Аэростаттан секіруден офицерлердің өздері қорқатын

Аэростаттан секіруден офицерлердің өздері қорқатын
Фото: fivka.pl

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев. Кітаптан үзінді ұсынамыз.

Ардагерлер сөйлейді

Әділбеков Зекен Уәліханұлы

Мен 1925 жылы тудым, бірақ, 1928 жылы туған деп жазылдым. 1942 жылдың қазанында колхоздың егіншілер бригадасындағы жігіттерді военкоматқа припискаға шақырды. Тізімде мен жоқ едім. Бірақ солармен бірге көлікке отырып, мен де кеттім. Военкоматқа келдік, бәрін тізім бойынша өткізіп жатыр, ауылдық кеңестің хатшысы Татьяна Бородина болса, есік алдында тұрып алып, мені жібермеді: "Ақымақсың! Қайда бармақсың?" - дейді, - "Қайда бар деп бұйырса, сол жаққа достарыммен бірге барғым келеді". - "Ақымақсың! Жұрт бармауға тырысып жанталасып жатса, сен өз аяғыңмен келіп тұрсың. Қорғансызсың ғой, мүгедек болып оралсаң, кімге керек болам деп ойлайсың?!". Әлі жөндеп ойланбаған едім... Бір кезде ол дәретханаға кетіп, есік алдына менің жолдасым Иван Мордовинді қалдырды. "Ванюшка, ол жоқта, мені өткізші", - дедім. "Бар". Кірдім, ол жақта бес адам отыр екен. "Тізімде жоқпын, өз еркіммен барғым келеді. Мені жазыңыздаршы, өтінемін", - дедім. Ештеңе сұрамастан 25-жылғы деп мені жазды. 

Бізді Фрунза жаяу әскер училищесіне әкелді. Алты ай оқыдық. 1943 жылдың наурызында училищені жауып тастады. Бізді 12 сағат бойы жылынатын орынға кіргізіп, Харьков түбіндегі майданға жіберді. Жеті күн жүрдік, біз жеткенше жағдай тұрақтанды. Бізді Подмосковьеге, Щелково қаласына қайта жіберді. Ол жақта әуе-десант бригадасы құрылды. Мен 13-әуе-десант бригадасы, 2-батальон, 8-рота, 4-взводының 4-бөліміне түстім. Бойым кіші болғандықтан, үнемі соңында тұратын едім. Он алты рет секірдім. Оның бірнешеуінде аэростаттан секіргем. Аэростаттан секіру деген ұшақтан секіруден де жаман! Өйткені бірінші адам секіргенде, ол себетті итереді, сосын ол қозғалады. Заң былай еді: нұсқаушы бір бұрышта, сарбаздар үш бұрышта отырады. Ол: "Дайындалыңдар!" - деп бұйрық береді. Мен: "Құп! Дайындалыңдар!" - деп жауап беруім керек. "Тұрыңдар!" - "Құп! Тұрыңдар!" - "Кеттік!" - "Құп! Кеттік!" Осылай деп айтуым керек, ал себет әрі-бері қозғалып тұрады...

- Етікпен секірдіңіз бе?

- Жоқ, орап қана секіретінбіз. Етікті көрмедік.

- Секіре алмайтындары ше?

- Оларды жаяу әскерден шығарып тастайтын. Соттаған жоқ. Басында офицерлермен бірге секірдік, кейбір офицер секіруден қорқып, содан бөлек-бөлек секіре бастадық, офицерлер бөлек, біз бөлек секірдік. Щелковоға дейін 150 километр қалғанда бізді жау жеріне түсіріп тастайтын, казармаға дейін өзіміз жететінбіз. Тылдан оралғандай болатынбыз. Көбіне Ли-2-ден секірдік. Бірінші болып кірсең, ең соңғы болып секіресің. Соңғы болып кірсең, бірінші болып секіресің. Қайсысы жақсы? Екеуі де бірдей. Соңғы адамға да, бірінші адамға да оңай емес. Біз ол кезде 17 жастағы жас жігіттер едік, асқазанға бірдеңе болса болды, қалғанына бас қатырмадық.

Өте нашар тамақтандық. Ыдыста шіріген мұздай картоп, кесілмеген, жай ғана қайнатылған қалақай сабағы, 600 грамм нан, нанда кебек, ол жақта не жоқ дерсің, өте ауыр еді. Қалай болғанда да, ағза шыдады. Казармаға жақын жерде үлкен жертөле болды, ол жаққа әскери бөлім картоп әкелетін. Біз болсақ, оны қыс бойы ұрлайтынбыз. Арқанмен түсіп, қапшыққа толтырып алатынбыз. Әр казармаға темір пештер қойылды. Щелковоның ағаш дуалдарын түнде отын етіп жақтық. Картоп қайнатып, тамақ пісірдік, жедік. 

Жалғасы

Р. Роза