- Негізгі бет
- ҰБТ 2014
- ҰБТ. Дайындық курсы...
ҰБТ. Дайындық курсы дұрыс па, әлде репетитор ма?
Жыл сайын ҰБТ қарсаңында жоғарғы балл алып, алдыңғы қатарлы ЖОО-ның грантын жеңіп алғысы келетін түлектер мен олардың ата-аналарының ұйқысы қаша бастайды. Осындайды жақсы білген көптеген адамдар ҰБТ-ны бизнеске айналдырып жіберді десе де болады. Әртүрлі оқулықтар мен шпаргалкаларды айтпағанда, курстар мен репетиторлар қарқынды түрде жұмыс істей бастайды. Ғаламтор беттерінде, аялдамаларда, қала көшелерінде тұрған хабарландырулардан көз аша алмай қаласыз. Бүгін осы мәселенің бетін ашып алайық, қайсысы дұрыс? Өзіндік дайындық па? Репетиор ма, әлде, курстар ма? Түлек үшін қайсысы пайдалы болмақ?
Өзіндік дайындық
Дайындық курстарын, әсіресе, репетиторды әркімнің қалтасы көтере бермейді. Сол себепті, түлектердің көпшілігі өзіндік дайындықпен айналысады. Нәтиже де жоқ емес. Мәселен мен осы әдісті таңдадым дей аламын. Қаражаттың жетіспеушілігі бір бөлек, ата-анама қолғабыс етуім керек болды да, қосымша білім ала алмадым. Бірақ мен жеке репетитормен дайындалғандар мен қосымша дайындыққа қатысқандардан кем болдым дей алмаймын. Бәрі өз шамаңызға байланысты. Қазір барлық жағдай жасалған, арнайы оқулықтар бар және өз біліміңізді сынап тұру үшін ғаламтор беттерінен онлайн тестілеулерді таба аласыздар немесе арнайы тапсырыспен дисктерді сатып алуға да болады. Мектеп онсыз да дайындық сабақтарын белгілеген.
Ескерте кетейін, өзіндік дайындық іргетасы дұрыс қаланған, тапсырылатын пәндерді кезінде дұрыс меңгерген оқушылар үшін ғана оңайға соқпақ. Өз күшіңізге, біліміңізге сенсеңіз ғана осындай тәуекелге барыңыз. Және пән мұғалімімен әрдайым байланыста болып, кеңесіп отырыңыз.
Дайындық курстары
Бұл әдістің ерекшелігі – бағасының тиімділігінде (репетитормен салыстырғанда), жүйелілігінде, мектеп мұғалімдерінің қолында жоқ оқулықтар мен әдістемелерінің бар болуында. Мұнда бәрін басынан бастап оқытады: мәселен, қазақ тілінен буын, екпіннен, қазақстан тарихынан тас дәуірінен, математикадан қосу, көбейтуден басталады. Сондай-ақ, мектеп оқулықтарында айтылмайтын, бірақ, ЖОО-да сұралатын мәліметтер де қамтылады. Ауылдық, аудандық жердің оқушылары мұндай курстарды қалаға барып оқитындықтан, үй шаруасын тастап, өздерін біржола ізденіске арнай алады.
Кемшілігі – бір топта 20-30 оқушы болатындықтан, әрбіріне жеке көңіл бөлуге уақыт бола бермейді, оның үстіне мұнда келгенге дейін, яғни 11 жыл мүлде басқа әдіспен оқып келсеңіз, сабаққа еніп кету оңай емес. Оқулықтардың жүйесі де басқаша болатындықтан, бірден түсініп кетемін деп ойламаңыз. Кейбір адамдарға жаңа ортаға ену де қиынға соғады. Сондай-ақ, оқытушы өз пән мұғаліміңіз секілді жанашырлық танытпайды. Оларға сіздің жоғарғы балл жинағаныңыз емес, төленетін ақша ғана маңызды. Нәтижесінде, бәрі өзіңізге байланысты болып шықпақ. Ата-анаңыздың ақшасы далаға кетпесін десеңіз, өзіңіз ізденуге тура келеді. Қысқасы, бұл әдіс мектептегі білімін жүйелегісі келетін және өзінің күшіне деген сенімділігін арттырғысы келетіндер үшін дер едім.
Репетитормен жеке сабақтар
Бұл – ҰБТ-ға дайындықтың ең әсері көп түрі саналады. Жоғарыдағы нұсқа екеуінің арасында таңдау керек болса, осы әдісті таңдағаныңыз абзал. Неге? Біріншіден, мұғалім әрбір сабақты тек сіз үшін өтеді, сіз үшін дайындалады, назары тек сізде ғана. Екіншіден, өзіңіз білетін тақырыптарды қайталамастан, қателік көп жіберетін тақырыптар бойынша дайындық жүргізіп, түсінбегеніңізді еш қысылмастан сұрай аласыз. Үшіншіден, репетитор үйге келіп оқытатындықтан, уақытты үнемдей аласыз. Репетитор үздіктерге де, екпінділерге де, нәтижесі ең төмендерге де ыңғайлы. Әсіресе, математика, физика, химия, ағылшын сынды сабақтар үшін репетитор көмегі ерекше қажет. Жақсы репетитор ҰБТ-дан жоғарғы балл алуға септігін тигізе алады. Бастысы – оның тәжірибелі әрі білімді болуы.
Кемшіліктері: оқушыға ауыртпалық түседі. Оқу – оңай емес еңбек болғандықтан, демалысқа көңіл бөлу керек. Ал сіз репетитор тапсырмасын, мектеп мұғалімінің тапсырмасын орындап екі ортада үлгермей қалуыңыз да мүмкін. Және бір сағатта әдеттегіден тыс ақпарат берілетіндіктен, қорыту да қиынға соғады. Екіншіден, бала репетиторға тәуелді болып, өздігінен шешім қабылдай алмай, өзі іздену секілді әдеттерді жоғалтып алады. Үшіншіден, репетитордың бағасы қымбатқа соғады. Ал жалдаған адамыңыз, білімсіз болып шықса, ақшам да, уақытым да күйді деп ойлай беріңіз.
Байқағаныңыздай, әрбір әдістің өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Біз сараптадық, ал таңдау жасау сіздің құзырыңызда!
Автор: Айгерім Сматуллаева
Сурет: azh.kz