Мексика 1 — 0 Камерун

Мексика 1 — 0 Камерун

Бүгін кеште Мексика мен Камерун құрамалары А тобындағы бірінші кездесулерін өткізді. Кездесудегі бас қазының Дос Сантостың екі бірдей добын санамай тастағанын айта кеткіміз келеді...

Шындығына келу керек, матчтағы бас төреші Вильмар Рольдан екі бірдей таза соғылған допты санамай тастады. Және сол сәтке көз жүгірткен жанкүйерлер болса, мексикандықтардың орынды таласын түсінер еді. Колумбиялық арбитр сол арқылы турнирдегі үздік сұрмергендердің қатарын азайтып қана қоймай, тоқсан минут бойы тынбай тер төккен мексикандықтардың еңбегін еш кетіре жаздады. Эрераның шәкірттерінің бақтары бар екен, 61-минутта көптен күткен гол да соғылды. Бұл жолы қол көтере қуануға ешкімнің бірден бет бұрмағаны белгілі, себебі, бас қазының бұл жолы да голды санамай тастамауына кім тосқауыл болар еді?! Бұл жолы, баққа орай, доп қақпашыдан кері қайтып, ойыннан тыс қалды деуге еш себеп табылмас еді. 

Мүмкін, бір жағынан камерундықтардың осал екенін көрген төреші шау тартқан Это' О-ға көмек қылғысы келген шығар. Не дегенмен, ойын барысында камерундықтар ойын ережесін ойларына келген орайда бұзып тұрды. Одан қалса, мұны ашық жасағаны соншалықты, тіпті, мексикандық ойынщылардың тұзы ауыр боп көрінді. Бақытқа орай, Мексика құрамасының белді ойыншылары ауыр жарақаттың ауылынан ары қонып, өз кезегінде, Хорватияның жағдайын қиындата түсті. 

Бірінші таймда есеп ашылмады. Ойынның бастапқы минуттарында мексикандықтар басымдылыққа ие болып, ширақ қимылдаған тұстар көп болды. Африкалықтардың да бұл тұста өткір қимылдағанын атап өткен жөн. 

Мексикалықтар қорғаныста сауатты қимылдап, сол тұста шабуылдарын үдете түсті. Ойынның 61-минутында Перальта қақпашы қайтарған допқа бірінші жетіп, ойындағы есепті ашты. 

Ойынның қосымша минуттарында камерундықтар есеп теңестіруге тамаша мүмкіндік алған еді. Бенджамин Муданджоның қақпаға баспен бағыттаған соққысын Мексиканың қақпашысы Очоа тосып алды. 

ӘЧ-2014, А тобы, бірінші тур

Мексика - Камерун - 1:0

Перальта О, 61-минут

Мексика: Очоа, Родригес, Маркес, Эррера, Лаюн, Дос Сантос, Морено, Гуардадо, Перальта, Агилар, Васкес.

Камерун: Итандж, Ассу-Экотто, Н’Кулу, Джегуэ, Сонг, Муканджо, Это’О, Шупо-Мотинг, Шеджу, Мбиа, Эно.

Автор: Әкежан Дәкен

Сурет: stavim-vmeste.com

О. Сансызбай