«Хабар 24» арнасына - 5 жыл!

«Хабар 24» арнасына - 5 жыл!
Фото: Хабар агенттігі

Еліміздің Басты ақпараттық арнасы 5 жылдық мерейтойын тойлап жатыр. 1 қыркүйектен бастап арна ұжымы Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ алыс-жақын шет мемлекеттерден құттықтаулар қабылдауда. Ал, бүгін шығармашылық ұжымды «Хабар» Агенттігі Басқармасының Төрайымы Алмагүл Ахметжанова құттықтады.   

 - «Хабар 24» арнасының 5 жылдығы құтты болсын! Осы уақыт аралығында біздің арна ақпарат кеңістігінде маңызды орынға ие болды. Телеарна биік жетістіктерге, табыстарға жетіп, жас мамандар үшін кәсіби, өмірлік мектеп қызметін атқаруда. 5 жыл бұрынғы жас тілшілеріміз  қанаттары қатайып, дүйім жұртқа таныс, ел азаматына айналды. Барлықтарыңызды тағыда құттықтаймын! Бірінші кезекте шығармашылық табыс тілеймін!»- деді «Хабар» Агенттігі Басқармасының Төрайымы Алмагүл Ахметжанова. 

«Хабар 24» арнасы 2012 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «24 KZ» болып эфирге шықты. Басты ерекшелігі аймақтық және халықаралық тілшілер қосынының көптігі. Сонымен қатар бағдарламалары 100% отандық өндірушілердің жобасы болып табылады. Олардың арасында ақпараттық-танымдық және сараптамалары бар. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бастап тәулік бойғы «24 KZ» арнасы «Хабар 24» деген жаңа атаумен шықты. Арна эфирінде сапалы сараптамалық бағдарламалардың қатары ұлғайып, репортаж жанрындағы бағдарламалардың үлесі артты, сондай-ақ аймақтардың тыныс-тіршілігі туралы жобалар көбейеді.

«Хабар» агенттігі «Хабар 24» арнасымен бірге "Euronews Network"-тің серіктесі болып табылады. Бұл жаңалықтар контентімен алмасуға және еуропалық әріптестермен шеберлік сыныбын өтуге мүмкіндік береді.

«Хабар 24» арнасының Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Орал, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Семей, Талдықорған, Тараз,  Шымкент қалаларында аймақтық тілшілері бар. Сондай-ақ, АҚШ, Италия, Бельгия, Германия, Түркия, Ресей, Қытай және Оңтүстік Корея елдерінде арнайы тілшілері бар телеарна.

О. Сансызбай