Жоқтап жылаған ұлы оралды #2

Жоқтап жылаған ұлы оралды #2
Фото: Ерболат Қанатбек

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Басы

Атының өзі үрейлі шайқаста әкем қалай тірі қалғанын білмеймін. Тағдыр оған өзіне деген зор сенімділік пен табандылық сыйлады. Соғыс сәтінде отбасы Гурьев облысы (қазіргі Атырау) Жылыой ауданында тұрды. 1941 жылы хабарсыз кеткен ұлына жоқтау айтып, ата-әжеміз жылап-сықтаған. Соғыс аяқталғанда әкемнен хат келіп, олар бөрігін аспанға ата шаттанды. 1945 жылы күзде әкем үйге оралды.

1967 жылы «Киевті қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. ҰОС  парақтарына Киев ең ауыр эпопея болып жазылды. Немістер біразға дейін берілмеді. Бұл Мәскеу түбіндегі шайқастан да ұзаққа созылды. Бүкіл тағдырын өзгерткен Киев оқиғасы мыңдаған солдаттың жадында өшпес жазумен жазылды. Әкем қарапайым, адал адам болды. Қолдағы барын бағалап, шүкір етіп, өмірдің әр сәтінен бақыт көріп, өзі айналасындағылармен үйлесім тауып ғұмыр кешті.

Ол бізге әрдайым «Басыңды көтеріп сөйле, сонда сөзің өтімді болады» деп айтатын. Оның мінезінен мейірімділік самалы есіп тұратын. Ал партия қатарына алынғандағы қуанғанын жазып жеткізе алмаймын. Оны партия комитетінің хатшысы етіп сайлады. Бұл сол кезде өте жауапты іс болатын. Әкемнің суреттеріне ұзақ үңілемін. Біреуінде өзінің майдандас жолдастарымен түскен, екіншісінде жеңіс үшін көтерген бокал басын түйістіріп отыр. Аяусыз соғыс олардың жанарына сөнбес мұң ізін тастап кетті. Бірақ бұл олардың сағын сындырып, адамгершілік қасиетіне нұқсан келтіре алмады.

Әкеміз жанымыздан жырақтағалы қанша жыл өтті. Ол 1986 жылы жарық дүниемен қоштасып кетті. Атыраудың орталық мазарына жерленді. Өзіне берілген өлшеулі өмірін өкінішсіз өткізді. Немерелері тегі ретінде оның атын арқалап жүр. Әр жылдың 9 мамырында қабірі гүлден көрінбей қалады. Адал да қарапайым бейнесі мен есімі ел есінде сақталады.

Ғали Әденұлы

@. @assel_assanova