Ұйымдасқан қылмыстық топ – мафия сөзі өткен ғасырда ең танымал, ең "авторитетті" сөздердің бірі болды. Мұндай топтар халық арасында түрлі аңыздар таратып, қорқыныш тудырды. Сонымен бірге олар табыстың әр саласын дерлік бақылап отырды. Өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап (ТМД елдерінде 90-жылдардан бастап) мафия өте үлкен бедел мен күшке ие еді. Кинематография саласында мұндай фильмдер көптеп түсіріле бастады. Бұл әдебиетке де әсер етіп, мафиялар туралы шығармалар көптеп жазылды. Мысалы: Марио Пьюзоның "Кіндік әке" шығармасы қазіргі күнде де ең көп оқылатын романдардың қатарында. Мемлекет тарапынан қарсылық және өз іштеріндегі қарама-қайшылықтарға байланысты бұлардың бірқатары табытқа, бірнешесі темір тор артына түсті. Біз сіздерге әлемдегі ең мықты мафия топтарын атап өтетін боламыз.
Ұйымдасқан қылмыстың "Мафия" сөзімен байланысының бастауы әріден, ХІІІ ғасыр – Италияның Сицилия аралынан басталады. Сол уақыттарда жергілікті байлар мен тұрғындарға қарақшылар мен француз әскері таласты. Франция жалдамалы әскеріне қарсы 1282 жылы "Morete alla Francia, Italia anela" ұранымен күрес бастаған жергілікті қарақшылар бұл сөздердің бас әріптерін біріктіріп, өздерін "Mafia" деп атай бастады.
Алғашында жақсы ниетті көздеген топ дихандар мен кіші саудагерлердің арқасында үлкейіп, кәсіби жауынгерлерге айналды. Француздар ығыстырып шығарылғанан кейін, мафия мүшелері сырт дұшпандардан қорғау мақсатында адамдардан үлес ала бастады. Кейін үлес бермегендерді қатаң жазалады. Осылай мұның арты ұйымдасқан қылмысқа ұласты.
ХІХ ғасырда мафиялар құдіретті күшке айналғаны сонша Сицилия аралын Италиядан бөліп алу үшін полк басшысы, революционер Джузеппе Гарибальдимен одақ құруға әрекеттенді. Бұған жауап ретінде Италиядан әскер тобы жіберіліп, мафиялар қатаң жазаланды.
Содан соң олардың көпшілігі АҚШ-қа ауып, ол жақта да үлкен топ құра алды. Бұл туралы кейін айтып өтетін боламыз. Қазір әлемдегі ең үлкен 7 мафия тобына тоқталып өтейік.
7. Албан мафиясы
Бұл шағын ел қатігез қылмыстық ұйымдарымен танымал. Негізінен олар, рэкет, контрабанда, наркотик саудасын бақылау арқылы табыс табады. Сонымен бірге адам саудасы, машина ұрлау, темекі тарату тізімін бақылау Албан мафиясының күнделікті жұмысы.
6. Мексика мафиясы
Бұл топтағы мафиялар Мексикадан гөрі АҚШ-та өте танымал. Өткен ғасырдың 50-жылдарында АҚШ түрмелерінде, өзге елден және жергілікті қылмыскерлерден қорғану мақсатында құрылған топ лезде бостандықта да құлашын кеңге жайды. Бұл топ та өте қатігез, аяусыздығымен атақты.
5. Колумбия наркокартельдері
Колумбия мафиясының негізгі міндеті АҚШ аумағына есірткі тасу болған. Қылмыскерлердің тобының үлкен болғаны сонша, олардың жеке қаруланған әскері, ұшақтары, тікұшақтары, кемелері, тіпті су асты кемелері де болған. Бүкіл әлемге есірткі таратып отырған топ, өз еліндегі саясатпен де араласып, биліктегі ықпалды адамдарды бақылап отырған. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап дамыған Колумбия мафиясы "Медельин", "Кали" сынды есімдермен әлемге белгілі.
4. Қытай "Триадасы"
Триада (қытайша 三合會,) – Қытайдағы және қытай диаспорасындағы құпия қылмыстық ұйымның формасы. Барлық триадалардың өзіне тән наным-сенімдері мен салт-жоралғылары болған. Мысалы, 3 санының тылсым күшіне сену және де дәл осы наным олардың есіміне байланысты. Тыныш уақытта бұндай ұйымдардың көпшілігі бауырлық жәрдем көрсету үшін жұмыс істеген, алайда біразының қылмыстық істерге қатысы болған.
Триада үлгісі бойынша ең алғашында Цин әулетінен шыққан маньчжурлық императорға қарсы құпия партизан жасағы құрылған болатын. Деректер бойынша, триадалар Тайвань аралында пайда болған. Олар Мин әулетінің жағында болған кезде, маньчжурлардан жеңіліп, тек тірі қалғандары ғана аралға көшкен.
Триадалардың күшейген уақыты 1850-1864 жылғы Тайпинь көтерілісімен сәйкес келеді. Құпия ұйым Қытайды батыстың және христиандардың әсерінен құтқару үшін Ихэтуаньдық көтерілісті бастаған. Келесі жылдары өзге де жасырын бірлестіктер қытайдың мемлекеттік қайраткері Сунь Ятсенуға жәрдемдесті, себебі ол бұрынғы империялық биліктің көзін жойып, республика құрғысы келді.
1949 жылы билікке келген коммунистер құпия бірлестіктерді жою керек деп алдарына мақсат қойды. Өзге елдерге келетін болсақ, триадалар Қытай иммиграциясының ажырамас досы болды. Триадалар әрекеті ғаламдық сипат алды, бірақ олар көбінесе Азияда белсенді еді. Бұл қылмыстық топтардың мүшелерінің басымдылығы – этникалық қытайлар.