15 сәуір. Сан құбылған сезім

15 сәуір. Сан құбылған сезім
Фото: Юлия Королёва

Сезім – жүректің түкпірінде тұрып алып, былай да былай ойнақшитын құбылыс. Ол өмір сүріп жатқан ортаға, жас ұлғаюына, сана дамуына байланысты мың құбылады.

Ес біліп, айналасындағыларды танығаннан бастап ұнату сезімі оянады. Тілі енді шыққан балабақша бүлдіршінінің сөйлегенін қызықтап, көбінің алғашқы сұрағы: «Қызың бар ма?» болуы да осының айғағы. Балауса қыздың бойжеткен шағына дейін, одан ақ жаулықты әже болған кезіне дейінгі, сезімдік сергелдеңін сипаттап көрейік. Ұлдардың сезімі де осыған ұқсастау, бірақ сәл өзгешелеу болатын шығар.

4-6 жас: Әпкелері, құрбылары «жігітің бар ма?» деп сұраса, «Айтпаймын!» деген жауап алады. Демек, өз ойында «жігіті» бар. Көрші баланы ұнатады немесе бұл сөздің мағынасын түсіне қоймаса да, айтуға ұялады.

7-8 жас: Өзгелер «жігітің бар ма» деп сұраса, іштей «жігіті жоқ адам бола ма» деп ойлайды. Себебі ол кезде өзің жақсы көрсең болды, ол сенің жігітің деген ұғым пайда болады. Сыныптағы ең әдемі жігіт – оның «жігіті».

9-12 жас: Күн сайын мектепке бірге барып, бірге қайтатын,анда-санда телефонмен сөйлесетін жігіті пайда болады. Мектепте басқа жігіттер шашын тартып кетсе, ашу шақырып, айқайлайды да, «ол жігітке» жай ғана жымиып: «қойсаңшы» дегенді әрең айтады. Сыныптағы ең үздік, ақылды жігітті таңдайды.

13-15 жас: Көрші сыныптағы не көрші мектептегі ең беделді, белсенді жігітке көзі түседі. Жігіттер сезімін сөзбен білдіріп, хат жазып, үйіне «шығарып салатын» әдет шығарады. Өзге ешкіммен сөйлескісі келмеу, «сол жігіті» жарты сағат хабарласпай қалса, «мені ұмытып кетті ме» деп ойлау басталады. «Онымен» сөзге келісіп қалса, сіркесі су көтермей, ашуын тырнадан алатын таздың кейпіне енеді. Екі сөзінің бірі – сол жігіт. Ол не айтты, не сыйлады, не істеді – осының бәрін құрбыларына тәтті ертегідей айтып беріп, шат көңілімен бөлісу бәрінен қызық.

15-17 жас: Мінезі жақсы, өзіне сәйкес жігітке жақын болады. Кездесуге шығып, шынайы сезімнің дәмін татады. Минут сайын оны ойлайды. Әр кездесуге бірінші рет баратындай болып асығып, қобалжиды. Өмірлік жарым осы болар, басқа ешкім керек емес деп ойлайды. Осы ойы өзгермей, сол күнге жететіндер бірең-сараң ғана. Көпшілігі қателесіппін деген ойда қалады.

18-20 жас: Сезімнің де, өмірдің де ең тәтті шағы. Білімі мол, мәдениетті, өзінен ақылды жігіттер көңілінен шығады. Айналасында жақсы жігіттер көп секілді. Бірақ өзіне лайықтысын кездестіру оңай емес. Сезімін білдіретін жігіт көп, бәрі – «біртүрлі». Көңілінен шығатын жігітті кездестірсе, студенттік өмір бастауы ұмытылмас кезеңге толады деген сөз. Қол ұстасып қайда барамын десе де, қанша уақыт бірге жүремін десе де, еш кедергі жоқ. Қай кезде шаңырақ құрып, неше балалары болатынын, оларға қандай есім беретінін де ойластырудан тартынбайды.

Жалғасы бар...

@. @assel_assanova