Қазір жаһандық жылыну дүниежүзінің басты мәселесіне айналып отыр. ХХ ғасырға қарағанда ауа-райының орташа температурасы 0,74 градусқа көтерілген. Болжам бойынша ХХІ ғасырдың соңына қарай жеңіл шаралар қолданылса (өндіріс қоқыстары азайтылса, орман көлемі ұлғайса) Жер шары қазіргіден 2 градус ыстық болады, егер бұл шаралар да қолданылмаса, орташа температура 4 градусқа дейін артады. Нәтижесінде мәңгі мұздықтар еріп, теңіз жағалауындағы қалаларды су басып, табиғи апаттар күрт артуы мүмкін.
Климатологтардың пікірінше, жылдық орташа температураның көтерілуіне атмосферадағы көмірқышқыл газы мен басқа да парник газдардың көбеюі әсер етіп отыр.
Ғалымдар: жаһандық жылынудың алдын алу үшін жасанды қыс қажет
Бұл газдар ғаламшардағы біркелкі климатты қалыптастырады, оларсыз орташа ауа температурасы -18 градус болар еді. Қазбалы отынды (көмір, мұнай және газ) жаққаннан және өзге де өндірістік процесс нәтижесінде ауада көмірқышқыл газы айтарлықтай артып, климаттың жылынуына себеп болады.
Ғаламшар тарихына тән климаттың өзгеруі мен түрлі климаттық кезеңдерге қарамастан, қазіргі кезде бақыланып отырған орташа температура өсімі жылдамдығы соңғы 2 миллион жылда болған емес, деп хабарланды Green webinar (IGTIPC.ORG) атты климат туралы вебинарда.
Климаттың жылынуы ұзақ процесс болғанымен қазіргі кезде бақыланып отырған ауа температурасының күрт көтерілгені байқалып отыр.
Бұл ретте 2016 жылы Қазақстан парник газдардың шығарылуын 2030 жылға қарай қысқартуға және жаһандық температура өсімін 2 градус төмен ұстап тұруға бағытталған климат бойынша Париж келісімін бекіткен.
Қазақстан үшін халықаралық климаттық келісімдерді іске асыру өте маңызды, себебі "Қазгидромет" РМК мәліметінше, кейінгі отыз жылдың ішінде Қазақстандағы климат әлем бойынша орташа көрсеткіштен екі есе жылынған.