9 мамыр. Майдан журналистері

9 мамыр. Майдан журналистері
Фото: www.politnavigator.net

Соғыс басталғанда 1900 жылдары туған барша ер азамат жаппай майданға алынды. Оның ішінде ақындар, жазушылар, композиторлар, журналистер де болды. Бүгін соғысқа қатысқан тілшілер туралы ақпарат ұсынамыз.

Ахмет Елшібеков – 1901 жылы Қарағанды облысы Егіндібұлақ ауданында туып өскен. Семейде баспахана әріп терушісі қызметін атқарған. «Қазақ тілі» газетінде, «Қызыл Қазақстан» журналында, одан соң «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, «Пионер» журналында, «Жас қанат», «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде істейді. Бүкілодақтық журналистика институтын бітірген. Одан кейінгі жылдары партиялық басылымдарда, майдан газетінде, Марксизмленинизм институтында, Көркем әдебиет баспасында жауапты-басшы қызметтерінде болған. Отызыншы жылдары бірқатар фельетондар, әңгімелері және «Өмір сатысы» очерктер жинағы, 1956 жылы «Қаңбақ шал» ертегісі кітап боп шықты.

Сағынғали Сейітов 1917 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы, Өлеңті ауылында туған. Орал су транспорты рабфагында (1937), Қазақ педагогикалық институтында (1941) оқыған. 1941-1947 жылдары әскер қатарында болып, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. 1947 жылдан Қазақстан Ғылым Академиясы Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан КП ОК-нің Үгіт, насихат, әдебиет және көркемөнер бөлімдерінде түрлі қызметтер атқарды. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Әдебиет және өнер институтында бөлім меңгерушісі, аға ғылыми қызметкер болған. “Большевиктер” атты тұңғыш өлеңдер жинағы 1951 жылы жарық көрді. Сейітовтің 40-тан астам кітабы баспадан шыққан. Жыр жинақтарымен қатар “Қырық жылда” (1957), “Ақын сапары” (1958), “Өмір өрнектері” (1969), “Тоғысқан толқындар” (1974), “Туысқандық туғызған” (1979), “Өлең өлкесінде” (1984), “Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі”, т.б. әдеби-зерттеу еңбектері бар. Г.Гейне, А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, В.Маяковский, т.б. шығармаларын қазақ тіліне аударған. 2-дәрежелі Отан соғысы, Қызыл жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Әбуғали Сәрсенбаев 1905 жылы Атырау облысы Құрманғазы (Теңіз) ауданы Мақаш ауылдық округінің Алға ауылында туған. 1929 жылы Астрахань кеңеспартия мектебін бітіріп, 1932-1934 жылдары Алматыдағы Комвузда оқыған. 1934-1936 жылдары «Түрксіб» газетінде редактор, 1936-1942 жылдары Қазақтың мемлекеттік баспасын басқарды. 1942-1947 жылдары Кеңес Әскері қатарында қызмет етіп, Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1947-1953 жылдар аралығында Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогикалық баспасының директоры болды.

@. @assel_assanova