9 мамыр. Сталинград майданында ерлік көрсеткен Николай

9 мамыр. Сталинград майданында ерлік көрсеткен Николай

1941-1945 жылдардағы фашистік Германияның үстінен қол жеткізген Ұлы Жеңіске биыл 70 жыл толады. Осы айтулы күнге алдын-ала дайындық көріп жүрген жандардың бірі Степногорск қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының ардагері Кузнецов Николай Васильевич. Сұм соғыстың талай зардабын басынан өткізген ол бүгінгі бейбіт күнге шүкіршілік айтады, ұрпақтарының соғыс зардабын тартпауын қалайды.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Николай Васильевич 1923 жылдың 17 маусымында Ресейдің Саратов облысы Березовка ауылында дүниеге келген.

Қанды соғыс басталғанда бала Николай 18 жаста ғана болатын. Арадан бір жыл өткенде ол соғысқа алынды. Жаудан елді қорғау ер азаматқа борыш екенін ол жақсы білді. Сөйтті де қолына қару алып, жаумен айқасуға бел байлап шықты.

  Николай Кузнецов 1942 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылды. Ол сол бойда-ақ Сталинград майданында неміс-фашист басқыншыларымен алысты. Қардай бораған оқтың астында жан алып, жан берді. Сталинград қырғыны адам айтқысыз алапатқа ұласқан. Жау да осал болмай шықты. Талай жас өрендер немістің оғынан қаза болды. Жарақаты ауыр Николайды әскери комиссия ұрысқа жарамсыз деп танып, оны елге қайтаруға шешім шығарды. Сонымен Николай Кузнецов 1943 жылдың күзінде соғыс даласынан туған аймағына кері қайтты. Аталған шайқаста Кеңес жауынгерлері бірлік пен ерлікті көрсетті. Табандап тұрып күші басым жаумен анық айқасады. Жерден де, көктен де жау анталап шабуыл жасап жатқан кез болатын.

Николайдың Сталинград майданындағы сөзсіз ерлігі елеусіз қалған жоқ. Ол «Екінші дәрежелі Отан соғысы» орденімен және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. Одан басқа қаншама мерейтойлық марапаттары кеудесінде сыңғыр қағады.

Соғыстан оралған жас жауынгер елге оралған соң қарап отырмады. Еңбекке ерте араласып, қолдан келер шаруаның бәрін атқара білді. Туған ауылында ауылдық кеңестің хатшысы болып жауапты жұмыс атқарды.

Николайдың тағдыры Қазақстанмен байланысты болды. Ол Ресейден қазақ жеріне 1947 жылы көшіп келеді. Орталық Қазақстан деп аталған аймақтың орталығы кенді Қарағандыға қоныс тепті. Ол тағы да Арқа жаққа ауысқысы келді. Сөйтіп 1968 жылы Николай әкей жас қала Степногорскқа қоныс аударады. Білімі мен еңбек өтілі жеткілікті жас маман ТЖКБ қызметінде басшылық қызметтер атқарды.

Бүгінде 92 жастағы Николай бейнетінің зейнетін көріп жатқан санаулы соғыс ардагерлерінің бірі. Ұлы Жеңістің 70-жылдығына әзірліктерін көріп жатыр. Біз де оған мол қуат тілеп қаламыз. Ұлы Жеңістің ұрпаққа мұра болары рас.

Жолдаған: Полатбек Жанбаев

Сурет: cit.ua

Оқи отырыңыз: 

Массагет соғыс ардагерлері туралы естеліктер жинауды бастады

9 мамыр. Соғыста болған бір оқиға

Мәскеуде Талғат Бигелдинов туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтеді

Әйгілі ұшақ көл түбінен табылды

Ж. Өрісбай