Кеңес Одағынан жау тұтқынына түскен адамдар саны – 5,2 млн

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев. Кітаптан үзінді ұсынамыз.

Тұтқынға түскендер... Олар болмағанда жеңіс келмес еді... 

Соғыс тұтқынсыз болмайды. 1945 жылдың 9 мамырындағы жеңістің бағасы зор еді, бұл жолда Қызыл әскердің тұтқынға түскен миллиондаған сарбазы өмірін құрбан қылып, тағдырын тәрк етті. 

Неміс ақпарат көзіне сүйенсек, соғыс кезінде 5,2 млн кеңес әскері мен офицері тұтқынға түскен. Олардың 3,9 млн-ы 1942 жылдың ақпан айына дейін тұтқындалған. Барлығы дерлік "қазанға" түсті. Минск түбінде – 324 мың, Умань түбінде – 103 мың, Смоленск-Рославль түбінде – 348 мың, Киев түбінде – 665 мың, Мелитополь-Бердянск түбінде – 100 мың, Вязьмо мен Брянск түбінде – 662 мың, Керчь түбінде – 100 мың, тағы басқа "қазанда" 20 мыңнан 50 мыңға дейін қызыл әскер тұтқынға түскен. 

1942 жылдың жазында Харьков түбінде Оңтүстік-Батыс майданы сарбаздары қоршауға түсіп, талқандалды, 270 мыңнан аса адам қаза тауып, жараланды, 240 мыңнан астамы тұтқындалды. Ақмолада құрылған 106-шы қазақ кавалер дивизиясы Харьков "қазанында" түбегейлі жойылып кетті. Қызыл әскердің осы бір ауыр жеңілісінен кейін №227 "Бір қадам артқа шегінбеу" туралы белгілі бұйрық шықты. Соғыс алаңының екінші бөлігінде Волхов майданының шабуылы сәтсіз аяқталды. 2-ші шұғыл әскер қоршауда қалып, өз жұмысын тоқтатты, 30 мыңға жуық адам тұтқынға түсті. 

Қоршауда қалған кеңес әскерлерінің ауыр жағдайға түскендеріне қарамастан, лайықты түрде ерлікпен шайқасқандарына неміс мұрағат мәліметтері куә. Дегенмен қолбасшы тарапынан мүмкін болған барлық қолдаудан айырылып, қарсыласуға дәрмен таппағанда, олар топ-тобымен жауға берілуге мәжбүр болды. 

Жаппай тұтқынға түсу Қызыл әскер басшылығын қайғылы қателік пен үлкен жаңсақтыққа әкеп соқтырды. Бұл деректі ресми кеңес үгітшілері КСРО құлағанға дейін табанды түрде жасырып келді. 

Фин және Румыния тұтқынына да түстік. Германияның өзге одақтастары қолға түсірген тұтқындар немістерге жолданып, солардың статистикасына есептелді. Кейбір ақпарат көзіне сүйенсек, тұтқынға түскен кеңес адамдарының саны 6 млн-нан асады. 

Вермахт осынша көп әскери тұтқынды асырауға дәрменсіз болып шықты. Нәтижесінде жүздеген мың адам аштық пен суықтан қаза тапты. Кейін тұтқындағы кеңес әскелерін асырау жүйесі жинау бөліміне, транзит лагеріне, "штатлаг" тұрақты лагеріне жинақталды, ол жақта тұтқындар адам өмір сүре алмайтын жағдайда қалып, аштық пен аурудан өліп жатты. 

Тұтқындағы кеңес әскерлерінің ауыр жағдайы Кеңес Одағының әскери тұтқындардың статусы жайлы Женева конвенциясына қол қоймауымен де түсіндіріледі. Бұл Германияға оларды Халықаралық Қызыл Крест тарапынан қорғансыз әрі бақылаусыз қалдыруға мүмкіндік берді. Соғыс басталған соң, КСРО-ның саяси басшылығы енгізген шартқа сәйкес, тұтқын алдын ала жоспарлаған әскери қылмыс болып есептелді. Осы айыптың кесірінен тұтқынның отбасы материалдық қамтамасыз етілуден қағылып, әскери қызметкердің отбасына төленетін жәрдемақы мен жеңілдіктен айырылды. 

3,9 млн кеңес тұтқыны лагерьлерде қаза тапты, тек 2,4 млн-ы ғана тірі қалды. 

Тұтқыннан аман шыққандардың тағдыры тауқыметке толы болды. Бәрі іріктеу лагерьлеріне жатып шықты, бұлардың тұтқынға арналған лагерьден айырмашылығы аз-ақ еді. Жасы мен денсаулық жағдайына қарай бір бөлігі демобилизацияланып, бір бөлігі еңбек лагерьлеріне ұзақ мерзімге жіберілді. 

Ұлы Отан соғысының кеңес тарихнамасы мен қолбасшылар мемуарларында 1941-1942 жылдар аралығы аз жазылған, тұтқындар соғысқа қатыспағандай, Отанды қорғамағандай, тұтқын мен тұтқынға түскендер тақырыбы мүлде қозғалмаған. 

Ұзақ уақыт бойы бұрынғы әскери тұтқындардың азаматтық құқығына шектеу қойылып келді. Олар саяси өмірден шеттетілді, жоғары оқу орындарына оңай түсе алмады, жұмысқа орналасулары қиын болды, олар үшін арнайы мамандықтар мен лауазымдарға тыйым салынды. Олар соғысқа қатысты деп есептелмеді, сәйкес жеңілдіктерден айырылды. Тұтқындарды сатқындармен тең көру оқиғалары аз болған жоқ. 50-жылдардың аяғында кеңес әскери тұтқындары қайта қаралып, көбі ақталды. Бірақ іс жүзінде ештеңе өзгермеді, олар соғысқа қатысушы мәртебесін алған жоқ. 

Ресми орындар мен қоғам бұрынғы тұтқындарды ардагерге санамады, оларды 9 мамыр – Жеңіс күнінде ешкім есіне алмады. 

Көбі өмірден тұтқын таңбасымен өтіп кетті. 

Бұл күні, адамзат тарихындағы ең қорқынышты соғыстың аяқталғанына 70 жыл болғанда, сол бір миллиондаған тұтқынсыз Жеңістің де болмайтыны анықталып отыр. 

Біз, қазіргі ұрпақ, осыны білуіміз керек. 

Неміс тұтқынындағы суреттерге назар салыңыздаршы. Суреттегі сарбаздың көбі соғыстан оралмады. Көбі мәңгіге жас болып қала берді. Оларды тани алатын туысқандары да күннен-күнге азайып барады. 

Біздің кітабымыз еркінен тыс тұтқынға түскен жерлестеріміздің рухына арналады. Бірақ олар фашизмді жеңу жолындағы ортақ Жеңіске өз үлестерін қосты. 

Мәңгі есте сақтаймыз!

Қазбек Бейсебаев