22 наурыз. Ұлылардың батасы

22 наурыз. Ұлылардың батасы

Ұлы кісілердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Сол тұлғалардан бата алған адам өзін бақытты сезініп, сол кісінің жолын береді, жасын береді деп жақсыға жорыған! Міне, сіздерге сондай қасиетті батаның бір парасын ұсынамыз. Өзінен естімесеңіздер де, сөзін біліп, осы ақ тілеу сіздерге де қабыл болсын!

Бұқар жырау батасы

Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз.
Судан суға шүйгумен,
Көлден көлге қоныңыз.
Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де,
Маң-маң басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден
туғандай болыңыз!

Жамбылдың батасы

Құдайым осынау үйге дұға берсін,
Тіл-аузын дұшпанының буа берсін.
Келіннің балағынан бала сулап,
Салпы ерің сары балалар туа берсін.

Бейсен бидің батасы

Арыстанның айбатын бер,
Ер Әлімнің қайратын бер.
Абылайдың алдын бер,
Ер Жәнібек артын бер.
Ер Бөгенбай жолын бер.
Ер Қабекем қолын бер.
Ер Қазыбек бақытын бер.

Шал ақын

Құдая, құдіретіңмен сақтағайсың,
Хақ деген пендең болса тастамайсың.
Су құйса төгілмейтін боз жорғаның,
Аяғын аңдаусызда қақпағайсың.
Құдая, жаманыңмен теңді қалма,
Құрбымнан өзім теңді кемді қылма.
Жаратқан барша жанды піруадігер,
Өзімде пенделерге пенде қылма.

Орысбай Әбділдаұлы батасы

Ел көңілі шалқысын,
Күн нұрына балқысын.
Перзенттері тік тұрып,
Қызмет етсін халқы үшін.

Қара жерге шаншылып,
Орман болсын талшыбық.
Егін-жайлар жайқалсын,
Ақ жауынға малшынып.

Боз інгендер боздасын,
Қой егізден қоздасын.
Жұмыс басты пенделер,
Ойламасын өз басын!

Бұзау үзіп бұйдасын,
Сиыр уыз сыйласын.
Көже құйып көршілер,
Бірін-бірі қинасын!

Қыл-құйрықты өсіріп,
Құлын шапсын көсіліп.
Жылқышылар құрық сап,
Шаттансыншы төс ұрып!

 Отар көшін бастаған,
Ақ мүйізбен жасқаған.
Ақ серкелер көбейсін,
Көшті алға бастаған!

Көк қауласын дүркіреп,
Жаусын жауын сіркіреп.
Жаңа дүние жаңғырсын,
Ой-сананы сілкілеп!

Ұлы күні Ұлыстың,
Ұйығындай  ұлы істің!
Тай қазаны тасысын,
Құт-береке ырыстың!
Әмин!

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Абай шығармашылығын зерттеушілер
Абай шығармашылығын зерттеушілер
i-balaqai: Қазақстандағы балалардың қауіпсіздігі туралы
i-balaqai: Қазақстандағы балалардың қауіпсіздігі туралы
"Абай – рухани реформатор" атты президент мақаласындағы 5 маңызды ой
"Абай – рухани реформатор" атты президент мақаласындағы 5 маңызды ой
Абай айтқан "бес дұшпаннан" толық арылған жоқпыз – Тоқаев
Абай айтқан "бес дұшпаннан" толық арылған жоқпыз – Тоқаев
Конор МакГрегор сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасады
Конор МакГрегор сүйіктісіне үйлену туралы ұсыныс жасады
Қара түсті хайуанаттардың сыры
Қара түсті хайуанаттардың сыры