Мәңгілік махаббат бар екеніне сенемін

Мәңгілік махаббат бар екеніне сенемін
Фото: amur.kz

Біз өмір сүретін қоғамда түрлі адам, түрлі сезім, түрлі тағдыр бар. Саналы ғұмырымыздың мәнін арттыра түсетін ұлы күш – махаббат. Адамдар бір біріне деген сүйіспеншілігі арқасында кез келген кедергіні қиындықсыз шешеді. Ал ондаған жыл бойы танысып, табысып, махаббат құрып жүрген қыз бен жігіт бір күнде ажырап, басқа адамға үйленіп кететін жайттар да көп кездеседі. Бүгінгі тақырыбымыз махаббат соқпағының тар жол тайғағын қатар кешіп, қиындықтардан сүрінбей өте білген жаны сірі жандарға арналмақ.

Тақырыпқа сай өмірдің кейіпкерлерін тауып, оларға «таныстықтарыңыз қалай басталды, кедергілерді қалай жеңдіңіздер, сан жылда қандай қызықтар болды, қыз бен жігіт шаңырақ көтерер алдында қанша уақыт кездескені дұрыс» деген сұрақтар қойдық. Өз ауыздарынан жазып алған оқиғалармен таныс болыңыздар.

БАСЫ

Ханым Орынбаева: Біздің махаббатымыз 1998 жылы басталды. Сәуір айының 7 күні. Құрбым мені тысқа шақырды. Бұл күндегі шақыру емес екен. Параллель сыныпта оқитын жігіт келіп қолымнан ұстап, көптен ойлап жүргенін айтып, сөз салды. Бұл күні оның туған күні еді. Келесі апта жауабын білуге келетінін айтып, кете барды. Екеумізді кездестірген құрбымнан ұялып, бетім қызарып, үйге қарай жүгірдім.

Келесі аптада екінші кездесуге шығып, келісімімді бердім. Содан бері махаббат айдынында жүзіп келеміз. Сабақтан шыққанды бір-бірімізді көзбен іздеп, үйге бірге қайтамыз. Мектептегі кез келген дискотека, т.с.с. іс-шаралар – біз үшін зор қуаныш. Себебі ол кезде күнде кездесу деген жоқ. Үйде үш ағам бар, анам да қатал болды. Сол себепті қылтың-сылтыңсыз түзу жолмен жүрдік. Жүректе сезім оты алаулап, кездесуге шыға алмайтын болсам да, әр кеш оны күтетінмін. Алыстан бір көру – бақыт. Ол маған хат жазып, сіңлілерімнен беріп жіберетін. Мен оларды сақтап қоямын.

2000 жылы 10-сынып оқитын кезімде өзімнен үлкен апам (әпке) қалаға ауруханаға түсіп, мен жанына жатуым керек болды. Ол мені қалаға жібергісі келмей, біраз қиналды. Екеуміз сөзге келісіп қалдық. Алты ай бойы көріспедік. Сағынышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. 25 мамыр соңғы қоңырауға қатысуым керек деп, апам тәуір болғасын ауылға келдім.

25 мамыр. Соңғы қоңырау. Екеуміз спорт залда бір-бірімізге қалай қарап тұрғанымыз әлі күнге дейін күні кешегідей көз алдымда. Сол күні кешке келді, мен кездесуге шықтым. Қос аққу көлде қайта табысты.

Оқу бітіретін соңғы жылда ол біздің сыныпқа ауысып келді. 2001 жылы мектеп бітіріп, қалаға оқуға бірге бардық. Студенттік өмір ұмытылмайды ғой. Қиынынан қызығы көп күндер сырғып өтіп жатты. Анда-санда арамызда келіспеушілік болып тұратын. Бірақ оның жақсы мінезі арқасында тез тіл табысамыз. Мен ренжісем, сөйлемей қоям. Ол мені сөйлетудің түрлі амалын жасап, ақыры күлдіретін еді. Қаланы айналып қашқан кездерім де болды. Қазір ойласам, балалық екен. Ол менің кез келген мінезімді, еркелігімді көтере білді. Бір-бірімізге деген шексіз махаббат арқасында екі күнге жетпей, қайта табысатынбыз. Бақыттылар үшін уақыт өтуі білінбейді екен. Соңғы 3-курс оқып жүргенде үйленуге ұсыныс жасады. Қазақы салт-дәстүрімен сырға салып, ұзату тойын, келесі күні үйлену тойымызды өткіздік. Үлкендердің ақ батасын алып, үлкен өмірге қадам бастық. Сыныптастарымыз біге «сендердікі үнді махаббаты» деп әзілдейді.

Қазір, шүкір, бір қыз, екі ұлымыз бар. Өмірлік жарым махаббат хикаямдағы кейіпкерім болса, қазір әрқашан жанымда. Шексіз махаббатымыз өз орнында. Жұмыстан шыққанда үйге жетуге, бір-бірімізді құшақтауға балаша асығып келеміз. Мен мәңгілік махаббат бар екеніне сенемін.

Қыз бен жігіт ұзақ уақыт кездесуі қызға байланысты деп ойлаймын. Қыз бала инабаттылығы мен көрегенділігін, тәрбиелілігін көрсете білсе, ар-ұятты бірінші орынға қоя білсе, әрине, ұзақ уақыт кездесіп жүруге болады. Алайда қазіргі таңда бұл мәселеге көпшілік жастар мұндай көзқараста емес. Себебі қазір жастардың қарым-қатынасы соншалықты жеңіл болып кеткені шынайы сезімді жан-тәнімен қабылдамауы. Ерте үйлеуне не тұрмысқа шығуға асығу – ең үлкен қателік. Сондықтан жігіт пен қыз ұзақ уақыт кездесіп, қыдырып, бір-бірінің мінезін, қыр-сырын танып, өзара түсіністік, сыйластық, шынайы сезім қалыптасқанша және бір-біріне кешіріммен қарауға үйренгенше көп жыл қажет екені сөзсіз.

@. @assel_assanova