Жоқтап жылаған ұлы оралды

Жоқтап жылаған ұлы оралды
Фото: www.azattyq.org

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітап аудармасынан үзінді:

Әуелбаев Әлден

Соғыстың үрейлі жылдары бізден жырақта қалды. Қырсығы қалың, қыртысы мол мойнына қиындық арқалаған ұрпақ өмірден өтіп кетті. ҰОС-на қатысқан әкемді еске алғанда қыл көпірдің үстінде тірлік кешкенін сеземін. Әкем – Әлден Әуелбаев 1939 жылы әскерге шақырылды. 1941 жылы Киевті қорғауға 147-ші атқыштар дивизиясы, 640-шы полк құрамына қабылданды. Әкемнің айтуына қарағанда, бұл адам айтқысыз ауыр жыл болса керек. Алғашқы шабуылға тойтарыс берілгенімен, жау жағы тағы да біздің төрт әскерді қоршап алған екен. Бұрын-соңды мұндай жағдайды бастан кешпеген 1 милиионға жуық солдат пен офицер қоршауда қалған. Әкем қайнаған соғыстың ортасында қару жетіспесе де, шайқасудан шаршамаған күндерін жиі еске алады.

Сәт сайын бомбалаудан және пулемет оғынан көз алдында мыңдаған жауынгер қоштаса алмай үзіліп кете берген. Тамыз айының орта тұсында 640-шы атқыштар полкінен 230-300 жауынгер ғана қалды. Олар қоршаудан шығу үшін бір жақтан екінші жаққа атылумен болды, толассыз жанталасы босқа кетті. Жау тұс-тұстың бәрінен қоршап, дәрменін құртты. Әкем соғыстағы ең қиыны – бұйрықты орындау екенін айтады. Соғыс заңдары тым қатал, ешкімді аямайды. Үрейге бой жеңдірген бейкүнә сарбаздарды бәрінің көзінше атып тастаған. Өліммен бетпе-бет келгенде адам жанын жәһаннамға аттандыру үшін соншалықты қатігез болу керегін түсінген. Әкем әрдайым ішкі сезімімен күрескен. Өлімнен қорықпаған бірде-бір сарбаз жоқ. Бірақ олар қолдан келгеннің бәрін істеді. Бұйрық талқыланбайды. Берілді, бітті, алға қадам басудан басқа жол жоқ.

Көптеген офицер өзін-өзі жоғалтып, командирлік қасиетін ақтап шыға алмады. Әскери тәжірибе жетіспегендіктен, кінәсін тек өз қанымен жуудан басқа мүмкіндік болмады. Батылдық танытқан кейбіреуі ғана марапатқа ие болды. Әкем «Біз үйірдегі бөрілер секілді болдық» дейді. Төтенше жағдайда адам бойындағы табиғи көшбасшылық қасиеті көрінеді. Ондайда полковник пен қатардағы жауынгерді бір шептен көруге болады. Бірнеше сағатқа созылған әлдебір ұрыста жанармай толтырылған бөтелке мен гранат арқасында жауға тойтарыс берген. Оқ пен снаряд таусылып барады. Кескілескен ұрысқа солдаттан бастап генералға дейін тікесінен тік тұрып қатысты. Одан да түк шықпай, көптеген адамынан айырылып, әр қайсысы жан-жаққа бытырай қашты. Бірнеше топ болып қоршаудан шығуға талпынды, онысынан да түк өнбеді.

Көпшілігі өздігінен беріліп, тұтқынға түсті. Оның ішінде офицерлер мен қызылармияшылар да бар. Менің әкем де қашып құтыла алмаған. Мұны еске түсіру оған тым қиын. Істеген әрекетінің бәрі далаға кетсе де, ол бостандықтан күдер үзбеді. Нәтижесінде Дубно түбінде лагерьден қашып шығу бақыты бұйырды. Босанып шыққан соң Украинаны азат етуге қатысты. Одан кейін әкемді 181-ші атқыштар дивизиясы, 243-ші полкіне ауыстырды. Батыс Украина мен Польшаны азат етуге қатысты. Шығыс Германиядағы Бреслау қаласында жүргенде соғыс аяқталды. Өзі секілді қаншама жауынгер ескерусіз қалды. Зіл батпандай қасіретті ұмыта алмады. Тек әкеме ғана «Қызыл жұлдыз» және III дәрежелі орден бұйырды.

Жалғасы 

@. @assel_assanova