Махаббат жайлы жеті өлең

Махаббат жайлы жеті өлең
Фото: vk.com

Махаббат – таусылмайтын мәңгі тақырып. Ол өлмейді. Ол көнеден бері бар. Осы бір бітпейтін тақырыптың ауқымы мен аясы кең. Махаббат жайлы жазылмаған жыр да, айтылмаған ән де кемде кем. Адам жанын ыстығына күйдіріп, суығына тоңдыратын да асыл сезім емес пе еді? Махаббат тақырыбындағы ең үздік жеті өлеңді оқи отырыңыздар!

Алыстағы жақыным

Кім сағынып, 
Кім сүймеді, е, мені, 
Сенен басқа жоқ ешкімнің керегі! 
Неге менің Өмірімнің жолдары, 
Қайта-қайта саған алып келеді?! 

Мың шақырым, мың шақырым − арада, 
Жолға қарап, жүрмін жалғыз далада. 
Бұл қалада тәнім ғана жүр қазір, 
Ал, жүрегім − мүлдем басқа қалада... 

Көк долы жел көтерілді шығыстан, 
Көршілерім, келеді, әне, жұмыстан. 
Шіркін, сені ойлап келе жатқанда, 
Шыға келсең, қазір анау бұрыштан... 

Шыға келсең, қарсы алдымнан, расында, 
Жүрсең, сосын... менің ғана қасымда! 
Әттең, бірақ, сені көрмек түгілі, 
Арман болды-ау, бір тал қара шашың да... 

Жұрттың бәрі үйге қашып суықтан,
Ал мен мәзбін, жұртқа күліп миықтан.
Сен жарық Күн сияқтысың... Алыста 
Жүрсең дағы жан-тәнімді жылытқан. 

Өз-өзіңді күтпейсің-ау, тоңғағым, 
Жеңіл жүрме, бар уайымым – сол, жаным. 
Тоңбадың ба?! Ыстығына шілденің,
Сұп-суық боп жүруші еді-ау қолдарың... 

Аласұрып ақпан жатыр құбылып, 
Сенен ғана сезіледі жылылық. 
Қара суық, қала суық, мұндайда 
Жылы жаққа кетсем дейсің 
қыдырып... 

Қайтем, бірақ, Шри-Ланка, Багамын, 
Коста-Рика, Бора-бора аралын?! 
Әлемдегі керемет жер − мен үшін − 
Сенің ыстық құшағың ғой, уа, жаным! 

Қажет емес Рим, Париж, Лондоны, 
Венеция... қызық емес ол дағы. 
Біреуін де қаламаймын мен соның, 
Жүрегіңде өмір сүрсем, болғаны! 

Сағыныш па? 
О, не қылған желік бұл, 
Кетсем, шіркін, от-деміңнен еріп бір?! 
...Мың шақырым, мың шақырым − арамыз, 
Ал мен сені құшақтағым келіп тұр...

Алмас Темірбай

***
Сені ешкімге бермеймін!
Сұрамасын! 
Сұрамасын, жанымның мұнарасын!
Маған сені Тәңірдің өзі берген,
Пейіште періштелер жылағасын!

Мен сені көкте Күннен қызғанамын!
Сезіле ме жүректің мұздағаны?
Мына опасыз дүниеде күнәсі жоқ, 
Тәңірдің сүйіктісі біз ғанамыз!

Мен сені сүюден жалықпаймын, 
Қанатсыз-ақ қасында қалықтаймын!
Сен қасымда болғанда жұмақтаймын, 
Сен жоғалсаң, алаулы тамұқтаймын!

Мен сені сағынудан азап шегем, 
Азап шегем.. 
Бұл азап ғажап неге?!
Кеудемдегі жалынмен салыстырсаң, 
Аяз болып көрінер тозақ деген!

Құлағыма еш сөзді іле алмаймын, 
Себебі мен сезімсіз жүре алмаймын. 
Өзгелерсіз күн кешсем, өкінбеймін, 
Ал, өзіңсіз өмірді сүре алмаймын!

