- Негізгі бет
- Әлемтану
- Үндістанның Айда жоғалған...
Үндістанның Айда жоғалған зонды табылды
Үндістанның Vikram ("Викрам") құрылғысы Айға қонатын уақытта Жермен арадағы байланыс үзіліп кеткені туралы жазған едік. Үндістан ғарыш агенттігі апатқа ұшыраған зондты тапты.
Үндістандық ғалымдар орбиталық зондтың сәтсіз қонуынан соң 2 күн өткеннен кейін белгіленген жерде өзінен жылу таратып тұрған беймәлім құрылғыны суретке түсірген. Суреттерді мұқият тексерген сарапшылар оның Vikram ("Викрам") құрылғысы екенін анықтаған. Vikram-мен арадағы байланыс әлі қалпына келтірілген жоқ. Зонд Жермен арадағы байланысты жоғалтқасын, белгіленген жерге қона алмай апатқа ұшыраған. Қазір ол қону нүктесінен 500 метр қашықтықта жатыр.
Егер модуль Ай бетіне жоспардағыдай сәтті қона алғанда Үндістан мұны жүзеге асырған төртінші мемлекет болатын-ды. Дәл осындай құрылғыны бұдан бұрын Израиль елі де қондырмақшы болған. Бірақ олардың “Берешит” зонды Айға қонып жатып, апатқа ұшыраған.
Айта кетейік, Үндістан зонды Ай бетіне салмағы 27 келілік Pragyan ("Прагьян") атты алты дөңгелекті луноходты жеткізу керек еді. Chandrayaan 2 миссиясы Үндістан Ай бағдарламасының жалғасы саналады. Оның міндеті Ай бетін зерттеу. Chandrayaan 2 жобасының құны 125 миллион долларға бағаланған.
Ал Үндістандық ғалымдар оған дейін, 2008 жылы 14 қарашада Айдың оңтүстік полюсінде орналасқан Шэклтон кратеріне Chandrayaan 1 зондын сәтсіз қондырған. Қатты соққының салдарынан зонд 312 күн жұмыс істеп, 2009 жылы 29 тамызда онымен арадағы байланыс үзілген.
Т. Раушанұлы