Білім саласындағы өзекті мәселелер туралы жаңа жоба

Білім саласындағы өзекті мәселелер туралы жаңа жоба
Фото: khabar.kz

Білім – болашаққа салынған капитал. Қазақстандық білім беру жүйесінде күн сайын жаңалықтар болып жатыр. Жаңартулармен толығып отыр. Басты мақсат – дамыған мемлекеттердің білім жүйесімен тереземізді тең ету. Дегенмен, көп бастама бұқараға жете бермейді. Кейбірі бірден ұғынықсыз. Осы орайда, телевизиялық жаңа маусымнан бастап, «Хабар 24» телеарнасы «Білім» бағдарламасы көрерменге жол тартты.

Бұл тұрғыда «Хабар 24» телеарнасы директорының орынбасары Ольга Горелик:«Мектеп, жоғарғы оқу қабырғаларында болып жатқан бастамалар мен жаңалықтар туралы жан-жақты баяндаймыз. Тілшілер бағдарламаға арқау болатын тақырып таңдап, жаңа жүйеге қатысты екі жақтың да пікірлерін көрсетеді. Деректерді қарсы қою арқылы көрерменге дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік береміз» дейді.

Қазақ даласында алғашқы мектептер ХІХ ғасырдың соңында ашылды. Біз ұзақ жылдар бойы кеңестік білім беру жүйесімен келе жатырмыз. Тәуелсіздігімізді алған соң оқу бағдарламасы өзгерді, алайда толықтай жаңару жұмыстарына енді ғана кірістік. Бағдарлама барысында білім саласындағы ғылыми жаңалықтар мен жетістіктер, білім берудегі өзекті мәселелер мен білім алушылардың бүгінгі жағдайы сөз болады.

«Қыркүйек айынан бері эфирге оннан аса хабар шыққан. Осы уақыт аралығында журналистер жекеменшік мектеп пен мемлекеттік мектептерде оқитын балалардың білім деңгейін салыстырды, сонымен қатар алфавит және латын әліпбиі, үш аусымды мектептердің жағдайы қандай, күн сайын балаларымыз не жеп жүр деген сауалдарға жауап іздеді. Баланы мектепке неше жастан берген дұрыс, дуалды білім беру дегеніміз не, грантқа оқуға түсе алмаған жағдайда оқу несиесін қалай алуға болады деген тақырыптарға тоқталды» – деп ойын жалғады «Хабар 24» телеарнасы директорының орынбасары Ольга Горелик.

Яғни, бағдарламаны көрген ата-аналар балаларының біліміне қатысты сауалдарына толыққанды жауап алады. Аптасына бір рет қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін жобаны «Хабар 24» телеарнасынан немесе мына сілтеме арқылы толықтай тамашалауға болады.

Г. Берік