Андрей Ақтауов Азия ойындарының чемпионы атанды

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан XVII Жазғы Азия ойындарының он төртінші күнінде каратэден қазақстандық Андрей Ақтауов алтын медальға қол жеткізді.

55 келі салмақта сынға түскен Андрей финалда Сауд Арабия өкілі Абдулла Имубарак әл Харбиді жеңді.

Андрей Ақтауов алғашқы кездесуінде Шығыс Тимор спортшысы Теодоро Сатурмино Колиді 8:0 есебімен жеңсе, ширек финалда Брунея спортшысы Фида Саниф Мухамадты 6:2 есебімен қапы қалдырды. Жерлесіміз жартылай финалда қытайлық Жингчао Сананы 7:0 есебімен ұтып, финалға жолдама алған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, Инчхондағы Азия ойындары 4 қазан күні мәресіне жетеді. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде 21 алтын 19 күміс 32 қола медаль бар. Жалпыкомандалық есепте төртінші орында келеді. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz