Досына ғашық болғандар #2

Досына ғашық болғандар #2
Фото: Виталий Кучер

«Жігіт пен қыз арасында достық бола ма?» деген сауалдың шешімі әлі табыла қоймады. Екеуінің біреуі ғашық болып қалады дейді, ал біреулер өзінің жігіт досы неше жылдан бері адал достық ниетін білдіріп келе жатқанын алға тартады. Бұл сауалға нақты жауап іздеу мақсатында жастардың пікірін сұрадық. Оқып, өзіңіз ой түйерсіз.

БАСЫ

Есімхан, 21 жаста: Басында жай ғана жақсы қыз ғой деген оймен достасып жүрдім. Арада бірнеше жыл өткенде, қалай ұнатып қалғанымды сезбей қалдым. Бірнеше рет сезімімді тұспалдап жеткізуге тырыстым. Ол түсінбегендей болды. Бетімді қайтарып тастай ма деп, біраз уақытқа дейін сезімімді ашық білдіруге бата алмадым. Бір күні «Бір күн» («Один день») фильмін көрдім. Ол фильм желісі бойынша қыз бен жігіт 20 жылдан кейін шаңырақ көтереді. Біз де сол оқиғаны қайталамайық деп, батыл шешімге келдім. Жақында «Дос» қызыммен шаңырақ құрамыз.

Марфуға, 21 жаста: Жігітіммен жеті жыл көлемінде дос болдық. Бірер жыл бұрын достығымыз одан да терең сезімге ұласқанын сездім, тым жақын араласа бастадық. Бірақ өзі тіс жарып ештеңе демейді. Мен де қыз басыммен бірінші қадамға бара алмадым. Іштей тағатсыздана күтсем де, өзіне ештеңе сездірмей жүре бердім. Бір күні біздің үйде ботаның ноқтасы үзіліп қалды, сол үшін әжем маған қатты ұрысты. Сол кезде «досыма» мұңымды шағып едім, «Ал біздің үйде бота жоқ» деп тұспалмен жеткізді. Бір күні қалтасынан сақина шығарғанын көргенде қуанышымда шек болмады. Қазір бір-бірімізді өте жақсы түсінісеміз. Қыз-жігіт болып жүріп бастағандарға қарағанда біздің махаббатымыз әлдеқайда берік секілді көрінеді.

Кәусар, 23 жаста: Мен 6-сынып оқып жүрген кезде Кенжеәлі есімді жігіт болатын. Мен оны ұнатып жүрдім, кейін жақын дос боп кеттік. Уақыт өте келе ол жігіт менің дос қызымды жақсы көретінін айтты. Мен сол сәттен бастап оған деген сезімімді жанбай жатып сөндіріп тастадым. 11-сыныпқа келгенде ол маған сезімін білдірді. Мен не күлерімді, не жыларымды білмедім. Себебі ол кезде ешқандай сезімім жоқ еді. Неге екенін білмеймін, өзімді кінәлі сезіндім. Қазір ол досыммен арамыз үзілген.

Алма, 21 жаста: Маған 4-5 жыл бұрын жақын досым болып жүрген жігіт сезімін білдірген. Ағаларымның, өңкей ұлдардың арасында өскен соң жігіттермен жақынырақ араласатынмын. Бауырымдай көріп жүрген жігіт маған қыз ретінде қарағаны ұнамады. Арадағы достық қатынасты да үземіз деп шорт кестім. Ол жігітті көргім де келмейді. Қазір ойлап қарасам, бала болыппыз ғой. Досымен көңіл жарастырғанда тұрған не бар. Ең адал махаббат достықтан басталмай ма?!

Ал, сіз не дейсіз, оқырман? Жастар пікірінен кейін ойыңыз өзгерді ме?

@. @assel_assanova