9 мамыр. Жаралыға жан берген жауынгер

9 мамыр. Жаралыға жан берген жауынгер

Ұлы Отан соғысына 70 жыл толуына байланысты tengrinews.kz сайты «Жеңімпаздар» жобасын бастаған еді. Жоба мақсаты: сұрапыл соғысты көзімен көріп, етігімен қан кешкен арда ардагерлеріміздің ерлігін келешек ұрпаққа насихаттау. Елдің түкпір-түкпірінен осы жобаға келіп түскен хаттар негізінде, Ұлы Отан соғысында ақ халатты дәрігер-жауынгер атанған Шәріпов Шәріп Сексенұлының өмір жолын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Шәріпов Шәріп Сексенұлы 1917 жылдың 17 желтоқсанында Қарағанды облысы, Нұра ауданы (Абай), Жаңабек елді-мекенінде қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Қатал тағдырдың жазуымен, 1919 жылы әке-шешесі де сүзек ауруынан көз жұмады. Осылай еңбектеп жүрген екі жастағы бала қос қанатынан бірдей айырылып, жетім қалған. 1929 жылға дейін туысқандарының қарамағында жүріп, 4 сыныптық қазақ мектебін тәмәмдайды. Дегенмен, қанша туысқан болса да, туған әке-шешеңнің мейірімін көрсете алмасы анық қой. 1930 жылы туыстары бала Шәріпті Петропавлдағы балалар үйіне өткізеді. Мұнда орыс, украин, татар, неміс, өзбек т.б. түрлі ұлттың балаларымен бір қазаннан ас ішіп, бірге оқуын аяқтайды.

Шәріп Сексенұлы 1933 жылы Талдықорғандағы медициналық жұмысшы факультетіне оқуға түседі. Оны аяқтай салысымен, ғылымға шындап кіріскен жас маман 1936 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтында жалғайды. 1941 жылы оқуын ойдағыдай аяқтаған азамат Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасына жұмысқа шақырылады. Бірақ, дәл осы жылы Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

1941 жылы шілде айының соңында Шәріп Сексенұлы өз еркімен соғысқа аттанып, Мәскеудегі халық жасағы дивизиясына жіберілді. Осы Мәскеуден отқа толы соғыс жолы да басталды. Бұл қаланы көру оның студенттік шағындағы арманы еді. Василий Клочковтың «Шегінерге жол жоқ, артымызда Мәскеу» деген қанатты сөздері бұл қаланы қорғаушыларға да қанат бітіріп, алға жетеледі. Фашисттер оқ артынан оқ жаудырған шақта, оташы дәрігерлер де күні-түні үздіксіз жұмыс істеп жатты.

Госпитальдар тар әрі жұмыс жасауға ыңғайсыз, оған қоса, құрылғылар мен дәрі-дәрмектер тапшы болды. Сонда да ойдағы жалғыз мақсат алға жетеледі: жарақаттанған жандарды қайткен күннің өзінде аман алып қалу. Тіпті, дәрігерлер қолдарына қаруын алып, жауға қарсы тұрған кездері де болды.

Кейін Шәріп Сексенұлы жастармен бір кездеу кешінде емдеген адамдарының келбетін ұмытып қалғанын, тіпті, есімдерін білмейтінін айтқан еді. Алайда, оның қолынан сауығып шыққан әр майдангер оның емін де, есімін де ұмытпайтыны анық.

Мәскеуде 1983 жылдың наурыз айында кездесу өтеді. Сол сәттегі мына оқиға сөзімізге дәлел болады. Бейтаныс адам жүгіріп келіп, Шәріп Сексенұлын құшағына алып, алғысын жаудырып жатты. Бұл бейтаныс жан академик В. М. Кедров болатын. Сұрапыл соғыстың желтоқсан айының бір күнінде жауынгер Кедров қатты жарақат алып, бас оташы Шәріп Сексенұлы қызмет ететін әскери ауруханаға жеткізіледі. Ол жауынгердің ауыр жарақатын емдеп, аяғынан тұрғызып жіберген екен.

Шәріп Сексенұлы Ұлы Отан соғысында Мәскеуден Берлинге дейінгі аралықта әскери дәрігер қызметін атқарды. Әскери сипаттамаға сүйенсек, қаһарман дәрігер 15500-ден астам хирургиялық ота жасаған екен. Тіпті, жарақаттанғандарды ұрыс үстінде жүріп-ақ, емдеген екен. Сөйтіп жүріп, өзі жарақат алды.

Ол 1941 жылы күзде Батыс майданға тап болып, одан да аман-есен шығады. 1942 жылы Компартия қатарына қосылады. 77-ші гвардия дивизиясының құрамына енген жауынгер Шәріп мыңдаған қашықтықтарды жүріп өтеді: Мәскеу, Сталинград, Минск, Варшава жерлерінен жауды қуып шығады, Берлинге қарсы тұрды.

Шәріп Сексенұлы осындай ерен ерліктері үшін Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен, Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі қос орденімен, екі бірдей Қызыл жұлдыз орденімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған. Тізе берсек, ардагер марапаттарының санында шек жоқ, отыздан астам ордендер мен медальдарымен, КСРО-ның құрмет белгілеріне, Қазақстан Республикасының және де өзге елдердің марапаттарына ие болған. Әр марапаттың артында жауынгерлерге жасалған шипасы мен емінің естелігі тұрды.

Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталған соң, Шәріп Сексенұлы 1946-1949 жылдар және 1952-1956 жылдар аралығында Архангельск, Түркістан және Мәскеудің әскери аймағында, 1949-1952 жылдар аралығында Шығыстағы әскери жасақтың үшінші бригадасында қызмет етті. Ал 1956 жылдан 1968 жылдар аралығында мұғалім, кейін Қарағанды мемлекеттік медицина институтының әскери кафедрасында аға оқытушы болып, кейінгі толқын жастарға дәрігерліктің қыр-сырын үйретеді. Тек Қарағандыда ғана емес, шет елдерде өз тәжірибесімен бөлісті.  

1961-1963 жылдар аралығында білікті дәрігер Ленинградтағы С. М. Киров атындағы әскери-медицина кафедрасын үздік аяқтайды. 1966 жылы жылдар бойғы Отанға сіңірген еңбегі үшін, денсаулық сақтау саласында атқарған қызметі үшін Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының бұйрығы бойынша ҚазССР-дың Еңбек сіңірген дәрігері құрметті атағына ие болады.

Кейін Алматы дәрігерлерді жетілдіру институтында біраз жыл еңбек етіп, полковник шенімен еңбек демалысына шығады. Өзінің еңбек демалысына шыққанына қарамай, ардагер денсаулық сақтау саласында түрлі ғылыми еңбектер жазады.

1976 жылдан күні бүгінгіге дейін Шәріп Сексенұлы  Қарағанды мемлекеттік медицина институтында азаматтық қорғаныс штабын басқарады.

Оның ақ халатты абзал жанға тән асыл қасиеті алыстан-ақ көрінетін. Институттың, қаланың, қоғамдық өміріне де белсене ат салысып, партия Ардагерлерінің кеңесінің құрамында болып, өзінің басынан кешкендерін болашақ ұрпағына айтып отырды. Шәріп Сексенұлы – дана, салмақты, көреген тұлға, асқар әке, данышпан ата, керемет жар еді. Шәріпов Шәріп Сексенұлы артына ескірмес естелік пен өшпес көрегенділік қалдырды.

Сурет: i0.wp.com

Е. Жұмабайұлы