- Негізгі бет
- Әлемтану
- Копенгаген қаласы кептелістен...
Копенгаген қаласы кептелістен қалай құтылды?
Темір тұлпар санының жыл санап артуы ХХІ ғасырдағы ірі қалалардың басты мәселесі болып тұр. Жолдағы бітпейтін кептеліс – адам көңіл-күйіне әсер етеді, жұмысқа кешуігіңізге себеп, алтыннан да қымбат уақытыңызды ұрлайды сонымен бірге, ең бастысы жаһандық жылуға өз үлесін қосады. Мәскеу, Нью-Йорк, Токио, Сан-Паулу...бұлардың барлығы біз айтып өткен кептеліс зардабын тартатын қалалар. Мысалы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша, жолдағы кептілістер көшін бастаған – Ресейдің Мәскеу қаласы болды. Сарапшылардың айтуынша, мәскеулік жүргізушілер бір жыл ішінде кептелістің кесірінен 210 сағатын жоғалтады.
Жүздеген мамандар, геоурбанистика сарапшылары қала өмірін жайлы, сапалы, бастысы көлік қозғалысын азайту және қала адамдарының таза ауамен тыныс алуын қамтамасыз ету мақсатында түрлі тәжірибелер өткізуде. Міне, осындай қажеттіліктердің арқасында қаладағы кептеліс мәселесін шешкен ірі қалалардың бірі Дания астанасы – Копенгаген.
©mindingthemiles.blogspot.com
"Қала өмірі тез әрекет етуге арналған, велосипедпен жүріп жұмыс бітіре алмайсыз" десеңіз қателесесіз. Дания үкіметі мемлекет астанасы тұрғындарын қарапайым велесипедпен жүруге үйретті. Аталмыш қалада Кәрі құрлықтың басқа қалаларына қарағанда велосипедпен жүретіндер өте көп. Мысалы, Қытайда велосипедті "сүю" қаржылық жағдайға байланысты өмірге келген болса, Дания азаматтары екі аяқты транспортты таңертең жаттығуларды орындау һәм бір мезгілде жұмысқа тез жетіп алу үшін қолданады. Және олар жаһандық жылынудың алдын алуды да ойлайды. Бұлардың барлығы ел үкіметінің машиналарды велосипедке ауыстыру бағдарламасы бойынша арнайы жүзеге асырылған.
©Star2.
Копенгагенде велосипедшілер мен олрдың жолына үлкен мән беріледі. Олар үшін бүкіл қала бойынша жол жүру тармағы мен тоқтайтын бекеттері салынған. Сол арқылы қаланың кез келген бұрышына қауіпсіз жете аласыз. Ел астасындағы велосипедшілер жүретін жолдың жалпы ұзындығы 400 шақырымға жақын. Бұдан басқа метрода велосипедшілер үшін арнайы вагон да бар. Қаланың кейбір орталық көшелеріне көлік кіруге тыйым салынған болса, есесіне велосипедпен жүруге болады.
©velonation.bike
Статистика бойынша, Дания астанасы халқының 50 пайызы жұмысқа жетіп алу транспорты ретінде велосипедті таңдайды екен. Қарапайым велосипедтен бөлек, бұл қалада жүк велосипеді, жанұялық велосипед, адам тасушы велосипед, курер велосипедтері кең тараған. Тіпті қалаладағы тәртіп сақшылары да екі аяқты транспорт қызметінен пайдаланады.
Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін ел үкіметі біраз тер төкккен, арнайы заңдар қабылдаған, елде жеке көлікке иелік ететіндерге қарсы салық көлемін көтерген.
Т. Раушанұлы