9 мамыр. Бірі мініп келместің кемесіне...

9 мамыр. Бірі мініп келместің кемесіне...

- Ата! Ата деймін, ата! Менің де үлкен атам соғысқа барған ғой, ә! Немістерді былай «түш, түш» деп атқан ғой ия, айтшы ата, - деп құлдырап жүгіріп келген кішкентай Тоғжан екі өкпесін қолына алып ентігіп тұр. Бейне бір оның да артынан немістер қуып келіп қалғандай. Атасы Тоғжанды басынан сипап тізесіне отырғызды.

- Сен соғыс дегеннің не екені білесің бе өзің, оны қайдан естіп келдің? - деп немересінің бетіне әрі таңдана, әрі сүйсіне қараған атасы аз-кем кідірді де, - Сенің Айтмұхамет атаң қатысқан ғой соғысқа. Мені мен сендердің бейбіт заманда тыныш өмір сүруіміз үшін жанын шүберекке түйіп, өмірін қатерге тіккен.

- Ата, өскенде мен де немістермен соғысам ба?

- Тәйт әрі, онысы несі. Енді біздер ешкіммен соғыспаймыз. Біздер, шүкір, бақытты жандармыз. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деген осы балам. Ал олар, сенің Айтмұхамет атаң мен тағы да миллиондаған балақайлардың атасы ешқашан жадымыздан ұмытылмауға тиіс. Олардың бірі сол майдан шебінде қыршын кетсе, бірі елге оралғасын алған жарақаттарынан көз жұмып, біртіндеп қатары азайып барады. «...Бірі мініп келместің кемесіне, бірі тосып әнекей жағада тұр», - деп бір күрсініп қойды Тоғжанның атасы.

Осы кезде есіктің жақтауында тұрған Жаннұр атасының қасына келіп жайғасты. Ойын баласы Тоғжан қолындағы ойыншық ұшағын бір әуелетіп барып, атасының екінші тізесіне қондырды да, түсініксіздеу болып бара жатқан әңгімеден жалыққан сыңай танытып, бір есінеп алды. Ес біліп қалған Жаннұрдың әңгіме тыңдауға келгенін байқаған атасы сүйсініп, Жаннұрдың қолына қалам мен қағаз ұстатып әңгімесін әрмен қарай жалғады.

- Аталарың - Молдағұлов Айтмұхамет 1901 жылы Семей облысы Мақаншы ауданы, Қаратал селолық округіне қарасты Көктерек ауылында туған. 1941 жылы 12 желтоқсанда Мақаншы аудандық әскери комиссариатынан ҰОС қатарына алынған екен. 32-армия, 132-атқыштар полкі. Жазып отырсың ба, е? Жаз: 27-атқыштар дивизиясының қатарында жауынгерлік борышын атқарған.

- Айтмұхамет атам екі рет жараланғаны рас па, ата? Папам солай айтатын еді.

- Ия. Соның бірінде ауыр жарақаттан әскери госпитальге түсіп, 7 ай жатып шығады. Госпитальден шыққасын қайта майдан шебіне қосылып, Колининградты азат етуге қатысып, жаяу әскермен соғысып Берлинге дейін барған. 1946 жылы елге оралып, әжелерің Ләтипашпен отау құрған. Өмірінің соңына дейін Көктерек ауылында омарташы болып еңбек етті. Әжең екеуі 9 бала тәрбиелеп өсірген. Солардың ең кенжесі сенің Кенжехан әкең бес жасында болғанда майданда жүріп алған жарақаты асқынып, ұзақ уақыт төсек тартып жатқан әкеміз дүние салды.

- Кенжехан папамның осыған орай шығарған өлеңі бар ғой. Бес жасар әкемнің есінде осының бәрі қалай қалғанына таң қалатын едім. Қазір ойлап тұрсам, біздердің ұзынды-қысқалы ғұмырымызда әкенің орыны ерекше екен ғой, шіркін...

Жаннұрдың жанарына жас толып, көмейіне тас тұрып қалғандай сөзін аяқтай алмай қалды. Бұны байқаған Тоғжан апайының көз жасын сүртіп, күлімдеп бір қарады да, терезенің алдында тұрған ағаш орындықтың үстіне шығып, Кенжехан атасының өлеңін жатқа оқи жөнелді.

Бес жасымнан әкемді мен көрмедім,
Ұл боп әке құшағына енбедім.
Елес болып көрінеді көзіме,
Ойнайтыным тартып әке көрпесін.

Суретінен мұңды көзбен қарайды,
Атам анау деп балалар санайды.
Сол бір көзге ұзағырақ қарасам,
Үйімізден атқандай таң арайлы.

Сенің жансыз суретіңе қараймын,
Мен әкемді тірі тұр деп санаймын -
Деп айтатын ұрпағы бар артында,
Айтмұхамбет әулетінен тараймын.

Саңқылдаған Тоғжанның дауысы мен биікке шығып қолын ары-бері сермей өлең оқып тұрған тұрысы Сейілхан атасының езуіне еріксіз күлкі ұялатты. Өлеңнің арғы жолдары Жаннұрдың санасында сайрап жатыр. «Әкелердің қадірін тірісінде бағалайық!» - деп жан дауысымен айқайлағысы келді.

Әйгерім Айтмұхамет
Алматы қаласы

Сурет: astana-bilim.kz

Ж. Исакаев