Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Арнайы жобалар / 22 наурыз – 2019 / Дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы

Дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы

Дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы

Күн мен түн теңелетін, Самарқанның көк тасы жібитін, "көгіне күнін өрлетіп, ешкі мен қойын төлдетіп, қаймақ пен сүтін көлдетіп" келетін 22 наурыз – Шығыс халқында жыл басы. Бұл ежелгі мейрам жайында, шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлағандығы туралы Əбу Райхан Бируни, Омар һайям, т.б. өз еңбектерінде мəліметтер келтірген. Қазақтың бес арысының жазбаларында да Наурыз мейрамы жайлы көп айтылған. Соның бір парасын ұсынбақпыз.

Шəкәрім Құдайбердіұлы

« - "Наурыз" парсы тілі: Жаңа күн деген сөз. Ескі қазақта (ескі түрікте) Жаңа жыл күнінің атты – Ұлыс. Жыл басының аты Ұлыс екенінің дəлелі мынау: "Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы болар", - деген ескі мақал ».

 

Ұлыстың ұлы күнінде,
Бай шығады балбырап.
Қасында жас жеткіншек,
Тұлымшағы салбырап.
Келіншек шығар керіліп,
Сәукелесі саудырап.
Қыз шығады қылмиып,
Екі көзі жаудырап.
Бозбала шығар бұрқырап,
Ақбөкендей сырқырап.
Құл құтылар құрықтан,
Күң құтылар сырықтан.
Кетік ыдыс, шөміштің,
Түтіні шығар бұрқырап.

 

Ахмет Байтұрсынов

« Наурыз – қазақша жыл басы. Бұрынғы кезде һəр елде наурыз туғанда мейрам қылып бас асып, қазан-қазан көже істеп ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп кəрі-жас, қатын- қалаш бəрі де мəз болып, көрісіп, араласып қалушы еді. Бұл кезде ол ғұрып қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, Хұты наурыздың қай айда, қай күні болуы хақында һəр түрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз марттың бірінде, екіншілері тоғызында келеді деседі, һəр жұрттың белгілі күнде жаңа жылы туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл басталғанда: «Жаңа жыл қайырлы болсын! Жаңа бақыт нəсіп болсын!» деп құттықтасады, ол күнді мейрам қылып шаттықпен өткізеді.

Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді; біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, əйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық. Күн жылынып, қар еріп, жан-жануар жаздың жақындағанын сезіп көңілденген кез. Шаруа адамдарының бейнеттен қолы шешіліп, алты ай қыс баққан арықтарын үмітті күнге жеткізіп, демалып отырған кез. Ағаш, шөптер қар астынан сілкініп шығып, гүлденіп жасаруға даярланып, күн де қыстай бір бүйірлеп жүруін қойып жоғары көтеріліп, бүтін ғаламға нұрын шашып, үйсізді үйлімен теңгеріп, бай мен жарлыға бірдей сəуле беруге тұрған кез. Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерісінің кезеңінде біздің Жаңа жылымыз – Наурыз туып, ата ғұрпымызды ұмытпай белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді ».

Міржақып Дулатов

« Қош келдің, Наурыз!

Жер жүзіндегі жұрттардың бəрінің де түрлі-түрлі мейрамдары болады. Мəселен, дін мейрамы, ұлт мейрамы, мемлекет мейрамы секілді. Өзгелерді былай қоя тұрып, өзіміздің сыбайласымыз – орыс жұртын алсақ, бұл туралы қазақтың мақалы да бар: "Орыста мейрам көп, қазақта айран көп". Біздің қазақ айранға бай болғанымен, мейрамға жарлы екендігі осыдан көрінеді. Жалпы мұсылман жұрттарына ортақ, жылына екі рет келетін ораза, құрбан айттарын есепке алмағанда, біздің қазақ-қырғызда жалғыз-ақ мейрам бар, ол – Наурыз.

Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы ұлт мейрамы. Наурызды қазақтан басқа Күншығыс жұрттарының көбі, мəселен, Үндістан, Иран, Ауған, Бұхар, Кавказ, Түркістандықтар да мейрам етеді. Бірақ бұлардың бəрін салыстырғанда, Наурызды біздің қазақтың мейрам етуі айрықша сыйымды, артықша дəлелді. Неге десеңіз, марттың ескіше 9-нда, жаңаша 22-інде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, жаз жетіп, шаруа кенеледі. Қыс бойы ақ кебінін жамылып, өлім төсегінде жатқан табиғаттың, жанды-жансыздың тірілуі кімнің де болса көңіліне шаттық беретіні анық болса, тіршілік жағынан қыстың өтуіне, жаздың жетуіне қазақтан артық тілектес, қазақтан артық қуанатын ел жоқ деуге сыяды. Тіршіліктің арқауы, алдымен, тамақ. Дүние жаратқаннан бері жанды-жансыздың бəрінің талас-тартысы, шынын айтқанда, тамақ үшін, күн көруі – алдындағы айдап, өсіріп жүрген малының амандық, жамандығымен байлаулы. Өнері, кəсібі, зауыты, фабрикасы бар, табиғатты қолданған мəдениетті елдер қыстың қысымын қазақтай көрмейді. Болмашы боранға, жауын-шашынға, топтанған бұлтқа, ауысқан желге, керек десе, жаңа айдың қалай туғанына шейін, қазақтың зор мағына беруі – əшейін еріккеннен тапқан ермегі емес, қыстың ауыр ия жеңіл өтуінен тіршілігі өзгеретін, жеңіл болса құт, ауыр болса жұт болатындығын байқаған тəжірибеден шыққан нəрсе. Дұрысында, қазақтың тамағы да, киімі де, үйі де, күйі де, көлігі де, отарбасы да, телеграфы да, телефоны да мал емес пе? Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын, жаздың басы жаңа күн – Наурызды қалайша мейрам етпесін!

