ҰБТ кезінде біреуге көмектескен дұрыс па?

ҰБТ кезінде біреуге көмектескен дұрыс па?

2012 жылы әдетте тапсыратын тестілерге жаңа сұрақтар енгізілгендіктен, дайындалу тәсілдері де өзгерді. Қуанышымызға орай, оқушылар дұрыс шешім қабылдап, дайындықты қыркүйек айынан бастайтын болды. Тіпті, 10 сыныптан бастап дайындалатын жандар да бар. Мен бұл жерде алтын белгі иегерлері немесе оқу үлгерімі жақсы оқушылар туралы айтып отырғаным жоқ. Бірақ дайындықта ең бастысы көп уақыт емес, сапа екендігін де ескеруіміз керек сияқты. Алайда барлығы да үлкен өмірге қадам басайын деп тұрғанын, алдарында жаңа белес күтіп тұрғанын жақсы түсінеді. Жақсы ұпай алу үшін дайындық жылдың басында қандай қарқынға ие болса, дәл солай жалғаса түсуі тиіс.

Енді тестілеу кезіндегі қиындықтарды талдайық. ҰБТ-ның жалпы ережелерін ұстаздарымыз қайта-қайта түсіндіріп жүргендіктен, оған тоқталмауды жөн көрдім. Ең бастысы сабыр сақтап, жоғары ұпай алу деп ойлайсыз ба? «Иә» деп жауап берсеңіз, қателесесіз. Бұдан да маңызды ережелер бар. Ол - ҰБТ-ға байланысты психолог мамандардың үш «ЖОҚ» ережесі: ешкімнің мазасын алмау, ешкімге қарамау және ешкімге көмектеспеу. Әрине, бланк қағазын қаламмен нүктелеп, жауаптарыңыздың 100% дұрыс екенін білген кезде көмектесуге болады. Ал оған дейін ешкімге назар аудармағаныңыз жөн. Кіре салысымен сағатқа қарап, осы жерде бар мүмкіндікті пайдаланып қалу керек екеніңізді, 3,5 сағат сіздің 4 жылдық болашағыңызды айқындайтындығын ойлаңыз.

Бұл жерде ең көп зардап шегетіндер – Алтын белгі иегерлері мен үлгерімі жақсы оқушылар. Оларға айтарымыз, ең бірінші кезекте сізге үміт артып отырған ата-анаңызды ойлаңыз. Олар сізге сенім артып, жоғары ұпай жинайтындығыңызға сенімді отыр. Ал сізден көмек сұраған адам тек уақытыңызды ғана ұрлап қоймай, грант иегері болу мүмкіндігінен айырып жатыр. Сол себепті су ішіндегі балықтай болып, шақырған адамға қарамаңыз. Жоғарыда айтқанымыздай, тест жауаптарын толығымен белгілеп болған соң, барлығына да көмектесуіңізге болады.

Ал енді ҰБТ кезінде көмек сұрап, жанындағы оқушылардың мазасын алатын жалқаубектерге келейік. Өзгелерге кедергі жасау арқылы өзіңізге де зиян тигізіп отырғаныңызды жақсы түсінетін шығарсыз? Оларға өз жауаптарын тексеріп, бланкісін толтырып шығуға мүмкіндік беріңіз. Сол кезде сізге көмектесуге мұршасы болатын шығар. Ал телефон, шпаргалка сынды мүмкіндіктерді абайлап қолданыңыз. Өйткені бір сәтте-ақ бір жылдық дайындығыңыз құрдымға кетуі мүмкін. Мұнымен қатар, қатты шу кезінде жинақталып, 3,5 сағат бойы еш нәрсеге назар аудармайтындай жағдайға жетуіміз керек. Шу кезінде ойлана алмайтын балалар болатындықтан, тыныштық сақтауға тырысайық!

Мұғалімдер мен мектеп психологтарына айтарымыз, үлгерімі нашар оқушыларды өзгелерді мазаламауға үгіттеңіздер! Озат оқушылардың өз жұмысын толығымен орындап бітуін күтетін болсын! Олар өз жұмысын толық бітірмейінше, жанындағы оқушыға дұрыс жауап айтуы да қиын.

Ал сіз ше? ҰБТ кезінде көмектескен дұрыс деп ойлайсыз ба?

Автор: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: syrboyi.kz

Қ. Бүйенбай