- Негізгі бет
- Әлемтану
- Ежелгі римдіктер 2...
Ежелгі римдіктер 2 мың жыл бұрын сәнді бәтеңке киген
Бүгінде Италияда тігілген аяқ киімдер бүкіл әлемде жоғары бағаланады. Апеннин түбегінің шеберлері жасаған етік пен бәтеңкелер – сұлулық, жайлылық пен сенімділіктің синонимі. Қазір Alberto Guardiani, Salvatore Ferragamo, Aquazzura, Pollini, Baldinini, Ballin, Casadei, Geox және Gianvito Rossi сынды брендтер сән нарығында беделді саналады.
Тарихқа көз жүгіртсек, италиялықтардың сәнді аяқ киім жасауы кешегі немесе бүгінгі үрдіс емес екен. Осыдан екі мың жыл бұрын да Италия тұрғындары қазіргідей сәнді аяқ киімдер киген. Анығында өркениетті римдіктер әлемнің кез келген жерінде сәнді аяқ киімдерін киіп жүрген.
Заальбург – римдіктердің біздің дәуіріміздің I ғасырының аяғында шекараларын шығыс көшпенді жауынгерлерінен қорғау үшін салған кішкентай бекінісі.
Бұл бәтеңкені осыдан 2 мың жыл бұрын Рим империясына қызмет еткен Заальбург жауынгері киіп жүрген. ©ritterbedarfs-handel.com
Өркениетті латын империясының жүрегінен мыңдаған шақырым алыста жатса да, бекініс тұрғындары сән әлемінің шыңын бағындырғысы келді. Соның арқасында көп өтпей Заальбург үлкен аймақтық қонысқа айналған.
Бүгінде ол жерде Рим дәуіріндегі артефакттар сақталған. Әсіресе, бекіністен жергілікті тұрғындардың әртүрлі аяқ киімдерінің нұсқалары табылған. Қазір Заальбург бекінісі Рим дәуіріндегі артефакттар мұражайына айналдырылған.
Құдіретті Рим жауынгерінің аяқкиімі шамамен осындай болған. ©orgsmobile.org
Біздің ғасырдағыдай ежелгі қала тұрғындары да айналасындағылар алдында мақтануға, сәнденіп жүруге өте құмар болған. Ол кезде қазіргідей қалтасының қалыңдығын немесе мәртебесін көрсету үшін машиналар немесе смартфондар болған жоқ. Оның орнына антикалық дәуірде киім мен сән бірінші орында болды. Әсіресе, аяқ киім өте маңызды болған. Себебі римдіктер қонағын аяқ киіміне қарап оның плебей (төменгі тап) немесе патриций (жоғарғы тап) екенін ажыратқан.
Бір қызығы римдіктер байларға һәм кедейлерге арнап аяқкиім тіккен. Мысалы мына суреттегі сәнді, әшкейлі аяқкиім сияқты. ©cont.ws
Суреттегі аяқкиімнің иесі бай әйел екені көрініп тұр. Аяқ киім сыртындағы сәнді сызықтар осыны дәлелдейді. Германия жеріндегі Рим шеберлері мұндай сәнді бәтеңке тігуі мүмкін емес болған, сондықтан бұл аяқ киімді иесі Римнің өзінен тапсырыспен алдырған сияқты.
Сәнқой рим тұрғыны аяқкиімінің қалпына келтірілген нұсқасы. ©mydiscoveries.ru
Заальбург бекінісі тұрғындары шамамен біздің дәуіріміздің 260 жылы Рим империясының құлдырауынан кейін басқа жақа қоныс аудара бастаған. Бекіністі кейін шығыс көшпенді жауынгерлері жаулап алған.
Т. Раушанұлы