Өз анасын аяусыз ұрған: әйел баласын кешірсе де, сот ер адамды жазалады

Алматыда өз анасын аяусыз соққыға жыққан тұрғынға қатысты сот үкім шығарды, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Қарт адамды дәрменсіздігіне қарамастан, соққыға жыққан адамның озбыр қылығы жер үйдегі бейнекамераға түскен. Онда шамамен 50 жастағы ер адамның өз анасын алдымен буындырып, жерге құлатқаннан кейін балдақ сынғанша төмпештегені анық көрінеді. Өз анасына күш қолданған адам мұнымен тоқтап қалмай, сұлатып түсіріп, орындықпен ұрған.    

"Сот-медициналық сараптамаға сәйкес денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтірілген. Сотталушы жасаған қылмысын толық мойындап, өкінетінін айтты", - деді Алатау аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Дінмұхамед Маханбетқұл.

Айта кетейік, оқиға Алматыда Жезқазған көшесінде болған. Келін мен ене арасындағы жанжал ушыққанда мас күйде келген ер адам анасына тап берген. Күдікті бейнежазба арқылы анықталып, ұсталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. 3 ай өткеннен кейін сот отырысы өтті. Онда жәбірленушіден бөлек, айыпталушы мен оның адвокатынан жауап алынды. Әйел баласын кешіретінін айтты, бірақ сот ер адамды кінәлі деп тапты.

Сот қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін Смирнов Александр Владимирұлын кінәлі деп танып, ҚР ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігі 3 және 5-пунктіне сәйкес 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындады.