8 наурыз. Қыздар туралы мақал-мәтелдер

"Қыз қонақ" деп сыйлаған қазақта қызбаланың орны ертеден қадірлі, бағалы болған. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында бағзы заманнан айтылып келе жатқан қыздар жайындағы мақал-мәтелдерді ұсынуды жөн көрдік.

Ұлым – ұяға,
Қызым – қияға.

***

  Қыз — ауылдың көркі,
Құндыз болса, бөркі.

***

Қыз жоқ жерде қызық жоқ.

***

Қызға бергенді Қыдыр өтер.

***

Қызды таныс алады,
Таныс алмаса, қоныс алады.

***

Қызыңды жеріне бер,
Жер ыңғайы келмесе, еріне бер.

***

Қызды қартша сына,
Атты жігітше сына.

***

Қызым үйде, қылығы түзде.

***

Астың дәмін тұз келтірер,
Ауылдың сәнін қыз келтірер.

***

Бір жақсы қыз,
Екі жаман ұлға татиды.

***

Жерді шым, елді қыз біріктіреді.

***

Суды құм бөгейді,
Дауды қыз бөгейді.

***

Қой жүрген жер – береке,
Қыз жүрген жер – мереке.

***

Ақылды қызға ана көп,
Аяулы жанға пана көп.

***

Бесін болса, күн тұрмас,
Күйеу келсе, қыз тұрмас.

***

Шыққан қыз шиден тысқары.

***

Теңін тапса, тегін бер.

***

Қалыңсыз қыз болса да,
Кәдесіз қыз болмайды.

***

Қыздың баласындай, қолдың саласындай.

***

Қысыла-қысыла қыз болдым.

***

Қыз күнінде бәрі жақсы,
Жаман қатын қайдан шығады.

***

Қымызды кім ішпейді,
Қызды кім айттырмайды.

***

Ас таңдасаң, аяғына қара,
Қыз таңдасаң, анасына қара.

***

Күндес көргеннің қызын алма.

***

Жақсы қыз біреу келсе, есік ашар,
Жаман қыз біреу келсе, төрге қашар.

***

Тұзды көп сақтама, су болады,
Қызды көп сақтама, күң болады.

***

Қарты бардың хаты бар, 
Қызы бардың назы бар.

***

Өзі болған қыз төркінін танымас.

***

Жақсы қыз – жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт – төбедегі жұлдыз.

***

Біреудікі біреуге қыздай көрінер.

***

Отырған қыз орнын табар.

***

Аш кісі май таңдамас,
Кәрі қыз бай таңдамас.

***

Ойының бекімі жоқ қыз қырық құбылады.

***

Қызды жеңге,
Жеңгені теңге бұзады.

***

Қызбен алыспа, қысырақпен жарыспа.

***

Ақылды қыз білімге жүгірер,
Ақылсыз қыз сөзге ілігер.

***

Қыдырымпаз шешенің қызы бастаңғышыл.

***

Жазымсыраған қыстан без,
Жасымсыраған қыздан без.

***

Қызы бар ауылдың қыдыры бар.

***

Қыздың жолы жіңішке.

***

Қызым, саған айтамын,
Келінім, сен тыңда.

***

Ананың көңілі қызында,
Қызының көңілі қызылда.

***

Ұлға – түтін, қызға – күтім.

***

Сұлу жігіт – ел көркі,
Сұлу қыз – үй көркі.

***

Қыздың көркі – кигені,
Жігіт көркі – сүйгені.

***

Қыз бала – өріс.

***

Қыздың тамағы қылдай.

***

Қыздың қырық жаны бар.

***

Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?

***

Қыз өссе – үйге жұт,
Ұл өссе – үйге құт.

***

Қызды ауылдың иті жатпас.

***

Қыз қылығымен сұлу.