- Негізгі бет
- Әлемтану
- Марафоншылар коронавирус салдарынан...
Марафоншылар коронавирус салдарынан үйде жаттығуға мәжбүр (видео)
Қытайда коронавирустан қайтыс болғандар саны күрт артты. Хубэй провинциясында бір күнде қаза болғандар саны 242-ге жетіп, жалпы саны 1310-ға таяды. Сондай-ақ, бір күнде жұқтырғандар саны 14 840 адамға көбейді. Вирустың көзі болып табылатын Уханьда бір күн ішінде 216 адам қайтыс болған. 11 ақпанда Хубейде вирустың кесірінен 94 адам қайтыс болғаны айтылған еді.
Қытайдың көптеген қаласында карантин. Коронавирус кесірінен көшеде жүруге шектеу қойылған. Осыған байланысты жергілікті марафоншылар үй ішінде жаттығу жасауға мәжбүр болып отыр. Олар жүгіруге арналған жаттығу залынан да пайдалана алмайды.
Хунань провинциясындағы Чаньша қаласының тұрғыны 66 жастағы Ли Чжаньчжэ күн сайын үйінде 10 шақырып жүгіреді. Ол көршілерінің мазасын алмауы үшін барынша ақырын жүгіруге тырысып жатқанын айтады.
Чжаньчжэ – 2008 жылғы Пекин Олимпиадасында Олимпиада алауын көтеріп жүгіргендердің бірі. Сонымен бірге, ол, Токио, Бостон, Лондон, Чикаго және Нью-Йорк марафондарына қатысқан.
Тағы бір Ханчжоуда тұратын әйгілі әуесқой марафоншы Пан Чансу рекорд орнатқан. Ол карантинге байланысты көшеде жүгіре алмайтындықтан үй ішінде 50 шақырым жүгірген.
“Мен бірнеше күн бойы көшеге шыққан жоқпын. Бұлай қол қусырып қарап отыра алмаймын”, - деп жазды марафоншы Weibo әлеуметтік желісіндегі парақшасында. Спортшының айтуынша, ол 8 футтық “жүгіру алаңын” құру үшін қонақүйдегі екі үстелді біріктіріп, оны 4 сағат 48 секундта 6250 рет айналып жүгірген. Пан бұған дәлел ретінде бейнелер мен суреттерін әлеуметтік желіге жүктеген.
Т. Раушанұлы