Ақберен Елгезек

***

Наурыздың бірі ме, ертең?..
Тұрғаны-ай бір сезімнің алып қашып,
Көшеге шығайықшы күліп, еркем,
Көктемкөз ғашықтардай қол ұстасып!

Бала гүл көңіліндей,
Ақ жүзіңде алқызыл от алмасып,
Көктемнің ең алғашқы шеруінде,
Қайыңдармен жүрейік қатар басып!

Мойныңда күлгін шəлі,
Жасыл көйлек – жаңа ұран көрікке шын,
Күлкіңді сандуғаш пен бұлбұл салып,
Гүлдер нəзіктігіңе еліктесін.

Иыққа құстар қонып,
Бұйыққан дүние бізге елеңдесіп,
Сені көрген адамдар құштар болып:
«Ақынның жары, шіркін, өлең!» десін.

Сен сонда əнтек күліп,
Көзіңнің жорта қара шалғайынан,
Мен, болсам, жүректерді өртеп тұрып,
Сүйермін сол өлеңнің маңдайынан.

Көктемнің бірі ме, ертең,
Секілді қыстың соңғы кеші кірген?!.
…Көресің, бір көктемді түбінде, еркем,
Мен сенің атап кетем есіміңмен!

Ерлан Жүніс

Құрметтім, қош келдің Жүрекке! 

Құрметтім, 
Рухым Жерге тасталған сәттен, 
Өмірім сәтті басталған сәттен, 
Өлім сағатын сарылып күткен, 
Жүрегімді тыңда... 

Жан болып аңқылдап сөйлеген, 
Ар болып саңқылдап сөйлеген, 
Дәл сендей күйінген, сүйінген, 
аңғалдау, 
адасқақ 
Жүрегіме үңіл, 
Жүрегімді парақта. 

Сезіммен табысқан шақтарда, 
Махаббат танысқан шақтарда... 
Шынайы толқыған шақтарда, 
Дүние Сәлемі шалқыған шақтарда... 
Құдайға құшақ жая жүгіріп, 
Жүрегіңді оқы, 
Жүрегімді парақта. 

Тағдыр мұңайтып... 
...өзіңе-өзің жұбанған кезде, 
Жападан жалғыз қуанған кезде... 
ЖолДостарың жоғалған кезде, 
Тоналған кезде көңілің... 
Гүлсіз қолыңа қарап, 
Үнсіз жалғыздық жылаған кезде, 
Құлаған кезде сенімнен... 
Жүрегіңмен егілген, 
Жүрегімді парақта. 

Құрметтім, 
Аспан сағыныш әуенін сөз еткен, 
Құстар асығып оралған мезетте... 
Не 
Жусан исіне сіңген бала шағыңды аңсап, 
Болашағыңнан шаршап, 
Екі дүния арасында сенделген мезетте, 
Жүрегіңді ойла, 
Жүрегімді парақта. 

Гүл мұңайған кезде, 
Түн күрсінген кезде, 
Жасыл Сөздер жарқ еткенде ғайыптан, 
Жұмбақ дерттен айыққан... 
Тамшы мөлт еткенде, 
Ойын гүл еткен, 
Гүлдей дір еткен, 
Жаралған аңсардан, тілектен, 
Құрметтім, қош келдің Жүрекке!

Бауыржан Қарағызұлы

Құштарлық

Сезім нұры жауғанда себелектеп,
Ермен мұңға мас болған ебелектеп.
Қызыл гүлдің жабысып қауызына,
Қонса жалғыз қоңырқай көбелек кеп…
Ол менмін ғой,
Әлдене керек еткен.

Жетім көлшік бөленіп шұрылға сан,
Маңғаз тірлік айтқанда жырын масаң.
Бозала таң атқанда бозторғай кеп,
Терезеңе қонақтап шырылдаса,
Ол менмін ғой…
Қайтейін ұғынбасаң.

