"Апай, анау алтын адамды беріңізші". Қаңтарда музейге басып кіргендерді тоқтатқан батыр әйел

"Апай, анау алтын адамды беріңізші". Қаңтарда музейге басып кіргендерді тоқтатқан батыр әйел

2022 жылғы қаңтар оқиғасына да 1 жыл толып қалды. Осы қаралы қаңтар кезінде ерлік көрсеткендердің бірі – Бибігүл Дәндіқарақызы. Ол Мемлекеттік орталық музейдегі құнды жәдігерлердің бүлінуіне жол бермей, сақтап қалған. Музейге келген сарбаздар мен полиция қызметкерлеріне көмек көрсеткен.

Олардың қолында "молотов коктейлі" болды

Мен ол кезде мемлекеттік орталық музей директорының міндетін атқарып жүргенмін. 4 қаңтарда қозғалыстың басталғанын, оның арты бүлікке айнала бастағанын естідім. Елімізде 300 мыңға жуық құндылығы бар музейіміз Қазақстан ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы ең көне бірегей музей. Бұл деген үлкен жауапкершілік. Тарихи-мәдени жәдігерлердің көбі осы жерде сақтаулы.

2022 жылдың 5 қаңтары болатын. Дүрбелең басталғанда музейге кіріп келгендер болды. Мен олардың (бүлікшілердің - авт.еск.) сұрағанын тауып беруге мәжбүр болдым. Бетін көлегейлеп жабуға маска да талап етті. Бердім. Бар мақсатым - музейдің ішін бүлдіртпеу, сындыртпау еді. Бұрын айтпаған едім. Сіздерге айтайын. Олардың қолында "молотов коктейлі" болды. Оны көріп үрейім ұшып кетті. Топтан мақсат-мүдде дейтіндей ештеңе көрмедім. Бар мақсаты бүлдіру, тонау. Не үшін бүлдіріп жатқанын түсінбедім.

Сондықтан бар ойым осы жәдігерлерді сақтап қалу еді. Таңертең жұмысқа келгесін әріптестерімді үйге қайтардым. Бірақ өзім кетпеймін деп бірден шештім. Өйткені, бүлікші топтың орталыққа қарай келе жатқанын естідім. Электрон, өрт сөндіру, сантехника бөлімінің жетекшілері бар еді. Оларға "Менімен қаласыңдар ма? Мынадай жағдай болып тұр. Біздің жауапкершілігіміз қандай екенін білесіздер. Зат болса мейлі, бұл жерде халықтың, ұлттың мұрасы сақтаулы" дедім. Олар келісті. Сонымен қалдық. Түсте орталықта айғай-шу басталды. Сындырып-қиратып жатты. Сол күні өзі тұман болды. Газдың иісі келе бастады. Топтың даусы естілді. Бірінші қабатта үлкен мониторлы бейнебақылау камералары бар. Содан бақылап отырдым.

Музейде бабаларымыздың, мәдениетімізге қатысты
барлық жәдігер сақталған болатын

Үштердің шамасында музейдің артқы жағынан курсанттарды байқадық. Жарақат алған, үсті-басы қан-қан екен. Оларды кіргізіп алдық. Біраздан соң алдыңғы есіктен жараланған полиция қызметкерлерін де кіргіздік. Бірінің басы жарылыпты, екіншісінің қабырғалары сынған екен. Сол екі ортада бүлікші топ музейге қарай жақындай бастады. Есікті тартты. Бірақ менде соңына дейін "музей екенін біледі, кірмейтін шығар" деген үміт болды. Бірақ бәрі керісінше болды. Бір уақытта бір топ музей алдындағы шойын темірді жұлып алып, есікке қарай жүгіргенде мен де жанұшырып жүгірдім. Ары қарай өң мен түстей өтті. Не болғанын білмеймін. Есім шығып кетті.

Қасымда екі полицей қызметкері тұр еді. Оларды алып жертөлеге түстім. Жетөледе курсанттарды жасырып қойғанбыз. Оларға Раушан Құлмағанбетова деген әріптесіміз алғашқы көмек көрсетіп жатқан. Бір уақытта тарс еткен дыбыс шыққанда есімді жиып, қайтадан жоғарыға көтерілдім. Айналама қарап әріптестерімді іздедім. Таппаймын. Солай 5-6 минут жүріп қалдық. "Анар, Ерболат қайдасыңдар?!" деп іздеп жатырмын. Жоқ. Сөйтсем есім шығып жүргенде Анар Төлейжайыққызын дәрі-дәрмекке, ал, Ерболат Әліппиевті апаттық есіктер шыныдан жасалған еді, сынады, соны сындырып кіріп кетпеуі үшін сол жаққа жіберген екенмін. Сөйтіп, абыр-сабыр боп жатқанда екеуі де келіп қалды. Оларға "бүлікші топтың алдынан шығу керек" деп айттым. Мына тарихи жәдігерлерді сақтап қалуымыз керек еді. Ештеңе ойлауға мұршам болмады. Мен жертөледе тұрып, тарс еткен дыбыс естігенде-ақ, екінші қабаттағы экспозициялық залды бұзып жатыр деп ойладым. Өйткені ол жерде біздің бабаларымыздың, мәдениетімізге қатысты барлық құндылық сақталған болатын. Қылыш-найза... бәрі бар.

"Алтындарым-алтындарым" деп айғайлап алдарына барып, екі қолымды жайып тұра қалдым

Музейдің кіре берісінде үлкен холл бар. Сол жерге келіп қарасам топ ішке кіріп кетіпті. Ортаға барып, екі қолымды жайып алдарына тұра қалдым. Ол кезде нақты не айтқаным есімде жоқ. Кейіннен әріптестерім "Алтындарым-алтындарым" деп айғайладыңыз дейді. Бір есімді жиып қарағанымда ылғи өрімдей жастар екенін көргенмін. Содан оларға: "Алтындарым, балаларым, мынау не сұмдық! Қазақсыңдар ғой. Мұнда біздің ұлттық мұраларымыз сақталып тұр ғой. Тарихи-мәдени құндылығымыз сақтаулы. Алтындарым, тоқтатыңдар! Мақсаттарың осы ма?" деп айғайладым. Қазір ойласам не айтқанымды өзім де білмеймін. Бірақ Анар Төлеушайықова кейіннен "керемет айттыңыз, төменде тұрып сөздеріңізге мына мен жылап қалдым" деді.

Бір мезетте түсінген болуы керек, арасында біреуі топқа қарап "ештеңеге тиіспеңдер!" деді.

Мені көпшілік батыр етіп жіберді

Ұлттық мұрамыздың аман қалуына, бүгінде осылай тұруына әріптестерімнің барлығы бірлесіп қызмет етуінің арқасы деп білемін. Әріптестерім үлкен ерлік жасады. Оларға алғысым шексіз. Бірақ кейіннен балаларым: "Мама қаңғыған оқтың бірі тиіп, әріптесің қаза боп кетсе не болатын еді? Неге оларды алып қалдың? Сен басшы емессің бе, мұндай кезде кейінгі өміріне де сен жауаптысың?!" дегенде жүрегім дір ете қалады. "Апырай-ә, неге мен соны ойламадым. Жазатайым оқ тиіп бір әріптесім қаза тапса, мен кейін қалай өмір сүретін едім" деймін. Бірақ бәрі жақсы аяқталды. Аман-есенбіз. Бірақ мен қызметтік міндетімді орындадым. Мені көпшілік батыр етіп жіберді.

"Не бар өзі бұл музейде?" дегендерге "Ештеңе, бәрі ескі-құсқы" деп қоямын...

16-17 жастағы бір топ жас тарихи-этнографиялық залда тұрған қылыштар мен найзалар туралы сұрай бастады, "апай, анау алтын адамды беріңізші" дегенде жандарына келдім. Мен байқамаппын Жазира Төлегенова дейтін есепшіміз кейіннен айтады: "Сіз байқамадыңыз, қолдарында пышақ бар еді" деп. Қарауға мұршам болмады. Тек: "Бұл Алтын адамның түпнұсқасы емес. Бұл қаңылтыр" деп шамам келгенше құнын төмендетіп жатырмын. "Не бар өзі бұл музейде?" дегендерге "Ештеңе, бәрі ескі-құсқы" деп қоямын. Содан соң бір жап-жас бала: "Апай бізге көмектесіңіз. Мына жерді ашыңыз. Садақ, қылыш-найза бар ма?" деді. Оларға да: "Түк те жоқ ондай, олардың бәрі қолдан жасалған макет, муляж қолдануға келмейді" деп қойып, бетін қайтарғандай болдым. Бастысы біздің алтын қорымыз - "Қарғалы тәтісі", "Жалаулы көмбесі" сияқты керемет баға жетпес архелогиялық жәдігерлерімізді білмеді. Мен әдейі барлық жарықты өшіріп қойған едім. Қаракөлеңкеде байқамады.

Олармен 5 сағат арпалыстық

Олардың қолында арматура, таяқ бар еді. Сарбаздардың киімдерін, шиттерін тартып алған. Бастарында каска. Бір-екі рет банкоматты да тонамақ болды. Алдарын кес-кестеп: "Не істейсің оны. Сенің мақсатың банкомат тонау ма? Нең бар?!" дегенде банкоматты ұрып-ұрып, бірақ тиіспей кетіп қалды. Сондай қандары қарайып тұрды, арандатып алмайық деп, абай болып жүрдік. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанның нәтижесінде әріптестерімізбен бірге барлық жәдігерді бүлдірмей, сақтап қалдық. Олармен 5 сағат арпалыстық. Кешкі сағат сегіздерден аса, бір тобы намаз оқып барып, әуежайға кетті.

Жертөледегі жасырынған сарбаздарды да білдірмеуге тырыстық

Олар келе сала полицей қызметкерлерін сұрады. Бізді ешкім күзетпейтінін айттық. Жертөледегі сарбаздарды да білдірмеуге тырыстық. Кейіннен сарбаздар біздің әріптестердің телефонын алып, олардың туыстары келіп, қызметтік киімдерін шешіп, азаматтық киім кигізіп алып кетті. Себебі, пышақ салған жарақаттың қанын тоқтату мүмкін емес екен. Қалған жеті-сегізін түнде арнайы полиция бөлімінің жүргізушісі келіп алып кетті. Ол жағынан да әріптестерім ерлік жасады. Барлығын солар реттеп отырған. Менің жертөлеге қарауға мұршам болмады.

Осы оқиғадан соң он бес-жиырма күн өткесін ішімде бір үрей пайда болды. Біреу келе жатқан сияқты болып тұрады.

Тоқаев "Парасат" орденімен марапаттады

Кейіннен әріптестеріммен бірге мені де Дәурен Абаев мырза келіп марапатын берді, сол кездегі ерлігіміз үшін "Құрмет" грамотасымен марапатталдық. Қызметкерлердің барлығына 100 пайыз көлемінде сыйақы берілді. Министрлік тарапынан жеке өзіме де сыйақы берілді. Мәдениет министірілігі сол жағдай кезінде бізді бір сәтке де назардан тыс қалдырмады. Қайта-қайта хабарласып тұрды.

Кейіннен мен 2 күн осында қондым. Штурм басталғанда жан-жағымыз тарсылдап жатты, газ ішке кіріп кетті. Сондай кезде мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Мұратұлы қайта-қайта хабарласып, жағдайымды біліп отырды. Мен оған ризамын.

15 наурызда мені Астанаға шақырды. Шұғыл түрде ұшып бардым. Халқымның, елімнің арқасында батыр болдым. Президенттің өзі  бағалап, "Парасат" орденімен марапаттады. Құрылтайдың мүшесімін. Бәрі дұрыс. Басымыз аман, деніміз сау болсын.

Сол кездегі бір ұққаным жастар музейдің не екенін білмейді. Сондықтан қазіргі күнде жұмыссыз жүрсем де жастарға музейді насихаттап, шақырып жатамын. Қаңтар оқиғасының арқасында тыныштықтың не екенін, қымбат екенін түсіндік. Еліміздің тұрақтылығына қауіп төнді. Жастарымыз арандатушылыққа ұшырап кетті. Сондықтан негізгі өзекті мәселе жастарымызды париот етіп тәрбиелеу екен.

Т. Раушанұлы