Қазақстанда Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан қанша ардагер бар?

Қазақстанда Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан қанша ардагер бар?
Фото: ortalyq

Қазақстан Республикасында Екінші Дүниежүзілік соғысына қатысқан 665 ардагер бар. Былтыр олардың саны – 1025 болатын. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлім етті.

Басқа санаттағы 113 мың 555 азамат бар. Оның ішінде:

– қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 74 адам;

– концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 221 адам;

– ЕДС қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері) – 2 296 адам;

– ЕДС кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 10 адам;

– тыл еңбеккерлері – 89 385 адам;

– ЕДС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер– 21 569 адам.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай барша қазақстандықты Жеңіс күнімен құттықтады.

"Әрбір адамның борышы – өз елінің өткенін білу және құрметтеу, барлық ұрпақтың жарқын болашағы жолында Жеңіске жету үшін майданда соғысқан және тылда еңбек еткен ардагерлеріміздің ерліктерін ұмытпау. Соғыс кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрамдар құрылды", – деді Ерлан Әукенов.

Екінші Дүниежүзілік соғысында көптеген қазақстандық майдандағы ерлігі үшін түрлі медальмен марапатталды. 499 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. 4 қазақстандық екі рет Батыр атағын алды. Еліміз 600 мың азаматынан айрылды, 271 мың аса адам үйіне оралмай жоғалып кетті.

"Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіске жету жолында қасық қаны қалғанша күресіп, өмірін қиды – ұрыстарда қаза тапты, жаралар мен аурулардан көз жұмды, хабар-ошарсыз кетті. 630 мың адам тұтқыннан оралмады", - деді вице-министр.

Бұған дейін Қазақстанда 9 мамырға дейін Екінші Дүниежүзілік соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне төлемге 6,4 млрд теңге жұмсалатыны хабарланған болатын.

Т. Раушанұлы