Соңғы жылдар қазақтың шаруасын күйзелтіп, байтақ елі ашаршылыққа ұшырап, ойын ойнап, тойын тойламақ түгіл, барар жер, басар тау таба алмай дағдарған еді. Енді шүкір, аздап заман түзеліп, шаруасы оңалуға айналғаннан кейін, оның үстіне биылғы қыс əр жерде жеңіл болып, жұрт алдырмай-шалдырмай аман-есен жазға жетіп отыр. Сондықтан бұл Наурыз ел-елде қуанышпен қарсы алынып, шаруаның бір малы екеу болып, көңілі өсіп, жасы үлкендер құшақтасып көрісіп, жаңа өспірім жас буын қуанысып-күлісіп, жанның бəрі дүниеге жаңа келгендей мəз-мейрам болса керек. Мұнан былай да, бүгінгі күнді жыл сайын осындай қуанышпен қарсы алып, ойнап-күліп өткізу үшін қазақ елі ерінбей еңбек сіңіріп, мезгілін өткізбей егін егіп, пішен шауып, күнілгері қамыңды же. Сонда ғана былтырғы, бұрнағы жылдардай қан жыламай, алдағы Наурыздарды да шын мейрам, шын шаттықпен өткізесің.

Қуанышты күнің – жаңа Жылың құтты болсын, қазақ! Дүниеге көрік берген, шырайы жылы жыл басы – Наурыз, қош келдің! »

"Еңбекші қазақ", 1923 ж.

Жүсіпбек Аймауытов

« Жер қар.  Жел темірқазықта. Күн шытқыл. Төбе үстінде ақ таяққа сүйеніп, мосқалдау бір адам тұр. Үстіндегі қырысқан, ысқаяқ ескі тоны, көң шалбары,  басындағы тысы түте-түте қызыл сеңсең тымағы, беліндегі қырық жылғы қынды кісесі, далаға шыныққан, қошқыл тартқан қалың бет-аузы бұл адамның қойшы екенін айтпай танытады.

Өңі ескіргенмен қойшының селдір шоқша сақалы, бытыранды түкті мұрты əлі күнгі қап -қара. Төбенің күнгей бетінде жайылып жатқан жүз қаралы қой. Қойшы қойына анда-санда көз жіберіп, таяғын таянып тұрып аспанға қарайды. Қарағанда мынадай ой түседі.  «Аспанның түрі мынау: сұп-сұр болып, мұнартып тұрғаны.  Күннің қабағы бір жадырамайды.  Ажары бір кірмейді. Артында тағы зілі бар ма, əлде немене...

Қалған арық-тұрақты тағы типыл қылып кетпесе неғылсын...». Қойға бір қарап қойып, тағы ойлайды: «Баяғыда бұл мезгілде күн жылынып, қар еріп, алатегенек болып жатушы еді. Енді шегелеп қойғандай қары құрғыр бір міз бақпайды, көк аязданып, сіреудей болып жатқаны. Бұ не деген əлемет болды!..  Баяғыда бүгінгі күні қазан-қазан құрт көже істеп, үй басы жылқының басын асып, наурызды мейрам қылып, қағанағы қарқ болып қалушы еді. Атқа мініп ауыл қыдырғанда көңіл көтерілуші еді.

Желпініп ойнап-күліп, тамаққа тойған соң, қыстайғы сарсық бойдан бір шығушы еді.  Қойды ауылға таман сыра тастап,  біз де барушы едік. Өйдейт дерсің! Үлкен үйлердің тай қазандары күп-күрең, сары қасқа құртқа толып тұрушы еді. Қарнымыз сыздағанша ішіп-ішіп, тершіп, шымырлап отырушы едік! О да бір дəурен екен!... »

"Далада Наурыз" әңгімесінен үзінді

Мағжан Жұмабаев

« Əр халықтың өзінше Жаңа жылы, жыл басы болады. Азияда Жаңа жыл – жазғытұрым, қазақ елінде – Наурыздың жиырма екісі. Жаңа жыл күні қазақ күн райына қарай алдағы жазды рақатты, рақатсыз болады деп болжау жасайды. Қар тез кете ме, жаз жылдам бола ма деп болжам жасайды. Қазақтың Жаңа жылы – жызғытұры күн мен түннің теңелген (22 наурызда) күні болады.

Жаңа жылдың ертеңіне жарық, жылы күн қараңғы суық түннен ұзара бастайды. Бұл ретте қазақ Жаңа жылы ғылым қойнына да барып кіріп қалады. Ежелгі түркілердің Наурызды қарсы алуы көшпелі түркілер Наурыздың теологиялық – мифологиялық мазмұнына айрықша назар аударған. Ол түркілердің Наурыз мейрамын тойлаудағы əдет-ғұрыптарында жарқын көрінісін тауып, біздерге тарихи жазбалар арқылы танылып отыр ».

Дайындаған: Нұржамал Үсенова
Фото: slide-share.ru, dereksiz.org, adebiportal.kz
Қосылған күні: 19 наурыз, 16:01

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.