Бәссаудада динозавр қаңқасы 6,65 миллион еуроға сатылды

Белгісіз америкалық коллекционер аукционда 6,65 миллион еуроға "Үлкен Джон" деп аталатын тритсератопс динозаврының тасқа айналған сүйектерін сатып алды. Бәссауда Париждегі Drouot аукцион үйінде өтті. Бұл туралы BBC хабарлады.

Динозавр қаңқасы бастапқы бағадан 4 есе қымбат сатылды. Алайда, бұл динозавр қаңқасы үшін төленетін рекордтық сома емес: бір ай бұрын Нью -Йоркте тираннозавр қаңқасы 31,8 миллион долларға сатылған болатын.

Қаңқасы сатылған тритсератопс қазіргі АҚШ-тағы Оңтүстік Дакота штатында 66 миллион жыл бұрын өмір сүрген. Палеонтологтар алдымен динозавр сүйектерінің бір бөлігін анықтады. Содан кейін бір жыл ішінде қаңқаның 60 пайызы, оның ішінде 2,6 футтық бас сүйегі табылды. "Үлкен Джон" қаңқасының ұзындығы 8 метр. Бұл ғылымға белгілі ірі тритсератопс. Оның мүйізінің ұзындығы 1,1 метр, ені 30 см.

Қаңқа 200-ден астам сүйектен тұрады, жалпы салмағы 700 кг -нан асады. Тритсератопс қаңқасын қалпына келтірген мамандар динозаврдың өмір сүруі оңай болмағанын айтады. Атап айтқанда, мойын жарақаты осыны көрсетеді. Ол бұл жарақатты басқа триксератоптардан қорғану кезінде алған болуы мүмкін.