Өнеркәсіп: Қазақстанда жасалған

Өнеркәсіп: Қазақстанда жасалған
Фото: khabar.kz

Жаңа маусымнан бастап «Хабар 24» телеарнасында елімізде жұмыс істейтін ірі отандық және шет елдік компаниялардың экономикалық жағдайы, сондай-ақ халықаралық нарыққа шығып, өзге мемлекеттерде өз филиалдарын ашқан кәсіпорындар туралы «Өнеркәсіп» бағдарламасы көрерменге жол тарты.

Жобаның әр бөлімінде өнеркәсіп саласында болып жатқан маңызды өзгерістер мен басты жаңалықтар, сонымен қатар жас кәсіпкерлерді қызықтырған сауалдардың барлығына жауап беріледі. Журналистер еліміздің барлық аймақтарына барып, зауыт-фабрикалардың тыныс-тіршілігімен танысады. Біз бүгінгі фоторепортажымызда «Өнеркәсіп» хабарының тілшілерімен бірге, сол компаниялардың жұмысымен, шығаратын өнімімен танысамыз.    

2017 жылдың тамыз айы. Түсірілім тобы Алматы қаласындағы мақта-мата комбинатында. Осы сапардан соң тілшілер мынадай қызықты ақпарат берді: «13 мың адам жұмыс істейтін 1000-ға жуық кәсіпорын елді бар болғаны 10 пайыз өз өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр».

Бұл суреттер Теміртау қаласындағы зауыттардың бірінде жасалған. Бағдарлама барысында 2015 жылы құлдыраған металл нарығының осы жылы қайта жанданатыны туралы сарапшылар болжам жасаған еді. 

Алматы қаласындағы сүт өндіретін компаниялардың бірі. Екі мыңыншы жылдары француздық маркалардың бірі Қазақстан нарығына енді. Алматы обылысының шұрайлы табиғаты мен қолайлы географиялық жағдайы бұл өңірге зауыт салудың қаншалықты пайдалы екендігін көрсетті. 

Қазақстанда бас киімнің сан алуан түрі шығатынын білесіз бе? Кепка, бейсболка, панама, жалпы бұл фабрика күніне мыңнан аса бас киім шығарады.

Қостанай қаласы. Автокөлік шығаратын компаниялардың жұмыс алаңы. Тілшілер «Қазақстандағы машина жасау өнеркәсібін не үшін және қалай біріктіреді?» деген сауалға жауап іздеді.

Түсірілім «Астана» Арнайы экономикалық аймағында жүргізілді. «Қазақстанда қандай шет елдік компаниялар өндірістік алаңын құруда? Оларды біздің мемлекетіміз несімен қызықтырады және олар біздің нарығымыздағы қандай өндірушілерді ығыстырады?» деген мәселелер бойынша хабар жасалды. 

Әзірге осы. Шығармашылық ұжым алдағы уақытта да обылыстарды аралап, Қазақстандық өнеркәсіптің бүгінгі жағдайынан хабардар етіп отырады. Бағдарламаның толық нұсқасын «Хабар24» арнасынан және мына сілтеме арқылы көре аласыздар. 

М. Ақан