Альпинист 8 жыл бұрын Альпі тауынан тапқан әшекей бұйымдарын алды

Француз билігі зергерлік бұйымдардың жартысын 2013 жылы Альпі тауынан тауып алған альпинистке берді. Бұл туралы Quartz жазды. 

2013 жылы альпинист (аты аталмаған) Альпі тауынан асыл тастар салынған жәшік тауып алған. Қазына 50 жыл бұрын Альпі тауының ең биік нүктесі Монбланда құлаған үнділік ұшақтың бортында болған.

Альпинист құны 300 мың еуро (шамамен 148 миллион теңге) тұратын изумруд, жақұт және лағылдар тастарды тікелей полицияға апарып, зергерлік бұйым иесінің туыстары бар-жоғын әлі  осы уақытқа дейін күткен.

Сегіз жылдан кейін Монблан орналасқан Шамони коммунасының билігі заң бойынша зергерлік бұйымдардың жартысын альпинистке берді. Асыл тастардың жартысы 150 мың еуро (шамамен 74 миллион теңге) тұрады.

"Осы аптада тастар әрқайсысы шамамен 150 000 еуро тұратын екі тең лотқа бөлінді", - деді Шамони мэрі Эрик Фурниер. 

Ол альпинистті заң бойынша әрекет еткен ісі үшін алғыс білдірді.

Өткен ғасырда Монбланда екі үнді лайнерінің апатқа ұшыраған. 1950 жылғы апатта 48 адам, 1966 жылғы апатта 117 адам қаза тапты.

Француз билігі зергерлік бұйымдар Нью-Йоркке ұшқан екінші лайнерде жолаушымен бірге тасымалданған деп болжайды.