Ертең – ҰБТ. Мен не істеймін?

Ертең – ҰБТ. Мен не істеймін?

Қымбатты, бітіруші түлек! Қазір сізден "қалыңыз қалай?" деп сұрауым тым әбес көрінер. Себебі, сізді өте-өте жақсы түсініп отырмын. Жауабыңызды тілсіз-ақ сеземін. Айтқаным сенімсіздеу көрінетін болар, бірақ мен сіз "аттанғалы отырған майданға" барып көргенмін. Иә, барғанмын, аман-есен қайтқанмын. Мен осыған дейін сіз үшін ашылған ҰБТ бұрышында өзім білетін көптеген әдістерді ұсындым. Шын тілекшіңіз болдым. Және әрбірінде ҰБТ-ның алынбайтын асу емес екендігін қайталаумен болдым. Бүгін тағы да соны айтпақпын...

Бір ғасырдай болған бір жыл ішінде сізді ата-анаңыз, мұғалімдеріңіз, туған-туыстарыңыз, өз ақылыңыз, жүрегіңіз қыспаққа алумен келді. Күндіз де, түнде де ойлайтыныңыз – осы ҰБТ. Бұл қобалжу сынаққа күн, сағат, минут жақындаған сайын үдеп бара жатыр емес пе? Осыған дейін он, жүз рет ойша ҰБТ тапсырып тастадыңыз. Бірде сұрақтардың оңай болатыны, екіншіде, жауап бере алмай қалатындығыңыз көз алдыңыздан өтеді. Әлі баласыз ғой, кейде аз балл жинасам ел не дейді деп ойлайсыз, кейде сыныптастарыңыздың жоғары балын қызғанасыз, олардан озғыңыз келеді. Грантты ұтып алып, мына ауылдан, мына қаладан басқа жаққа кетсем дейсіз. Тағы да... Тағы да ата-анаңызды ойлайсыз.

Бір нәрсені түсініңізші. ҰБТ – тек сізге арналған сынақ. Жинайтын балыңыз тек сіздікі ғана. Он бір жыл бойы өзіңіз оқыдыңыз, бір жыл бойы өзіңіз дайындалдыңыз. Ендеше, сіздің көрсеткішіңізге басқа біреудің ортақтасуы, қол сұғуы мүмкін емес нәрсе. ҰБТ-дағы балым өзім үшін деңіз де, айналадағы басқа адамдарды ұмытыңыз. Сіз оларға есеп беруге, олардың көңіліне қарауға міндетті емессіз. Адам өмірде тек өзі үшін күресіп, өзі үшін өмір сүреді. 

Енді сынақ туралы айтайын. Жүрегіңізді тыңдаңызшы, не дейді? "Аз балл жинасам не болады?" деп сұрай ма? Оған айтыңыз: "Ештеңе де өзгермейді, өмір дәл қазіргідей жалғаса бермек". ҰБТ деген мына алақұйын заманда, қамшының сабындай қысқа ғұмырда түк емес нәрсе. ҰБТ – жай ғана бір баспалдақ. Өтсеңіз, жақсы, өтпесеңіз, ешкім сізді өмірден сызып тастамайды. Жыл сайын Қазақстанда 100 мыңнан астам оқушы мектеп бітіреді, мәселен, биыл оның 92 077-сі ҰБТ тапсыруға өтініш берді, оның ішінде тек 50-60 мыңы ғана грантты жеңіп алады. Сіздіңше, қалған оқушылардың бәрі өле ме? Олардың өмірі тоқтап қала ма? Жоқ. Олар дәл қазіргідей екі аяқ, екі қолмен өмір сүре береді және грантқа түскендерден мың есе бақытты бола алады. Сенбей отырсыз ғой, онда былай етейік. Өзіңізден жоғары сыныпта оқыған, бірнеше жыл бұрын ҰБТ тапсырған бір оқушыны мысалға алыңызшы. Кейіпкерді таптыңыз ба, мен де өз сыныптасымды елестетіп отырмын. Ол ҰБТ-дан өте аз балл жинады. Шыны керек, мен грантқа түскенде оны қатты аяған едім. Бірақ, қазір оның өміріне қызығамын. Бай болды, асып-тасып кетті демеймін, біреуден кейін, біреуден ілгері, ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Кейде менен он есе бақытты секілді болып көрінеді. Екінші бір сыныптасым ақылы бөлімге түсіп, 1-2 жылдан гейін грантқа ауысып алды, үшінші бір сыныптасым екінші жылы кешенді тестілеуге қатысты да, алдыңғы қатарлы ЖОО-ның біріне түсті. Басқасы колледжге түскен, менен бұрын бітіріп, өте жақсы қызмет етуде. Тағы басқалары ендігісі отбасылы, отырыстарға балаларын әкеліп бәрімізді қызықтырады. Бұл – тағдыр. Сіз ел секілді 100-120 балл жинай алмасаңыз, кінәлі емессіз. Қайырлысы солай болып тұр. Ол жай ғана балл, сан ғой. Аяғыңыз немесе қолыңыз жоқ болса, көзіңіз көрмесе, құлағыңыз естімесе не істер едіңіз? Ата-анаңыз, бауырларыңыз жоқ болса ше? Қажетті балыңызды жинай алмасаңыз да, сіз миллиондаған адамдардан әлдеқайда бақыттысыз. Осыны ұмытпаңызшы...

Мен жай ғана адаммын. Сондықтан, ертеңгі сынақтың қалай болатындығын айтып бере алмаймын. Қалай болса да, басыңызды тік көтеріп жүріңіз. Арманыңыздағы балды Құдай сыйлап жатса, шүкіршілік етіңіз, бұйырмаса, оған да шүкірлік айтыңыз да, ешкімді, тіпті өзіңізді де кінәлаушы болмаңыз. Өмір ҰБТ-мен бітпейді, керісінше енді басталады...

Ізгі ниетпен: Айгерім Сматуллаева