Наурыз мейрамын ресми түрде тойлайтын мемлекеттер

Наурыз мейрамын ресми түрде тойлайтын мемлекеттер
Фото: s.zagranitsa.com

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы да жақындап келеді. Әз Наурыз Қазақстаннан өзге елдерде де кеңінен атап өтіледі.

Әз Наурызда Жер әлем жаңарып, тіршілік жанданады, мал төлдейді, жануарлар қайта түлеп, ғаламшарымыздағы биоүдерістер жаңа фазаға өтеді. Осы бір мейрам кезінде тіршілік жаңарып, жаңа жыл басталатынын Шығыс халықтарымен қатар, өзге елдер де мойындайды. Қазіргі таңда Наурыз мейрамын Қазақстаннан өзге Әзірбайжан, Албания, Ауғанстан, Босния және Герцеговина, Үндістан, Иран, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресей құрамындағы Татарстан, Башқұртстан сияқты мемлекеттер ресми түрде атап өтеді. Сонымен қатар Түркия  мен Өзбекстанда да мемлекеттік мейрамдар қатарына енгізілген.

Әр елде Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі сол ұлттың салт санасына байланысты әртүрлі қалыптасқан. Кей елдердегі атауы да өзгеше. Ежелгі гректер "патрих", бирмалықтар "су мейрамы", тәжіктер "гүл гардон", "бәйшешек", "гүлнаурыз", хорезмдіктер "наусарджи", татарлар "нардуган", буряттар "сагаан сара", соғдылықтар "наусарыз", армяндар "навасарди", чуваштар "норис ояхе" деп түрліше атаған. Десек те, бұл халықтардағы мейрам атауы әртүрлі болғанымен, түп негізі бір тіннен шыққанын аңғару қиын емес. Бұл мейрамдарға қатысты деректер әйгілі Әбу Райхан Бируни, Омар Һайям еңбектерінде кездеседі. 

Қазақ жерінде Наурыз мейрамы ертеден тойланып келді. Кеңес үкіметі тұсында тұралап қалған тұс та болды. Себебі Наурыз мейрамы 1926 жылы тойлануға тыйым салынды. Тойланса да кең көлемде атап өтілген жоқ. Ұлық мереке 1988 жылы қайта жаңғырды. 1991 жылы 15 наурызда "Наурыз мейрамы – халықтық көктем мерекесі туралы" Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шыққаннан кейін ресми мейрам болып танылды.

Ұлттың ынтымағын ұйытқан ұлық мейрам – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Н. Үсенова