- Негізгі бет
- 15 сәуір 2016
- Мектептен басталып, тойға...
Мектептен басталып, тойға ұласқан махаббат
Біз өмір сүретін қоғамда түрлі адам, түрлі сезім, түрлі тағдыр бар. Саналы ғұмырымыздың мәнін арттыра түсетін ұлы күш – махаббат. Адамдар бір біріне деген сүйіспеншілігі арқасында кез келген кедергіні қиындықсыз шешеді. Ал ондаған жыл бойы танысып, табысып, махаббат құрып жүрген қыз бен жігіт бір күнде ажырап, басқа адамға үйленіп кететін жайттар да көп кездеседі. Бүгінгі тақырыбымыз махаббат соқпағының тар жол тайғағын қатар кешіп, қиындықтардан сүрінбей өте білген жаны сірі жандарға арналмақ.
Тақырыпқа сай өмірдің кейіпкерлерін тауып, оларға «таныстықтарыңыз қалай басталды, кедергілерді қалай жеңдіңіздер, сан жылда қандай қызықтар болды, қыз бен жігіт шаңырақ көтерер алдында қанша уақыт кездескені дұрыс» деген сұрақтар қойдық. Өз ауыздарынан жазып алған оқиғалармен таныс болыңыздар.
Ғалия Қанатова: Мен күйеуіммен 9-сыныптан бастап кездесіп жүрдім. Төртінші курста отбасын құрдық. Бір сыныпта оқыдық. Бір-бірімізді қызғанып, көңіл бөлсін деп, еркелеп, көп ұрсысатынбыз. Ары кетсе үш күн, қатты ренжісіп қалсақ бір апта сөйлеспей жүретінбіз. Ол бірінші болып «Кешірші енді, кешірші» деп, татуласып кетеміз. Қыз бен жігіт мектеп кезінен бастап кездескені дұрыс. Бір-біріне аса бауыр басып, қимастық сезімі күшті болады. Көп нәрсені айтып жеткізе алмаймын. Ол ұзақ әңгіме...
Ақтоты Жапатова: Мен 9-сынып оқып жүргенде ол – колледж студенті. Демалысқа келгенде менімен танысу үшін үйге қоңырау шалды. Дұрыс сөйлеспедік. Келесі күні нағашымның үйіне бара жатқанда (ол сол үйге көрші тұратын) бір бірімізмен кездейсоқ кездестік. Амандастық, аз ғана уақыт сөйлестік. Мен ұялып үйге кіріп кеттім. Маған сол кезде ол өте үлкен жігіт секілді көрінді. Жасының үлкендігінен (арамыз төррт жас) ұялып, қашқақтап, сөйлеспейтінмін.
Алматыға оқуға түстім. Ол да колледжден соң Алматыға консерваторияға түскен. 1-курста ұялы телефоныма одан хат келді: "Алматыға оқуға түскеніңді естідім. Көмек керек болса, міндетті түрде хабарлас". Сол кезде де түсінбедім, өзі қызық неге жаза береді екен деп, жауап жазбадым (түрін көрмесем де әлі үлкен жігіт көрінетін). 1-курс бітіріп, жазда ауылға демалуға келдім. Ол кезде достарымызбен агентпен сөйлесеміз. Бір күні одан достар қатарына қосуға ұсыныс келді. Қабылдадым. Содан 3 ай бойы агентпен және телефонмен сөйлесіп жүрдік. Алматыға барғанда кездестік, содан бері 4 жыл кездесіп, бесінші жылы отбасы құрдық.
Кездесудің басында кез келген ұсақ нәрсеге ренжіп қалатынмын. Уақыт өте ол әдетімнен арылғандаймын. Ренжи берудің өзі жігітті жалықтыратынын түсіндім. Екеуміз бірдей ашуланатын кездер болмапты. Ол ашуланса, мен сабырға шақырамын немесе керісінше. Университететте оқып жүргенде 10 шақты қыз болып, құрбымның туған күнін тойлайтын болып шештік. Жігітімнен сұранған кезде сағат 1-де үйде бол деді. Келістім. Туған күнге барсақ, барлығы жай жиналып, отырыс кеш басталды. Кеш қызығы енді басталғанда, ол қоңырау шалды. Үйге бара жатсың ба деп сұрады. Мен болсам, міне, тағы аз уақыт болам, сосын қайтамыз дедім (қасымда бір құрбым екеуміз бірге тұратынбыз). Ештеңе айтпай телефонды қоя салды. 10 минут өткен соң, үстінде костюм-шалбар, шашын әдемілеп артқа қайырған, мен отырған жерге кіріп келді. Ол кезде ренжігенімді білдіріп, көрсеткенмін, алайда ішімнен басқаша ойладым. Солай кештің соңына дейін бірге болып, құрбым екеумізді үйге апарып тастады.
Қыз бен жігіт ұзақ уақыт кездесіп жүргені дұрыс емес деп ойлаймын. Бір-бірін жақсы тануға 2 жылдың өзі жеткілікті. Одан кейінгі отбасылық өмірге де ашылмаған қызықты қылықтарымыз бен істеріміз қалған дұрыс деп ойлаймын.
Көркем Ермекова: 7-сынып оқып жүргенде, 2008 жылы бір жігіт туған күніммен құттықтады. Ол жиен қарындасының (менің құрбымның) ұялы телефонынан менің суретімді көрген екен. Ең алғаш кездескен кезімізде мектептің алдынан көлікпен алып кетті. Жанымда сыныптасым болды. Бір-бірімізге тек «Привет» дегеннен басқа тіл қатысқан жоқпыз. Солай танысып, білісіп, кездесе бастадық. Көрші мектепте менен бір сынып жоғары оқыды. Махаббат болған соң, ұрысу да болды. Сегіз жыл кездесіп жүргеннен кейін, үйленейік деді. Оқуымды бірітіп алайын дедім. Бір күні құрбымды жігіті алып қашып кетті. Той дайындығымен қалаға барғанда, менің жігітім өзімді алып қашты. Ашуландым, ренжідім, басылдым... Қазір бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрып жатырмыз. Қыз бен жігіт үйленер алдында қанша жыл кездессе де, махаббаты шынайы болса, уақыттың аса маңызы жоқ.
@. @assel_assanova