«Ана жүрегі» картинасының жабық көрсетілімі өтті

«Ана жүрегі» картинасының жабық көрсетілімі өтті
Фото: Хабар агенттігі

14 қарашадан бастап «Хабар» телеарнасында «Ана жүрегі» телехикаясы көрерменге жол тартады. 12 сериядан тұратын әлеуметтік драманың тұсаукесері мен жабық көрсетілімі өтті. Шараға түсірілім тобы мен қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен өнер жұлдыздары қатысты.

«Хабар» Агенттігінің тапсырысымен түсірілген туынды шынайы оқиғаға негізделген. Фильм желісі бойынша басты кейіпкердің жұмысы мен жалғыз ұлы ғана бар. Өзінің баласын мінсіз санайтын ана оған ешбір аруды тең көрмейді. Мінезінің тік болуына жұмысы, құндақтағы сәбиімен жалғыз қалуы, қиындыққа толы тағыдыры әсер етеді.

«Ана мен баланың қарым-қатынасы, отбасындағы түрлі қиындықтар, денсаулыққа байланысты мәселелер осы сериалға арқау болды. Біз көбенесе ойдан алынған, сценаристердің қиялынан шыққан тақырыптарды арқау етіп жатамыз немесе шетелдік кинолардағы бүгін болып жатқан түрлі оқиғаларды көріп, таңғалатын жағдайымыз бар. Ал бұл сериалда қазақстандық азамат кәсіппен айналысады, түрлі отбасылық, өмірлік қиындықтарға тап болады. Үлкен қиындықтармен бетпе-бет кездеседі. Өмір бойы сотта судья болып жұмыс істеген анасы сол қиындықтарды бірге жеңуге тырысады. Осындай дүниелер аталмыш сериалға арқау болды. Мұндағы біздің мақсатымыз – отбасы құндылықтарын насихаттау» - деді «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқармасы төрайымының орынбасары Ринат Кертаев.

Басты рөлдерді Лейло Бекназар-Ханинга, Шәріп Серік, Жанел Мақажан, Олжас Тоғымбет, Айзада Сатыбалдиева, Зируза Тасмағамбетова, Нұрсұлтан Есжан және басқалар сомайды. Картина режиссері – Санжар Омаров, продюсері – Гүлнұр Мамасарипова.

Естеріңізге сала кетейік, телехикаяны 14 қарашадан бастап «Хабар» телеарнасының эфирінен сейсенбі мен жұма аралығында сағат 21.30-да тамашалай аласыздар. 

А. Оралқызы