар" атты еңбегінің "Шыршалар мерекесі" деген тарауында осы мәселе қамтылады. Онда автор қыпшақтардың Жаңа жылды желтоқсанның соңында тойлағандығын, тіпті, үлкен деген ақсақалдың сүйікті ағашы шыршаны ерекше құрметтеп, оның бұтақтарына әртүрлі шүберектерді іліп, айнала ән шырқағандығын айтады. Бұл мәселеге қатысты көптеген пікірталас болғандықтан, нақты солай болды деп кесіп айту қиын. Сол себепті біз Жаңа жылдың дәстүрімізге енуін Кеңес дәуірімен қатар қарастырамыз.

Әрине, бұл ел аузындағы ескі аңыздар, ал нағыз нақты деректер шыршаны мереке нышаны еткен – неміс Реформациясының басшысы Мартин Лютер дегенді айтады. Жаңа Жыл қарсаңындағы аяз шықырлаған жұлдызды түндердің бірінде Мартин орман ішінде келе жатып, қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын шыршаны көреді де, отбасын қуантапақ болып, қолындағы балтасымен шауып алып кетеді. Үйіне әкелген соң қаңырап тұрған шыршаға көңілі толмай, шырақтармен, түрлі-түсті қағаздармен безендіріп қояды. Мұны көрген өзге таныстары да Мартиннің әрекетін қайталайды. Көп ұзамай бұл дәстүр күллі әлемге тарап кетеді.

Германияда кеңінен тараған аңызға қарағанда, рождестволық шыршаның қолданылу тарихы Әулие Бонифацийдің есімімен байланысты. Ол герман пұтқа табынушыларының құдайларында түк құдірет-күш жоқ екенін көрсету үшін "қасиетті Один емені" ағашын шауып тастайды. Бұған таңғалған германдарға ол құлап түскен еменнің түбіндегі шыршаны алып тойлауды ұсыныпты-мыс.

Жазба деректер ең алғашқы рождестволық шыршаның XVI ғасырдың басында немістің Страсбург қаласында орнатылғанын алға тартады. Бірнеше жүзжылдықта бұл дәстүр бүкіл Еуропаға тарап үлгерді. Ал XIX ғасырдың басында мұхит асып, Америка құрлығына да жетті.

Ресейге де бұл дәстүр еуропалықтар арқылы жеткен. Олар жаңа жылды шыршамен қарсы алуды өз дәстүріне 1700 жылы енгізген. 1699 жылдың соңына қарай Ұлы Петр патша Жаңа жылға қатысты бұйрық шығарады. Бұйрық бойынша, Жаңа жыл мерекесінде әрбір орыс отбасында безендірілген шырша немесе қарағай бұтақтары тұруы және бұл мереке жоғары деңгейде тойлануы қажет болған. Осы кезден бастап, Жаңа жылды тойлау орыс халқының дәстүріне де дендеп ене бастайды.

Шыршаны безендіру дәстүрі Түркілерден тараған ба?

Қазір кейбір деректер Жаңа жыл қарсаңындағы шыршаны безендірудің христиандыққа байланысы жоқ деп есептейді.

Олардың дәлелі бойынша Христиан діні пайда болған Палестинада немесе Египетте шырша өспейді. Жерорта теңізінің айналасында өмір сүрген алғашқы христиандар шырша көрмеген. Олардың пайымдауынша, шыршаны безендіру, қасиетті ағаш санау түркілерден енген дәстүр.

Көне түркілерде шырша үшбұрышты, әрқашан жасампаз Көк Тәңірі кеңістігі – аспанға бағытталған киелі ағаш болып саналған. Үш мың жыл бұрын Сібір мен Алтай айналасында түркілер шырша арқылы мерекені тойлап, оны үйге әкеліп, түрлі маталармен безендіріп, айналасына от жағып, би билеген, ән айтқан. Қасиетті ағаштарға ақ жіп байлау дәстүрі әлі де бар.

Түріктердің де өз Аяз атасы болған. Оның ақ сақалы ұзын болған екен.

Муаззез Ильмие Чиг

Түрік жазушысы, көне Месопотамияны мекендеген шумер өркениетінің әлемге әйгілі зерттеушісі Муаззез Ильмие Чиг түркілер шырша безендіруді Еуропаға таратқан деп санайды.

"Рождество немесе Жаңа жыл шыршасын безендіру дәстүрі Еуропаға Шығыстан – қазіргі түрікілердің ата-бабаларынан келген. Түркі тайпалары бұл ағашты "өмір ағашы" санаған. 22 желтоқсан күні шыршаны кесіп әкеліп, ең ұзақ түннің күнге ауысуын тойлаған", - дейді ол.

Орыстар "Ёлка" деп атайтын ағаш – бастапқыда "ель" ағашына байланысты шыққан делінеді. Бірақ шырша безендіру түркілерден тарайды деп есептейтін ғалымдар  (кедр, сосна) оның бұл мерекеге қатысы жоқ деп санайды. Бұл термин түркілерше "ел" (халық) және көкке апаратын "жол" дегенді білдіреді екен.

Желтоқсанның 22-сі күні көне түркілер ең ұзақ түннің күнге қарай ауысуын атап өтіп, алып шыршаны айнала билеген ("айналайын" сөзінің шығу төркіні осы әдетте жатыр) орыстың шыршаны айналып айтатын жырына түріктің осы бір төл әдет-ғұрпы енген екен.

Ежелгі наным-сенімдерде бұл күн сонымен бірге Адам ата мен Хауа ананың өмірге келген уағы саналған. Сондықтан ескілікте осы күні үйлеріне жасыл желекті ағаштарды қырқып әкеліп, оларды қызыл түсті алмалармен безендіріп қоятын болған. Айтқандай, жұрт XV ғасырдан бастап қылқан жапырақты ағаштарды шыны шарлармен және басқа да ойыншықтармен безендіру үрдісі өмірге енген.