Тырналарын түн бойы тыраулатқан,
Мұңлы әуенге тұншығып мұнарлы аспан.
Қара жолдың үстінде қайғы құшып,
Жапырақты көрсең сен құлап жатқан…
Ол менмін ғой,
Сені ойлап жылап жатқан!

Қыңыр боран қымсынбай қыңсыласа,
Қыңсыласа,
Бір сәтке тыншымаса.
Сенің алма жүзіңді аяз келіп
Ақырын шымшыласа…
Ол менмін ғой сүюге құштарланған,
Жүрегіңнен бір күні бүршік атам…

Тоқтарәлі Таңжарық

Ұнаттым мен...

Кірпігіңді кіршіксіз шылап мұңмен, 
Күн-түніңді өткіздің жылап-күлген. 
Мүмкін... «Әлсіздігің» деп кінәларсың, 
Сенің жалғыздығыңды ұнаттым мен. 

Ұнаттым мен... 
Құлазып, көп күрсініп, 
Кейде қанат біткендей көкке ұмсынып. 
Жалғыздықтан жаныңды құтқара алмай, 
Тұңғиыққа өзім де кеттім сіңіп... 

Дауа болмай дертіңе даңғаза түн, 
Ауыр мұңнан арылып таңға жақын, 
Айдай сұлу кейпіңде көз ілуші ең. 
Жырға айналып бір сәтте мен жазатын. 

Сен әлемді ұмытып, әлем – сені, 
Көңіліңнің тарқайтын әрең шері. 
Терезеңді түн қақса, беймаза мұң, 
Үнсіздікпен басатын тағы еңсені. 

Күздей болып күңіреніп, жазың жүдеп, 
Кінәлама, айттың деп, назыңды көп. 
Менің жалғыздығымның жалғыз ғана, 
Жұбанышы – сендегі нәзік жүрек!.. 

Кетердей-ақ құрдымға құлап мүлдем, 
Түседі еске кей күндер жылап-күлген. 
Менің әлсіздігім бе, кім біледі?! 
Сенің жалғыздығыңды ұнаттым мен...

Қалқаман Сарин

*** 

Мың тылсымның мекені гүл ғұмырың, 
Сұлу таңның сырындай сыңғыр үнің! 
Бір қылығың көкке алып ұшады да, 
Отқа тастай салады бір қылығың. 

Кербезім-ай келіскен кескін-өңі, 
Керім нұрың алады есті үнемі. 
Талып шыққан дауысың «Жаным» деген, 
Ең керемет ән болып естіледі. 

Бір құлаймын, бір биік ұшамын да, 
Отым барда берілмен құса-мұңға! 
Кер маралым! Кеудеме бассам сені, 
Кең дүние тұрады құшағымда! 

Балаң бейнең бойды арбап таңша күлген, 
Бастан қайта кешірем бал шағымды ең. 
Жан сырыңды жазасың жүрегіме, 
Сурет салып бетіме саусағыңмен! 

Жанып бара жатсамда үндемейсің, 
Мейлі үндеме..Күйсе жан күнге күйсін. 
Шаңқай түсте шалқамнан түсіреді, 
Шар әлемнің шәрбаты сіңген исің! 

Бір сыры ғой тағдырдың өтпелі ызғар, 
Жөніміз жоқ жабығып текке мұздар. 
Түн болмаса кім ұқсын Күн қадірін, 
Өртіміз бар болған соң өкпеміз бар! 

Көңіл қалай өшірсін құмар күнді, 
Біздерді алғаш ақ сезім сыңар қылды. 
Өліп-өшіп сүюдің азабы көп, 
Кінәлайсың жарығым бұған кімді?! 

Соңғы үміттің жалынын сөндірместен, 
Мөлдір мұңым көшеді мөлдір көшпен 
...Өмір шіркін қайтадан басталса ғой, 
Сен екеуміз табысқан сол бір кештен...

Рахат Әбдірахманов

Ж. Жұмағұлов