- Негізгі бет
- Хабар агенттігі
- «Мезгілсіз махаббат» телехикаясының...
«Мезгілсіз махаббат» телехикаясының тұсаукесері
7 қарашадан бастап «Хабар» телеарнасы «Мезгілсіз махаббат» комедиялық телехикаясын көрсетеді. Түсірілім жұмыстары жаз айларында Алматы облысы мен еліміздің Бас қаласында өткен еді.
Махаббат жасқа қарамайды. Картина желісі егде жастағы адамдардың сезімдері төңірегінде өрбиді. Алматының шалғай ауылынан Астанаға барған ақсақал, Елорданың көрікті кемпіріне ғашық болады.
«Біз жастардың махаббатын баяндайтын талай фильмдер көрдік, ал мынау зейнет жасындағы адамның бастан өткерген оқиғалары туралы комедия. Менің кейіпкерім Демесін Ғалия есімді келіншекпен тансып, әңгімелері мен көзқарастары ортақ екі адам бір-бірін ұнатып қалатын жағдайы бар. Қызықтың бәрі осыдан кейін басталады. Телехикаяның бүкіл сюжетін айтуға болмас, дегенмен бұл қазаққы қалжыңға, әдемі юморға құрылған ерекше дүние боларына сенемін» - дейді басты рөлді сомдайтын актер Айдос Бектемір.
Фильмнің мақсаты ұлттық құндылықтарды насихаттау, адами қатынастар, ата-ана мен балалар, қала мен ауыл адамдарының арасындағы байланысты көрсету. Туынды 14 бөлімнен, әр бөлімі 26 минуттан тұрады.
Түсірілім тобы:
Бас продюсер – Толқын Сейдоллақызы
Қоюшы режиссер – Әнуар Матжанов
Сценаристері – Жәмит Көшербаев, Асқар Дүйсенбі
Қоюшы операторы – Жанарбек Елеубек
Атқарушы продюсері – Меруерт Құрмашева
Кастинг-директоры – Назира Зару
Актерлер құрамы: Айдос Бектемір, Гүлнар Сейтімбет, Жалғас Толғанбай, Дариға Бадықова, Елдар Отарбаев, Айым Сейітмет.
Алғашқы бөлімі 7 қараша күні сағат 19.30- да «Хабар» арнасының эфирінен көрсетіледі.
«Хабар» Агенттігі «Мезгілсіз махаббат» картинасының тұсаукесерін өткізеді. Шара 6 қараша күні сағат 19.00-де «Kinopark» (6 зал, Әл-Фараби даңғылы, Essentai mall СО) кинотеатрында ұйымдастырылады.
Г. Берік