Жігіттер: «Есімде қалған 8 наурыз»

Жігіттер: «Есімде қалған 8 наурыз»

8 наурыз мерекесі – біреулер үшін аса қуанышты күн, біреулер үшін жалғыздығын сезінетін күн, енді біреулер үшін сезімін білдіретін күн. Бұл мереке әркімге әрқалай әсер етеді. Жігіттердің басынан өткен қызықты оқиғаларды оқып, қажетімізді қаперімізге түйіп алайық. 

Дәулетбақ Мұятов: 8 сынып оқып жүргенде анама сыйлық алайын деп ақша жинадым. 8 наурыз келді, жинаған ақшама гүл сатып алдым. Ұмытпасам, екі тал гүл. Үйге мəз болып асығып келіп, анама тарту еттім. Анам күлімдеп рақмет айтты. Бірақ артынша анамның қуанышы басылып, сабырлы түрде "Есіңде болсын, гүлді тақ санды етіп сыйлайды" деді. Неге олай екеніне түсінбесем де, содан бері бұл оқиға сабақ болып есте қалды. Əлі күнге іштей ойлап қоямын, əйелдерді түсіну мүмкін емес. Шын көңілмен сыйласа, жұп не, тақ не?! 

Бекзат Жәдігерұлы: Ақпан айы аяғына таяған шақтан бастап жігіттер кездесіп жүрген "қызына қандай сыйлық алсам" деп бас қатырады. Мен де солардың қатарынан болып, 7 сынып оқып жүргенде қалада оқып жатқан әпкеме хабарласып, кеңес сұрадым. Ол қыздардың не жақсы көретінін айтып, бірнеше нұсқа ұсынды. Өз қолыңмен жасалған сыйлық жоғары бағаланатынын айтты. «Тедди ойыншығын алсаң да болады. Футболкаға суретін шығарып бер. Ал гүл алатын болсаң, міндетті түрде қасына басқа сыйлық алған дұрыс» деді. Сөз соңында: «Ал анамызға не сыйлайтын ойың бар?» деді. Бұл сұрақты күтпеген мен тосылып қалдым да, дереу гүл аламын дедім. Ол горшоктегі гүлді жақсы көреді ғой, соны сыйлаймын деп қайталадым. Менің сасқалақтап қалғанымды сезе қойды да: "алыста жүрген біз ештеңе күтпейміз, ал жаныңдағы анаңа не сыйлайтыныңды алдымен ойлан" деді. Бұл сөзді ешқашан ұмытпаспын. 

Жандарбек Жұмағұлов: 8 наурыз болатын. Ұмытпасам, бұл – 10 сынып кезі. Қазақ тілінен дәріс беретін Салтанат апайымның ұйымдастыруымен сыныпта мерекелік кеш өткіздік. Барлығымыздың аналарымыз келіп алған. Біз өнерімізді көрсеттік. Кеш соңына қарай аналарымызға хат ретінде сыйлық жасағанбыз. Сол хатты оқыған барлық оқушы еңкілдеп жылаған едік. Бізге қосылып аналарымыз да жылап, қызық болған. Баламыз ғой, сол кезде шынайы жылаған секілдіміз. Ана деген ыстық екен ғой... Бүгін де сондай жағдай болса, жылап қоятын секілдімін... Анамды сағынған сияқтымын... 

Абылай Есімбай: 8 наурыз мерекесі күні тек қыз-келіншектер ғана емес, ер кісілер де өздеріне қарайды. Себебі, осы мерекеде көптеген жігіт қыздарына сезімдерін білдіруге тырысады. Мысалы, мектеп кезінде сырттай ғашық боп жүрген қызымызға дәл осы мерекеде бетпе-бет "шабуылға" шығатын едік. 1-2-ші курста топтағы қыздарға ұлан-асыр той жасап бердік деп ұялмай айта аламын. Ал 3-курста балмұздақ кездегідей емес, енжармыз. Осылай ұйқысырап жүргенде 8 наурыз мерекесі келіп қалғанын байқамаппыз да. Таңертең университетке келдік. Мерекелік леп ұрып тұр. Қызылды-жасылды шарлар, плакаттар. Бұл ештеңе емес, қыздар жарқырап жүр. Барын киіп, құлпырып келіпті. Жігіттер ешқайсымыз дайын емеспіз. "Қойшы көп болса, қой арам өледі" демекші, бір-бірімізге сеніп жүре бергенбіз.

Сағат 9...11...13... Уақыт зымырап жатыр. Таңертең жарқырап келген қыздарымыз сөне бастады. Бізбен күліп сөйлесіп жүр еді. Енді, уақыт өткен сайын бізге суып барады. Түскі үзіліс. Біздің қыздар университет буфетінде, асханасында қыздарға дастарқан жайып, улап-шулап отырғандарға қызыға да, қызғана қарай береді. Мен осыны сезіп, ұялып кеттім. Ал, біздің ұлдарға бәрібір сияқты. Сонымен не істеу керек? Дереу штурвалды өз қолыма алмасам болмайтын секілді. Әйтпесе, кеме батып кеткелі тұр. Кішкене кешіксек кеш те батады. Ең қиыны, осы 16.00-де сабақ бітті. Қыздар қайтқалы жатыр. Бірақ қайтқылары келмей тұр. Осынша әуре болып, түні бойы дайындалып келді ғой. Топтағы "мен, мен" деген бір-екі жігітке "бірдеңе істейік" деп ұсыныс тастап, келістік. Дереу 1-2 мың теңгеден жинап, қасыма "жалынып жүріп" бір жігітті ертіп, "Апортқа" тартып тұрдым. Ал университетте қалған жігіттер қыздарды бөгей тұрды. Жиналған ақшаға бір-бір тал гүл, екі-үш қорап шоколад, сусын алып, университетке қайта оралдық. Бұл кезде сағат 18.00-ге жақындап қалды. Иіріліп тұрған қыздарды асханаға жинап, өзіміз бар болғаны 5-6 жігіт 7-8 қызға дастарқан жайып, тілек айтып, әйтеуір кері кетіп бара жатқан кемені қайтаруға тырыстық. Сұрықсыз отырыс болды. Қыздар да біздің сол күні амалсыз дайындалғанымызды сезіп отыр. Біз де қысылып отырмыз. Ең қиыны 15 адамның бәрі бұның "постановка" екенін біледі, бірақ, білмегенсіп отыр. Сонымен, аяқ асты жазылған сценарий жүзеге асты. Қыздар сәл де болса қуанып, үйлеріне қайтты. 

Кейін бұл шытырманды күліп еске алатын болдық. Сол үшін шынайы болайық, жігіттер. Қыздарымызды аялайық. Көңіл бөлмесең, жаныңда жарқырап жүрген күніңді сөндіріп алады екенсің. Олар сіздің көңіліңізден, назарыңыздан қуат алады.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар