- Негізгі бет
- ҰБТ 2014
- ҰБТ. Йель университетіне...
ҰБТ. Йель университетіне шолу
Йель университеті – (ағылш.Yale University) АҚШ-тың жеке меншік ғылыми орталығы болып саналады. Америкадағы Гарвард, Принстон және Йель университеті болып «Үлкен үштікті» құрайды.
Йель университеті Нью-Хейвенде, Коннектикут штатында орналасқан. Нью-Хейвен – 125 мың халқы бар, Нью-Йорк қаласынан 120 шақырым солтүстік-шығыста жатқан қала.
Университет 1701 жылы Коннектикут колониясында қаланған. Университет 12 бөлімнен тұрады: Йель колледжі, төрт жылдық бакалавр, әр түрлі мамандықтар бойынша аспирантура, жаратылыстану мен гуманитарлық ғылымдар, 10 кәсіби факультет: заң, медицина, бизнес, қоршаған ортаны қорғау, теология, архитектура, музыка, сурет өнері, актерлық шеберлік.
Йель колледждері білім беру бағдарламасының тереңдігімен ерекшеленеді. Жыл сайын университет 65 кафедра бойынша 2000-ге жуық дайындық курстарын ұйымдастырады. Ол курстарда профессор ғалымдар дәрістер оқып, сабақ өткізеді.
2013 жылғы QS World University Rankings дүниежүзілік ұйымының сараптамасы бойынша әлемнің ең үздік университеттерінің ішінде 8-ші орынды алды. Йельде дүниежүзіндегі 110 мемлекеттен 11 мың студент білім алып жатыр. Білім ордасында 2000 аса жоғары мамандандырылған профессор мұғалімдер сабақ жүргізеді.
Кампус
Университеттің басты бөлігі 69 гектар жерді алып жатыр. Ал 243 гектарында спорт алаңдары мен ормандық алқаптар созылып жатыр. 1930 жылдан бері университет кампустарының ғимараттарына аса көп көңіл бөлініп келе жатыр. Ғылыми лабораториялар жаңартылып, спорттық алаңдар мен студенттік жатақханалар салынды.
Кітапхана
Бұл университеттің кітапханасының 13 миллион кітап қоры бар. Көп ғасырлардан бері сақталып келе жатқан ескі жинақтар, архивтер, музыкалық жазулар, карталар мен экспонаттар көптеп кездеседі. Кітапханалар арасында үлкендігі жөнінен АҚШ-та 3-ші, ал дүниежүзінде университет кітапханалары арасында 2-ші орын алады.
Галерея мен мұражай
Бұл білім ордасының мәдениеті мен ғылыми жетістіктерін галереясыз елестету мүмкін емес. Йельдік суреттер галереясы 1832 жылдан бастап Американың қомақты әлеуметтік мұражайы саналады. Топтамаларда көне заманғы Ренессанса мен Шығыс шеберлерінің дүниелері сақталып тұр. Университет экспедициясынан табылған археологиялық ескерткіштер мұражай сөрелерінен орын алуда. Галереяда атақты Пабло Пикассоның суреттері де бар.
АҚШ-тың 5 президенті және түрлі Нобель сыйлықтарының иелері, сонымен қоса, «Оскар», «Алтын Глобус» марапаттарын алған қайраткерлер осы университтетің түлектері болған.
Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы
сурет: www.glassdoor.com,didyouknowblog.com
Н. Нұрмаханұлы