Криштиану Роналду әлем чемпионатына қатыспауы мүмкін

Криштиану Роналду әлем чемпионатына қатыспауы мүмкін

Португалия құрама командасының көшбасшысы, өткен жылдың әлем бойынша ең үздік футболшысы Криштиану Роналду футболдан Бразилия жерінде өтетін әлем чемпионатына қатыспауы әбден мүмкін. Бұл жөнінде Португалия футбол Федерациясының өкілдері хабарлады.

Олардың сөзіне сенсек, Роналду оң жамбасын баса алмай жүрген көрінеді. Соның кесірінен шабуылшы 31 мамырда Грекиямен болған жолдастық кездесуге (0:0) шыға алмаған.

Әзірге футболшының отандық командасы құрамында 6 және 10 маусым күндері өтетін Мексика мен Ирландия құрамаларына қарсы жолдастық кездесуге шығу-шықпау мәселесі де шешілген жоқ. Осы себептерге байланысты Роналдудың мундиальға қатыспай қалуы да мүмкін болып отыр. Мадридтік «Реал» клубының басшылығы да өз ойыншысының қазіргі жағдайының одан әрі асқынып кетуі мүмкін екендігін алға тартып, алаңдаушылық білдіруде.

Әлемдік додада Португалия құрама командасы G тобында Германия, Гана және АҚШ елдерімен плей-оффтық жолдаманы сарапқа салады. Бұл квартеттен шыққан қос команда 1/8 финалда H тобының екі мықтысымен күш сынасады.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: sport.news.am

Б. Қосмағамбет