Анкарада Наурыз мейрамы тойланды

Анкарада Наурыз мейрамы тойланды

Кеше ғана бауырлас түрік елі Наурыз мейрамын тойлауды бастап кеткенін хабарлаған болатынбыз. Конья қаласыннан бастау алған мейрам Қазақстан Республикасының Түркиядағы елшілігінің тікелей ұйымдастыруымен Анкара қаласында жалғасын тапты. Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев Наурыз мейрамына орай арнайы дастархан жайды.

Елшіліктің бақшасында өткен мерекелік шараға Түркияның бұрынғы Мәдениет министрі Намык Кемал Зейбек, Түрікменстан, Польша, Өзбекстан, Белорусия, Ресей, Моңғолия елдерінің өкілетті елшілері және Түркия мәжілісі депутаттары қатысты.

Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйлеп, ақ тілегін жеткізді.

Мерекелік шара одан әрі шағын концерттік бағдарламаға ұласты. Түркі жұртына жақсы таныс, бауырлас Ноғай халқының әйгілі әншісі, композитор, Қазақстанның мәдениет қайраткері Арсланбек Сұлтанбеков арнайы келіп, ән шырқады.

Наурыз мейрамына орай өткізілген мерекелік шараларға атсалысып жүрген Арсланбек Сұлтанбековпен тілдесудің сәті түсті.  

Әнші, композитор Арсланбек Сұлтанбеков:

«Мен ноғай мен қазақтың кезінде бір ел болып, белгілі себептермен айрылып кеткенін жиі айтып жүрмін. Мен Қазақстанды өз елімдей көремін. Алғаш Қазақстанға барған кезде қазақтың жақындығын бір минуттың ішінде-ақ сезініп үлгердім. Қазақстанда көп достарым бар. Қазақ елі өсіп-өркендей берсін. Алла Тағала берген жерді, байлықты, мәдениетті, әдебиетті күллі әлем танысын. Қазақстандық бір досым: «Біз сіздерді Қазақстанға келгенде қазақ деп білейік, сіздерге біз барған кезде ноғай деп біліңіздер», - деп айтып еді. Тарихтан білетініңіздей, біз екіге бөлініп кетсек те бір халықпыз. Шыны керек біздің ноғайлар да қазақтардай ру-руға бөлінеді. Ертеден біз жүзге кірмей қалдық, сондықтан да, біздің жақта бөлінушілік бар. Ноғай елінің шыққан жері Ембі. Ендеше қазақ емеспіз бе?!

Қазіргі уақытта қиын бір уақыт болып тұр. Теледидарды қарауға қорқасың. Ата-бабамыздан қалған: «Сабыр түбі сары алтын» деген тамаша бір сөз бар. Не болса да сабырмен қабылдап, татулықпен, достықпен бірге болайық. Үлкен жүректі болайық. Наурыз мейрамы құтты болсын!»

Мерекелік кештен фотосуреттер:

Арнайы Массагет үшін Анкара қаласынан: Шерхан Талапұлы

Суреттерді түсірген: Шерхан Талапұлы

Ш. Талап