Ағылшын бойжеткені жұмысқа қарсы аллергиядан қалай айықты?

Ағылшын бойжеткені жұмысқа қарсы аллергиядан қалай айықты?
Фото: dailymail

Лондон тұрғынына ресми түрде жұмысқа қарсы аллергия диагнозы қойылды.

Кейтлин Тейлор есімді бойжеткен Лондонға көшіп келіп, қаржылық қызметтермен айналысуға бел буады. Осы мақсатта банктегі мансабын бастайды. Күрделі жұмыс кестесіне қарамастан, ол өзін көрсетуге тырысты. Бұл үшін уақытын да, күш-жігерін де аямады. Алайда екі айдан кейін тез шаршай бастағанын байқайды. Ал бас ауруы бұрынғыдан да жиі мазалайды. Сонымен қатар Кейтлиннің денесіне қызыл бөртпелер шығады.

“Мен бүкіл денемнің қызарғанын байқадым. Денем қызарып қана қоймай, ашитын болды.  Содан кейін бетім істі. Таңертең сағат 7-ден кешкі 22:00-23:00-ге дейін жұмыс істедім. Бір жыл бойы аурумен арпалыстым және бір аптаға бір ғана демалыс алдым”, – дейді ол.


Дәрігерлер көптеген анализдер жасап, бірақ аурудың себебін анықтай алмаған. Үш аптаға созылған ентігу салдарынан ауруханаға түскеннен кейін, Кейтлин емделуге байсалды шешім қабылдап, жеке клиникаға барады. Дәрігерлер пациенттің өмір салтын зерттеп, оған "стресстің аллергиялық реакциясы" диагнозын қояды. Кейтлинге екі жол ұсынылды: ұзақ демалыс алу және жұмыс кестесін қайта қарау немесе өмірінің соңына дейін дәрі-дәрмек қабылдап өту. Ол бірінші жолды таңдайды.

Кейтлин ірі инвестициялық банктегі 18 сағаттық жұмыс күнінен және оған жылына 55000 фунт стерлинг (шамамен 33 миллион теңге) алып келетін корпоративті өмір салтынан бас тартуға шешім қабылдайды.

Ол бүкіл жинаған ақшасын әлем бойынша саяхатқа жұмсайды. Кейтлин Испаниядағы курортқа барады, Балидегі йога демалысына қосылады, Жаңа Зеландияда тұрады және Швецияны зерттейді.

Алты айдың ішінде өмір салтын өзгертіп, ауруынан құлан таза айығады. Үйіне қайтқанда қалтасында бірнеше фунт-стерлинг пен қарызы қалады, бірақ ол шынымен бақытты еді.

“Мен университетке түсіп, өзіме ұнайтын жұмысты таптым. Ақыр аяғында өз болашағыма қаржы құйдым. Ақша ондай адалдыққа тұрарлық нәрсе емес екен”, – дейді ол.

Қазіргі уақытта Кейтлин консалтингтік фирманың кеңесші менеджері болып жұмыс істейді және өзінің салауатты өмір салтын құру кәсібімен айналысады.

Т. Раушанұлы