Гази университетінің студенттері Наурыз мейрамын тойлады

Гази университетінің студенттері Наурыз мейрамын тойлады

Түркияның Анкара қаласындағы Гази университетінде оқып жатқан қазақ студенттері Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай мерекелік кеш өткізді.

Кеш Гази университеті, Әдебиет факультетінің оқытушысы Гүлжанат Құрманғалидың жетекшілігімен және «Мевлана» ұтқырлық бағдарламасы бойынша ауысып келген, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің студенттерінің қатысуымен ұйымдастырылды.

Мерекелік кеш Қазақстан, Түркия елдерінің әнұранымен басталды.

Әдебиет факультетінің деканы Алтан Чекин кіріспе сөз сөйлеп, көпшілікті Наурыз мейрамымен құттықтады.

Одан кейін студенттер ұйымдастырған театрландырылған көрініске кезек берілді. Студенттер шет елдік көрермендерге қазақ жастарының ойын-сауығы – «Бастаңғы» арқылы қазақ халқының дәстүрін, өнері мен мәдениетін, ұлттық ерекшеліктерін көрсетуге тырысты.

«Бастаңғыда» көңіл сергіткен жастар ән салып, күй төкті. Наурыз мейрамына орай арнау жыр айтылып, артынанан қыз бен жігіттің тартысты айтысына ұласты.

Өнерлі жастар халық әндерін шырқап, домбыра үнін асқақтатты. Ойын-сауық кезінде жігіттердің қызға, қыздардың жігітке тарту етер «Ұйқыашары» мен «Селт еткізері» табысталды.

Сондай-ақ, жігіттер жағы білек күресін көрсетіліп, өзара сынға түсті.

Гази университетінің белсенді студенттері де шарадан сырт қалмады. Олар қазақ тілінде өлеңдер оқып, көрермендерді бір серпілтіп тастады.

«Мевлана» ұтқырлық бағдарламасы бойынша ауысып келген, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері де кеш қонағы болып, өнерлерін ортаға салды.

Қазақтың ұлттық биі - «Қара жорғаға» кезек келгенде залдағы көрермендер орнынан тұрып, бірге билеп кетті.

Кеш соңында өнерлі жастарға Гази университеті атынан арнайы алғыс хаттар табысталды.

Арнайы Массагет үшін Анкара қаласынан: Шерхан Талапұлы

Суреттерді түсірген: Алмас Қазыбек

Ш. Талап