Наурыздың өзге мейрамдардан ерекшелігі

Бүгін "Наурыз мейрамының басқа атаулы күндерден қандай ерекшелігі бар?" деген сұраққа жауап іздейміз. 

Наурыз – жылдың басы. Ұлыстың ұлы күні жұрт жұмыс істемейді, сапарға шықпайды, іс тікпейді, құрылыс не басқа да бір іс бастамайды, ешкімді ренжітпейді, дауыс көтермейді, әбес сөйлемейді, кір жумайды, шарап ішпейді, құрбан шалмайды, құран оқымайды. 

Астрономия

Әр халық жаңа жылды әр мезгілде тойлайды. Мәдениеті Парсы империясының ықпалында болған халықтар бұл мерекені 22 наурызда атап өтеді. Көп "жаңа жылдардың" ішінде тек 22 наурыз мейрамының ғана астрономиялық негізі бар деуге болады. 22 наурыз – күн мен түннің теңесетін уақыты. 22 наурыз – барлық тіршілік иесі оянып, көк шығып табиғаттың жаңара бастайтын мезгілі. 

Символ

Григориан күнтізбесі бойынша белгіленген жаңа жылдың басты символы Аяз ата болса, Наурыз мерекесінікі – Қыдыр ата. Ол – бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы қарт. Ол ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан, осы күні әр отбасы Қыдыр ата келеді деп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Халық мұндай үйге Қыдыр ата келіп, бата беріп кетеді деп сенген. "Қыдыр қонған", "Қыдыр дарыған" деген сөздер осыдан қалған. 

Тағам

Әр мерекенің өзіне тән дәстүрлі тағамдары болады. Наурыз мерекесіне ғана тән ас – наурыз көже. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен: сүт, ет, су, тұз, тары, құрт, жеміс секілді тағам түрлерінен жасап, оған қазы, шұжық, сияқты сыйлы мүшелер қосып, мерекемен құттықтауға келгендерге ықыласпен ұсынады. Наурыз көженің дәстүрлік, ұлттық тағылымы өте зор. Ол халықты жомарттыққа, ізгілікке, ұйымшылдыққа, татулыққа, бірлікке үндейді. 

Ән-күй

Кез келген мерекеде ән-жыр айтылатыны сияқты, күн мен түн теңелген күні наурыз жыры орындалады. Наурыз жыры – Наурыз мейрамында айтылатын халық ауыз әдебиеті түрлерінің бір саласы. Жыр өлең заманға лайықталып, мадақтау, тілек, бата, әзіл түрінде айтылады. 

Тілек

Кейбір мерекелерде тост айту рәсімі дәстүрге айналса, қазақтың жаңа жылында бата айтылады. "Наурыз көжеге" шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, палуандарға, жас талапкерлерге ақсақалдар, ел ағалары бата береді.

Материалды дайындауда Сейіт Кенжеахметұлының "Қазақтың салт-дәстүрлері" кітабындағы ақпарат қолданылды

сурет: antika.kz

Бөлісу: