ҰБТ. Ақпараттарды есіме қалай сақтаймын?

ҰБТ. Ақпараттарды есіме қалай сақтаймын?

"Менің есте сақтау қабілетім нашар" – оқығанын тез ұмытатын, тесттен аз балл жинап жүрген әрбір оқушының айтар сылтауы осы. Сізді бітпейтін стикерлер мен қайырылған кітаптар, конспект дәптерлер зеріктірді ме? Бір сәт назар аударыңыз. Мен сіздерге бүгін оқығаныңызды көңілге тоқытатын бірнеше қызықты әдісті топтастырып көрсетпекпін.

Келісіңіз, әдетте 20 формуланы немесе тарихи жылдарды жаттау үшін мына классикалық әдісті қолданасыз ғой: оқып аласыз да, кітапты жастықтың астына қоясыз, көзден жас шыққанша оқығаныңызды қайталайсыз, бәрібір есіңізге түспейді, сосын кітапты тығылып отырып қайта ашасыз. Түк шықпаған соң, ашуланып, кітапты лақтыра бастайсыз. Иә, бұл әдіс жиі іске аспай жатады. Алайда, есте сақтау ғылымы мұнымен сарқылмайды. Дұрыс түсіндіңіз, ғылым! Осы саланың беделді өкілі Марк Шид: "Менің ғана есте сақтау қабілетім төмен деп еңсеңізді түсірмеңіз" дейді. Осы ғылымның төмендегі әдістері бастапқыда біркелкі болып көрінгенімен, уақыт өте келе өзіңізге сай келетін түрін таңдап ала аласыз. Тек қорықпастан, байқап көру керек.

1. Хат жазыңыз. 2008 жылы Киото Университетінде жүргізілген зерттеу нәтижесі мынадай тұжырым айтты: белгілі бір нәрсені жаттауға кіріспестен 15-20 минут бұрын қайғылы ойларды еске түсіріп, қағазға түсіру жаттау үдерісін күрт өсіріп жібереді екен. Бұл қалай? Біз, адамдар, негативті долбарларды өте жақсы есте сақтаймыз. Яғни, адам миы хатқа жазылған естеліктерден кейін оқылған нәрсені бірден қағып алады. Әрине, көңілді әдіс емес, бірақ іске асқан.

2. Табиғатты аялаңыз. Түлектердің табиғат аясында, саяжаларда дайындалу дәстүрі тегін емес екен. Үш жыл бұрын Мичиган Университетінің психологтары табиғатқа пайымдап қараудың когнитивтік функцияны білдей 20 %-ға өсіретінін анықтаған. Айтпақшы, мүмкіндік болмаса, табиғатқа шықпай-ақ, әдемі суреттерді 5-10 минут бойы тамашалау да оң әсер береді. Сондықтан, бөлмеңізде табиғат суреттерінің болуын да қадағалап қойыңыз.

3. Қаттырақ айқайлаңыз. Сөздер айқайлағанда жай айтқаннан 10%-ға жақсы жатталады. Ақымақтық көрінгенімен, дәл осы әдіс арқылы испан сөздерінің жартысынан астамын жаттаған адам болған. Ол үшін үй ішінде "косинус, синус!", "Сырым Датұлы көтерілісі!" деп айқайлаудың қажеті шамалы, бар болғаны әрбір сөзді дауыстап, анықтап айтып үйрену керек.

4. Белсенді болыңыз. Шет тілін таңдағандар немесе орыс тіліне дайындалатындар үшін тағы бір жақсы әдіс: сөздерді қимылмен көрсетіңіз. Мысалы, "прыгать" немесе ағылшынша "jumр" деген сөзді айтқанда секіріңіз. Сізге диалог немесе сөз тіркесін жаттау керек болса, шағын қойылым қойыңыз. Нәтижені тез байқайсыз.

5. Өзіңізді тыңдаңыз. Қанша оқысаңыз да есте қалмай жүрген ақпаратты дауыстап оқып, диктофонға жазыңыз. Ұйықтар алдында, баяу дыбыспен қосып қойыңыз. Өз дауысыңызбен ұйықтауды әдетке айналдырыңыз. Бұл өзіңіз білетін, бірақ, тез есте қалмайтын сөздерді жаттаудың жақсы әдісі саналады.

6. Бір орында отырмаңыз. Анықтама немесе формула жаттайсыз ба, отырмастан, бөлмені айналып жүріңіз. Себебі, жүру ми жұмысының белсенділігін арттырады. Сонда есте сақтау қабілетіңіз де жақсара түспек.

7. Жағдайды өзгертіңіз. Егер бір кеште екі пәнге дайындалатын болсаңыз, екі бөлек бөлмеде оқыңыз. Сонда екі ақпарат араласып кетпейді екен.

8. Дұрыс тамақ. Біздің мидың үштен бір бөлігі қанбаған май оттегілерінен құралған. Соның әсерінен ми қабаттары қанды жақсы қабылдап, жұмыс істеу белсенділігін арттырады. Бұл белсенділікті арттыру үшін теңіз тағамдарын, балық майын, жаңғақтар мен пістелерді жеткілікті мөлшерде қабылдау керек. Сондай-ақ, жарма мен көкөністер құрамы «жәй» көмірсуларға мол болады. Ал құрамы қантқа толы ұн тағамдары мен чипсы болса, «шапшаң» көмірсуларға бай. Олар ойлау мен дене қызметінің белсенділігін арттырады, бірақ соңынан барып, әлсіздік пайда болып, ойлау жұмысын тым бәсеңдетіп жібереді. Енді осыдан шешім шығарып көріңіз. Тәтті тағамдарға әуес болған дұрыс па, әлде теңіз тағамдары мен көкөністерге құмартқан дұрыс па? Адам миына аминқышқылдары, әсіресе, глюкоза (тәттіге аздап әуестенген дұрыс) ауадай қажет. Ал аминқышқылдар балықта, дәнді дақылдар мен күріште болады. 

9. Көп ұйықтаңыз. Бір пәнді қайталап болғаннан кейін қаншалықты көбірек ұйықтасаңыз, соншалықты көбірек ақпаратты есте сақтайсыз. Ал ұйқысыз түндер керісінше есте сақтау қабілетін нашарлатады. Сондықтан, түні бойы кітапқа телміріп отырудан ұтамын деп ойламаңыз. Барлық оқушы білсе екен, тест алында бірнеше билетті қайталағаннан, бір сағат көз іліп алған артық.

10. Спортпен айналысыңыз. Бұл тақырып төңірегінде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді және нақты тұжырымдар да айтылды: аэробикалық жаттығулар мидағы қан айналым мен есте сақтау қабілетін жақсартады. Кітапқа отырмас бұрын фит-бомен немесе бимен айналысыңыз. Қазақ хандығының құрылуы туралы барлық керек ақпаратты жаттап ала аласыз.

Жалғасы бар...

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Қ. Бүйенбай